Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда нан мен жолақыға берілетін субсидияны тоқтату ұсынылды

автобуста жолаушылар
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда азаматтардың кейбір санаттары үшін нан мен жолақыға берілетін субсидияны толық тоқтату ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lsm.kz басылымына сілеме жасап хабарлайды. 

Сарапшы Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, қазақстандықтардың мұқтаждық деңгейін анықтаудың жаңа өлшемшарттары дұрыс емес. Оның сөзінше халықты топтарға бөлу әділетсіз және көмекке мұқтаж адамдарға бағытталуы керек.

"Бұл мәселеге өте мұқият қарау керек деп есептеймін. Мысалы, елімізде әлеуметтік нан мен қоғамдық көлік жолақысы субсидияланады. Менің ойымша, мұндай жағдайда көмекті нақты мұқтаж адамға бағыттаған дұрыс. Яғни нанды барлығына бірдей арзандатпай, оның бағасын нарықтық деңгейге жеткізу керек. Ал көмекке мұқтаж адамдарға нанды тегін беру қажет. Қоғамдық көлікке қатысты да осы тәсілді қолдануға болады. Яғни жолақының толық құнын емес, оның белгілі бір бөлігін ғана субсидиялау керек. Сонда көмекке мұқтаж адамдар бұл қызметті толығымен тегін пайдалана алады, ал қалғандары нарықтық бағамен төлейді", – деп ұсынды сарапшы.

Сарапшы адамдардың кейбір тобына нан тегін берілу керегін алға тартты.

Оның айтуынша, мемлекет кейбір тауарлар мен қызметтерді тым көп субсидиялайтындықтан, адамдар олардың нақты құнын білмейді.

"Ал адамдардың өз жинаған қаражатына қатысты төлемдер туралы айтатын болсақ, мұнда әлеуметтік әділеттілік сақталуы керек деп ойлаймын. Біз жылдар бойы бекер жұмыс істеп, ақшаны жайдан-жай жинап жүрген жоқпыз ғой. Онда мұның мәні неде? Сонда белгілі бір жетістікке жетіп, табыс деңгейің белгілі бір межеден асса, мемлекет үшін маңызың төмендей ме?" – деп жалғастырды Айтуар Қошмамбетов.

Сондай-ақ сарапшы азаматтардың белгілі бір санатқа жататыны туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді болса, бұл көптеген сұрақтың туындауына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай деректермен жұмыс істеу кезінде сақтық таныту қажет.

Еске салсақ, осыған дейін 2027 жылдан бастап қазақстандықтардың бір бөлігі әлеуметтік төлемдерден айырылатынын жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 18:34