Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында 4,5 миллиард теңгелік жолдың асфальты үгітіліп, көпірдің темірі ажырап жатыр

асфальт
Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысында құны 4,5 миллиард теңге болатын айналма жолдың сапасына қатысты дау туды. Ұзындығы жеті шақырымдық жолдың асфальты үгітіліп, көпірдің бекіткіш темірлері ажырай бастаған. Жүргізушілер күзде жауған жаңбыр мен көктемде еріген қар суы жолды шайып, одан әрі бүлдіре ме деп алаңдайды. Ал “Қазавтожол” ақауларды мердігер компания өз есебінен реттеп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Айналма жолдың сапасына жүргізушілер наразы

Жетісу облысындағы Сарыөзек кентін айналып өтетін жеті шақырымдық жол Жаркент арқылы Қытайға бағыт алады. Республикалық маңызы бар бұл аумақ жеңіл көліктермен қатар, ауыр жүк машиналары қатынайтын бағыттардың бірі. Оның дәл осы ахуалы жүргізушілердің алаңдатып отыр. 

Жүргізушілердің айтуынша, жолдың кей тұстарының асфальты бүлініп, жабын үгітіле бастаған. Олардың пікірінше, осыншама қаражат жұмсалған нысанның сапасы көңіл көншітпейді. Әсіресе, алдағы күзгі жауын-шашын мен көктемгі еріген судың салдары алаңдатады. Өйткені су жолдың астын шайып, жабынның одан әрі бұзылуына әкелуі мүмкін.

Мәселе тек асфальтпен шектелмейді. Оның көпірдің темір бөлшегін қолмен-ақ суырып алуға болады. Бұл жағдай жүргізушілердің алаңдаушылығын күшейткен. Олар көпірдің қауіпсіздігіне тиісті баға берілуі керек деп есептейді.

“Қазавтожол” қандай түсініктеме берді?

“Қазавтожол” ұлттық компаниясының Жетісу облыстық филиалы көпір құрылысындағы кемшіліктер тексеру барысында анықталғанын хабарлады. Компания мәліметінше, мердігер ұйымға ақауларды реттеу жөнінде талап қойылып, техникалық қадағалау қызметіне тиісті нұсқама берілген.

“Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйымға шағым хат жолданып, техникалық қадағалау қызметіне тиісті нұсқама берілді. Барлық ескерту толық реттеліп, жобалық құжаттамаға сай екені расталған соң ғана нысанды түпкілікті қабылдау және есеп айырысу заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады”, – деді “Қазавтожол” ҰК Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Қалтаев.

Құны 4,5 миллиард теңге болатын жобаға жеті шақырымдық айналма жол салумен қатар, жарықтандыру жүйесін орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары да кіреді.

Жауапты мекеменің мәліметінше, анықталған кемшіліктер толық жойылмағандықтан, нысан әлі ресми түрде пайдалануға қабылданбаған. Соған қарамастан, жол бойында көлік қозғалысына тыйым салатын белгі жоқ. Нәтижесінде, айналма жолмен жеңіл көліктер де, ауыр жүк машиналары да жүріп жатыр.

Осылайша, 4,5 миллиард теңгеге салынған жолдың сапасына қатысты сұрақтар әлі ашық күйінде қалып отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Сауранбаев ауыл жолдарына неге барлық жерде асфальт төселмейтінін түсіндірген еді. Оның айтуынша, халық саны аз елді мекендердің бәріне бірдей асфальт салу бюджетке тиімсіз. Сондықтан бөлінген қаражатқа бір ауылға асфальт төсегенше, бірнеше ауылға қиыршық тас жол салу тиімдірек. Министр бұл тәсіл уақытша шешім екенін, қаржы мүмкіндік берген жағдайда мұндай жолдарға кейін асфальт төселетінін атап өтті.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 08:17