Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы жинағын 50 жастан бастап алуға болады: Кімдерге рұқсат етілген

Зейнетақы
Фото: gov.kz

Қазақстандықтар зейнетке шыққанда мемлекеттік зейнетақымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтары есебінен де төлем ала алады. Кейбір азаматтарға мұндай төлемді 50 немесе 55 жастан бастап алу мүмкіндігі қарастырылған. Ал ай сайынғы төлем мөлшері жинақ сомасына, жарна түріне және заңда белгіленген талаптарға байланысты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды. 

 

БЖЗҚ-дан кімдер төлем ала алады?

БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем алу құқығы азаматтың жасына, зейнетақы жарналарының түріне және заңда белгіленген талаптарға байланысты.

  • Зейнет жасына жеткен азаматтар. Әйелдер 61 жастан, ер адамдар 63 жастан бастап міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлем ала алады.
  • Зиянды өндірісте жұмыс істегендер. 55 жасқа толған, зиянды еңбек жағдайында кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған және заңда белгіленген өзге талаптарға сай азаматтар төлем алуға құқылы.
  • I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар. Мүгедектігі мерзімсіз белгіленген азаматтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлем ала алады.
  • Ерікті зейнетақы жарналарын аударғандар. Олар заңда көзделген талаптарды орындаған жағдайда 50 жастан бастап жинақтары есебінен төлем алуға құқылы.

Алайда 50 немесе 55 жасқа толудың өзі барлық азаматқа БЖЗҚ-дағы жинағын алуға мүмкіндік бермейді. Төлем алу тәртібі адамның қандай жарна аударғанына және заңда белгіленген шарттарға байланысты.

БЖЗҚ-дан ай сайын қанша ақша төленеді?

БЖЗҚ-дан төленетін алғашқы жылғы ай сайынғы төлемді есептеу үшін зейнетақы жинағының сомасы 6,5%-ға көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы төлем мөлшері 5%-ға ұлғайтылады. Мысалы, осы формула бойынша есептегенде, жинақ сомасына қарай ай сайынғы төлем мынадай болады:

Кесте
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Кестедегі сомалар — формула бойынша есептелген мысалдар, БЖЗҚ белгілеген нақты төлем мөлшері емес. Нақты төлем заңда көзделген ең төменгі мөлшер мен өзге де талаптарға байланысты өзгеруі мүмкін.

Мысалы, БЖЗҚ-дағы жинақ көлеміне қарай алғашқы жылғы ай сайынғы төлем мөлшері әртүрлі болады. Егер азаматтың зейнетақы шотында 1 миллион теңге болса, формула бойынша ай сайын шамамен 5 417 теңге төленеді. Жинағы 3 миллион теңгені құраса, айлық төлем 16 250 теңгеге, ал 5 миллион теңге жинаған жағдайда 27 083 теңгеге жетеді. Ал зейнетақы шотында 10 миллион теңге болса, алғашқы жылғы ай сайынғы төлем шамамен 54 167 теңгені құрайды. Бұл сомалар жинақ көлемін 6,5%-ға көбейтіп, нәтижесін 12-ге бөлу арқылы есептелген. Кейінгі жылдары төлем мөлшері жыл сайын 5%-ға ұлғаяды.

2026 жылы БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең, яғни 35 596 теңгені құрайды. Алайда заңда көрсетілген кейбір санаттағы азаматтарға бұл талап қолданылмайды.

Кейбір азаматтарға төлем мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері де қарастырылған. Олардың қатарында мерзімсіз I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар және заңда белгіленген талаптарға сай келетін зиянды өндіріс қызметкерлері бар.

БЖЗҚ-дағы жинақ қашан таусылады?

БЖЗҚ-дан белгіленген кесте бойынша төлемдер жеке зейнетақы шотындағы қаражат таусылғанға дейін жүргізіледі. Сондықтан төлемнің қанша уақытқа жететіні жинақ сомасына және төлем мөлшеріне байланысты.

Егер ерікті зейнетақы жарналары есебіндегі жинақ мөлшері 2026 жылы 828 588 теңгеден аспаса, қаражат біржолғы тәртіппен төленуі мүмкін. Бұл сома ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшеріне тең. Алайда бұл тәртіпті міндетті зейнетақы жарналары есебіндегі барлық жинаққа бірдей қолдануға болмайды.Сондықтан зейнетке шығар алдында БЖЗҚ-дағы жинақ көлемін тексеріп, болашақ төлем мөлшерін алдын ала есептеген жөн.

Зейнетақы төлемін қалай рәсімдеуге болады?

  • Жасына байланысты зейнетақыны және міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ төлемдерін рәсімдеу үшін азамат тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Өтінішті зейнет жасына толуға 10 күн қалғанда беруге болады.
  • Ал ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлем алу үшін БЖЗҚ-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы өтініш беруге, сондай-ақ қор бөлімшесіне баруға болады.
  • Мүгедектікке байланысты төлемдерді рәсімдеу үшін де БЖЗҚ-ға жүгінуге немесе қордың электронды сервистерін пайдалануға болады.

Маңызды: БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық және ынтымақты зейнетақымен бірдей емес. Олардың есептелу тәртібі бөлек, ал БЖЗҚ төлемінің мөлшері азаматтың жеке шотындағы жинаққа байланысты.

Мемлекеттік зейнетақы мен БЖЗҚ төлемдерінің айырмашылығы қандай?

Мемлекеттік зейнетақы мен БЖЗҚ-дан төленетін қаражаттың есептелу тәртібі әртүрлі. Мемлекеттік базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады, ал ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.

Ал БЖЗҚ-дан төленетін ақша азаматтың жеке шотындағы зейнетақы жинағына байланысты. Бұл қаражат міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасады. Сондықтан жинағы көп азаматтың ай сайынғы төлемі де жоғары болуы мүмкін. Зейнет жасына жеткен азамат заңда белгіленген талаптарға сай болса, мемлекеттік зейнетақымен қатар БЖЗҚ-дан да төлем ала алады.

Зейнетақы жинағын қалай тексеруге болады?

Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинағының көлемін БЖЗҚ-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы тексере алады. Ол үшін жеке кабинетке кіріп, жеке зейнетақы шотындағы қаражат пен аударылған жарналар туралы мәліметті қарау қажет. Жинақ туралы ақпаратты электронды үкімет порталы арқылы да алуға болады. Бұл мәліметтер болашақ зейнетақы төлемінің мөлшерін алдын ала бағалауға және жеке қаржыны жоспарлауға көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға қарай зейнетақы активтерінің 20–30%-ын отандық жеке басқарушы компаниялардың қарамағына беру жоспарланып отырғаны туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 10:47