Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев жер қойнауындағы табиғи байлықтың кімге тиесілі екенін айтты

Тоқаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жер қойнауындағы табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл туралы Абай облысында салынатын Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсімінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент телекөпір арқылы жаңа зауыттың құрылысын бастау рәсіміне қатысып, кәсіпорынның ел экономикасы үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан табиғи байлыққа ие мемлекет ретінде жер қойнауындағы ресурстарды тиімді пайдаланып, одан халықтың игілігіне жарайтын өнім өндіруге тиіс.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында тау-кен металлургиясын дамытуға қатысты нақты міндеттер қойғанын еске салды. Ол жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі деп бағалады.

"Тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады. Баршаңызға мәлім, бүгінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басты. Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазір елімізде 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Жыл сайын шамамен 160 миллион тонна кен өндіріліп, 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады. Мемлекет басшысы осындай табиғи байлықты ел ішінде өңдеудің маңызына назар аударды.

телемост
Фото: Ақорда

Жаңа Ақтоғай зауыты жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге қауқарлы болады деп жоспарланып отыр. Президенттің сөзінше, бұл Қазақстанның ішкі нарығындағы сұранысты толық қамтамасыз етуге жетеді. Сонымен қатар кәсіпорында алтын мен күкірт қышқылы да өндірілмек.

"Жалпы, еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы деп айтуға болады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Бүгін де бәріміз тағы бір өндірістің басталуына куә болып отырмыз. Бұл – ел экономикасына серпін беретін маңызды оқиға. Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Бұдан бөлек, аталған кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек. Бір сөзбен, бұл ауқымды жоба отандық металлургия саласының дамуына қомақты үлес қосатыны сөзсіз", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев зауыттың құрылысымен қатар, онда жұмыс істейтін адамдардың жағдайына да ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. Президент кәсіпорын басшылығына жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуді тапсырды. Ал Үкімет пен жергілікті әкімдік еңбек ұжымдарымен тұрақты байланыста болуы керек.

"Әсіресе, жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. "Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" басты мәні де – осы. Үкімет, жергілікті билік өкілдері еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл жұмыс "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуге тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

Президент өндірісте жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданудың да маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай технологиялар жұмысты жылдамдатумен қатар, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.

"Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн. Ең алдымен құрылыс жұмысын сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтау қажет. Осы бірегей жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатқан барша азаматқа, қытайлық серіктестерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ақтоғай мыс өңдеу кешені Қазақстанның өнеркәсіптегі әлеуетін арттыра түсуге зор үлес қосады деп сенемін", – деп түйіндеді сөзін Президент.

Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысына шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады. Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырып жатыр. Ал инженерлік серіктесі – Қытайдың NFC компаниясы.

Ақтоғай
Фото: Ақорда

Жаңа кәсіпорында мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Зауытта кенді өндіруден бастап, оны байыту және дайын металл шығаруға дейінгі жұмыстар жүргізіледі. Алғашқы дайын мыс өнімін 2030 жылы алу көзделіп отыр.

Кәсіпорында мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылмақ.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 18:05