Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әйелдерге берілетін декреттік төлемдердің қайсысы сақталады

декрет
Фото: pexels.com

Қазақстанда 2027 жылы 1 қаңтардан бастап бала туған отбасыларға берілетін кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Енді төлем алу кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Алайда ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар төлеген әйелдердің сақтандыру жүйесі арқылы алатын декреттік төлемдері бұрынғы тәртіппен беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны депутат Ләззат Қожахмет мәлімдеді. Оның айтуынша, бала туғанға дейін жұмыс істеп, әлеуметтік аударым төлеген әйелдер бала бір жарым жасқа толғанға дейін тиісті төлемдерді ала береді. Отбасының әл-ауқат санаты бұл құқыққа әсер етпейді.

“Жұмыс істеп, ай сайын әлеуметтік аударымдарды төлеп келдіңіз. Демек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры балаңыз бір жарым жасқа толғанға дейін бұрынғы табысыңыздың 40%-ы мөлшерінде төлем жасауды жалғастырады. Сондықтан 1 қаңтардан кейін босанатын А және В санатындағы әйелдер де декреттік төлемдерін ала береді”, – деді Ләззат Қожахмет.

Ал 2027 жылы 1 қаңтардан бастап бала туғанға дейін жұмыс істемей, үй шаруасымен айналысқан әйелдерге төлем тағайындау кезінде отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

Депутаттың айтуынша, егер отбасы мемлекеттік қолдауға мұқтаж болса, әйел бала күтіміне байланысты төлем ала алады. Ал отбасының табысы жеткілікті, әйел еңбекке қабілетті және денсаулығына байланысты жұмыс істеуге кедергісі болмаса, А және В санатындағы отбасыларға жататын әйелдер бұл төлемді ала алмайды.

Ләззат Қожахметтің мәліметінше, қазір Қазақстанда А және В санатындағы шамамен 11 мың әйел бала күтіміне байланысты төлем алып отыр. Депутат бұл көрсеткішті елдегі жыл сайынғы туу санымен салыстырды. Қазақстанда жылына шамамен 200–300 мың бала дүниеге келеді.

Ол алдағы өзгерістерге байланысты жұмыс істейтін әйелдерді алаңдамауға шақырды. Егер әйел ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар төлесе және бала босанса, заңда көзделген төлемдерді алу құқығы сақталады.

Жұмыс істейтін әйелдер қандай төлемдер алады?

Қазақстанда жұрт “декреттік ақша” деп атайтын төлемдер бірнеше түрге бөлінеді. Олардың бірі – жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем, екіншісі – бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлем. Оған қоса, бала туған кезде мемлекеттік бюджеттен біржолғы жәрдемақы төленеді.

1. Жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем

Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, яғни табысынан әлеуметтік аударымдар жасалған әйелдерге беріледі. Оның мөлшері декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табысқа байланысты есептеледі. Сонымен қатар төлем сомасына еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күн саны әсер етеді.

Мысалы, әйелдің әлеуметтік аударымдар есептелген орташа айлық табысы 200 мың теңге болсын. Егер жүктілік пен босануға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, есептеу коэффициенті 4,2 болады.

Орташа айлық табысты 4,2 коэффициентіне көбейткенде, 840 мың теңге шығады.

Осы сомадан міндетті зейнетақы жарналары ретінде 10%, яғни 84 мың теңге ұсталады.

Нәтижесінде әйелдің банк шотына шамамен 756 мың теңге түседі.

Бұл – түсіндіру үшін алынған мысал. Нақты төлем әйелдің есепке алынатын табысына, еңбекке жарамсыздық парағындағы күн санына және заңда белгіленген шектеулерге байланысты өзгереді. 

2. Бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы әлеуметтік төлем

Бұл төлем де әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын әйелдерге беріледі. Оның мөлшері декретке шыққанға дейінгі соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударым есептелген орташа айлық табыстың 40%-ы негізінде есептеледі. Төлемнен міндетті зейнетақы жарналары ұсталады. 

Мысалы, әйелдің соңғы екі жылдағы есепке алынатын орташа айлық табысы 200 мың теңге болса:

  • 200 000 × 40% = 80 000 теңге;
  • 80 000 теңгенің 10 пайызы, яғни 8 мың теңге зейнетақы жарнасына ұсталады;
  • әйелдің қолына ай сайын 72 мың теңге түседі.

Демек, мұндай жағдайда бала бір жарым жасқа толғанға дейін әйелге ай сайын 72 мың теңге төленеді. Нақты сома есепке алынатын табыс пен заңда белгіленген шектеулерге байланысты болады.

2027 жылдан бастап қандай төлемдерге шектеу қойылуы мүмкін?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, келер жылы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде отбасының әл-ауқаты ескеріледі. Отбасы бес санаттың біріне жатқызылады. А және В санаттары материалдық жағдайы жоғары отбасыларды білдіреді. 

Жаңа тәртіп аясында А және В санатындағы отбасыларға кейбір мемлекеттік жәрдемақылар берілмеуі мүмкін. Олардың қатарында:

  • бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын адамдарға берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
  • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • “Алтын алқа”, “Күміс алқа” және өзге де тиісті мемлекеттік наградалармен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы.

Бұл төлемдер мемлекеттік бюджеттен тағайындалады. Сондықтан оларды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін сақтандыру төлемдерімен шатастырмаған жөн.

 

Бала туған кезде берілетін жәрдемақы қанша?

2026 жылы бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері мынадай:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаға – 272 475 теңге.

Бұл – бала туған кезде мемлекеттік бюджеттен берілетін төлем. Ол жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік сақтандыру төлемінен бөлек есептеледі. 

Алайда 2027 жылдан бастап отбасының әл-ауқатына қарай жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді. Сол себепті А және В санатындағы отбасылар үшін осы төлемге қатысты жаңа талаптар ескерілуі мүмкін.

Жұмыс істемейтін аналар қанша алады?

Ресми жұмыс істемеген және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын адамдарға бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2026 жылы мөлшері бала санына қарай белгіленген:

  • бірінші балаға – 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 29 453 теңге;
  • үшінші балаға – 33 951 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаға – 38 493 теңге.

Бұл сомалар ай сайын бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді.

2027 жылдан бастап мұндай жәрдемақыны тағайындағанда отбасының әлеуметтік жағдайы да ескерілуі мүмкін. Депутат Ләззат Қожахметтің айтуынша, егер отбасы мемлекеттік қолдауға мұқтаж болса, әйел бала күтіміне байланысты төлем ала алады.

Ал отбасының табысы жеткілікті, әйел еңбекке қабілетті әрі денсаулығына байланысты жұмыс істеуге кедергісі болмаса, А және В санатындағы отбасыларға жататын әйелдер бұл төлемнен қағылуы мүмкін.

Көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы

2026 жылы төрт және одан көп баласы бар отбасыларға төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты:

  • төрт балаға – 69 330 теңге;
  • бес балаға – 86 673 теңге;
  • алты балаға – 104 017 теңге;
  • жеті балаға – 121 360 теңге;
  • сегіз және одан көп балаға – әр балаға 17 300 теңгеден есептеледі.

Ал мемлекеттік награда алған көпбалалы аналарға ай сайын:

  • “Күміс алқа” иегерлеріне – 27 680 теңге;
  • “Алтын алқа” иегерлеріне – 32 005 теңге төленеді. 

2027 жылдан бастап осы мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауда да отбасының әл-ауқаты ескерілуі мүмкін. Бұл ретте нақты талаптар мен төлемді тағайындау тәртібі тиісті заңнамаға сәйкес анықталады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда декреттік төлемдер енді жаңа тәртіппен тағайындалатыны туралы жазған едік. Жаңа тәртіп бойынша табысын қолма-қол алатын азаматтар оны кассалық чектер немесе арнайы мобильді қосымшадағы мәліметтер арқылы растауы керек. Сонымен қатар әлеуметтік салықтың төленгені мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының аударылғаны да ескеріледі. Ал табыс көлемі өзгерсе, оның дұрыс екені салық декларациясындағы деректермен салыстыру арқылы тексеріледі.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 16:55