Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір сағат сөйлесіп, 30 мың теңгемді алды": Алматы тұрғыны сауда орталығындағы әйелден сақ болуға шақырды

әйел алаяқ ақша
Фото: pexels.com

Алматылық әйел ойын-сауық орталығында жүріп, белгісіз адамға ақша аударған. Ол өзін биоэнергет деп таныстырып, ешқандай қызмет көрсетпесе де әйелден 30 мың теңгесін алып қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушысы Алматының Mega ойын-сауық орталығында жүріп, алаяқтық құрбаны болғанын айтты.

“Алматыдағы Mega сауда орталығында бейтаныс адамға 30 мың теңгені жай ғана аударып жібердім. Қызыл далап жағып, биоэнергетик екенін растайтын куәлігін көрсетіп, мені арбап алды. Ол мені Lime дүкенінен кофеханаға ертіп апарды. Содан бір сағат бойы "тектік түйін", бұрынғы және болашақ қарым-қатынастарым, көлік жуатын жер мен 10 саны, қызыл іш киім туралы бір нәрселерді айтты”, – деп жазды автор.

Автор осындай тақырыптарға қызығатындықтан бейтаныс әйелдің өзіне сеніп, 30 мың теңге аудырып жіберген. Ол тек “3 миллион теңгеге қорғаныс қойып беремін” деген сөзінен кейін ғана әйелдің өзін алдап отырғанын түсінген.

Ол ойын-сауық орталығында мұндай жағдайға тап болмас үшін құлаққапты шешпеуге кеңес берді.

Жазба авторы бейтаныс адам деп сипаттаған тұлғаны басқа желі қолданушылары таныған. 

“Мені де Mega-да дәл осылай алдап кетті. Құлаққаппен келе жатқанмын, ол артымнан жүгіріп келді. Құлаққапты шешуге тура келді. Содан ол менің энергиям өзіне әсер еткенін, сондықтан жанымнан жай ғана өтіп кете алмағанын және маған көмектескісі келетінін айтты. Ол да дәл солай тектік түйін, көлік жуу орны, 10 саны мен қызыл іш киім туралы айтты. Бәрі айна-қатесіз қайталанды. Содан кейін мені Starbucks-қа ертіп апарды. Дәл сіздікіндей алдап, 30 мың теңгеның алып кетті. Есімі — Эльмира. Сіздің жазбаңызды оқығанға дейін оның сөзіне әлі де сеніп жүрген едім”, – деп жазды желі қолданушысы.

“Есімі Эльмира емес пе? Алдыңғы күні Mega Park-та да бір әйел жаныма келіп, артымнан қуып жетті. “Қызым, сенің бойыңда тектік түйін бар, оны 40 мың теңгеге алып тастай аламын" деді. Мені әбден көндіруге тырысты. Мен мұндайға сенбеймін”, – дейді әйел.

“Есімі Эльмира емес пе? Осыдан үш жылдай бұрын Алматыдағы бизнес-орталықта да осыған адамға ұқсас бір әйел маған жолыққан еді. Қызыл далап жағып алған, өзін биоэнергетик деп таныстырып, сол сияқты бірдеңелерді айтқан”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары. 

Осы тұста редакция Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы ұсынған жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, тегін онлайн құқықтық көмек қызметіне жүгінді.

Заңгерлік кеңес беру қызметіне болған жағдайды баяндап жаздық. Ол бұл оқиғаны Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі “Алаяқтық” деп көрсетті. 

Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау не сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкіне құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, мынадай жазалардың бірімен жазаланады:

  • 1 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу;
  • Сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту;
  • Екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу;
  • Екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

 

Жәбірленушілер қалай қорғана алады?

Алғашқы 24 сағатта жасалатын әрекеттер:

1. Ақша аударылғанын растайтын барлық дәлелді сақтау керек. Оларға түбіртектер, банк көшірмелері және хат алмасулар жатады.
2. Оқиға болған жердегі полицияға арыз беру қажет.
3. Күдіктінің кім екенін анықтауға көмектесетін мәліметтерді жинау керек. Мысалы, фото, бейнежазба, сыртқы келбетінің сипаттамасы және куәгерлердің деректері.

Автор ақшасын қайтару үшін оқиғаның мән-жайын құжаттау керек. Ақшаның қалай берілгенін және күдіктімен қандай әңгіме болғанын растайтын барлық дәлелді жинау қажет. Сондай-ақ әйелдің шын мәнінде қызмет көрсетпегенін және оның мақсаты тек ақша алу болғанын растайтын дәлелдерді жинау керек.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға, ақшасын бейтаныс адамдарға бермеуге және осындай жағдайлар туралы дереу полицияға хабарлауға шақырды. 

Бұған дейін қостанайлық ер адам алаяқтардың кесірінен 1 миллион теңгесін бөтен адамға аударып жібергенін жазған едік. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол жәбірленуші деп танылған. Кейін азамат ақшасын қайтару үшін сотқа жүгінген. Сот барысында тараптар судьяның көмегімен келісімге келді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 19:06