Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұмның бөлмесіне дән шашып, айнаны неге жабады? Қазақтың жерлеу рәсімдеріндегі ырымдардың мәні қандай

Фото: Коллаж: ритуальные-услуги.рф

Әлеуметтік желіде марқұм жатқан бөлмеге күріш шашу, белге ақ мата байлау секілді қазақтың жерлеу рәсімдері қызу талқыланып жатыр. Бір келін күріш шашылған еденді тазалап қойғаны үшін енесінен ауыр сөз естігенін айтса, енді бірі оңтүстік өңірлерде жақындардың беліне ақ мата байлау дәстүрінің мәнін түсінбейтінін жазған. Бұл ғұрыптар қайдан шыққан? Олар қазақ тарихынан тамыр тарта ма, әлде көршілес елдерден енген салт-сана ма? Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.

 

Марқұмның бөлмесіне күріш шашу

Әлеуметтік желі қолданушысының  жазған жазбасынан кейін қазақтың жерлеу рәсімдеріне қатысты талқылау күшейді. Ол қайын атасы қайтыс болғаннан кейін енесінің марқұм жатқан бөлмеге күріш шашып қойғанын, мұның мәнін түсінбей еденді жуып, сыпырып тастағанын жазған. Алайда енесі мұны жаман ырымға балап, келінге ренжіген.

"Менің келін боп түскеніме бір жыл да толмай жатып, қайын атам қайтыс болды. Қайын атам жас кетті. 50-ден енді асқан еді. Әрине, бұл жағдай менің де шымбайыма батты. Түркістан облысына Қарағанды өңірінен келін боп түстім. Кісі қарасы азайған соң енем атам жатқан бөлмеге күріш сеуіп қойған екен. Бір айдан астам уақыт тұрған соң еденді шаң басып кеткен еді. Түк те түсінбей, еденді жуып, сыпырып қойып едім. Енем: “Осы үйде тағы да өлім болғанын қалайсың ба? Неге тазаладың? Ниетің нашар!” деп, жанымды ала жаздады. Қатты қорықтым. Бір жамандығым тиіп кетті екен деп ойладым", – деп жазған ол.

Бұл жазбаға ұқсас пікірлер де әлеуметтік желіде кездеседі. Мәселен, тағы бір қолданушы оңтүстік өңірлерде марқұмның жақындары беліне ақ мата байлап алатынын түсінбейтінін айтқан. 

"Әрине, кісі қаза болған үйді сөгу әбестік болар. Десе де, жақындарының белге ақ байлап алуы өзбектерден енген деп ойлаймын. Қазақта кісі өлген үйде басына тақия киеді. Оңтүстіктен енген тағы бір дәстүр бар: кісі қаза тапқан соң жетісі, қырқы, елу бір күндігі және жүз күндігін береді. Қазақта елу бір, жүз күндік деген болмаған ғой. Босқа ысырапшылдық дінмен де тыйым салынады.Әйтеуір жоқ жерден дәстүр шығарып алады", – деді ашынған желі қолданушысы.

Марқұмның бөлмесіне дән шашу: Несібені алып кетпесін деген сенім бе?

Қазақтың кей өңірлерінде адам қайтыс болғанда мәйіттің аяқ жағына немесе астына топырақ төсеп, оның айналасына бидай, күріш, тары секілді дәнді дақылдар шашқан. Археолог-этнограф Жанболат Қазанбаевтың айтуынша, мұндай ғұрып Батыс Қазақстан мен Қызылорда өңірлерінде кездескенімен, қазір көптеген жерде қолданыстан шыққан.

"Дән шашу марқұмның өзімен бірге отбасының несібесін алып кетпесін деген халықтық түсінікпен байланысты. Мұнда дән күнделікті азық қана емес, байлықтың, берекенің және тіршіліктің символы ретінде қарастырылған. Батыс Қазақстан мен Қызылорда өңірлерінде мұндай дәстүр кездескен. Адам қайтыс болғанда аяқ жағына немесе мәйіттің астына топырақ төсеп, соның айналасына дән шашқан. Бір жерде бидай, екінші жерде тары, басқа өңірде күріш пайдаланылған. Яғни жергілікті халықтың тұрмысында қандай дақыл маңызды болса, көбіне соны қолданған", – дейді Жанболат Қазанбаев.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығының теолог маманы Алмаз Бөкеннің айтуынша, дән шашудың исламда арнайы бекітілген діни негізі жоқ.

"Марқұм қайтыс болғанда бөлмесіне дәнді дақыл сеуіп қою жөнінде Құранда да, сенімді хадистерде де нұсқау жоқ. Бұл – халық арасында қалыптасқан дәстүр. Оның мағынасы марқұмның несібесі бітті, ырысы аяқталды деген түсінікпен байланысты болуы мүмкін. Бірақ мұны шариғатта бекітілген амал деп айтуға болмайды. Сонымен бірге мұндай дәстүрді бірден харам деп кесіп айту да дұрыс емес. Мұнда адамның қандай сеніммен әрекет етіп отырғанына назар аудару керек. Егер дән шашпаса, марқұмға зиян келеді немесе оның рухына кесірі тиеді деп сенсе, мұндай түсініктің діни негізі жоқ. Ал дәстүрді орындаймыз деп азық-түлікті орынсыз шашу, ысырап ету де құпталмайды. Марқұмды құрметтеу дән шашумен өлшенбейді. Оған Құран бағыштау, дұға жасау, жақындарына көңіл айту, қайғырып отырған отбасын сабырға шақыру маңызды", – дейді теолог.

Малдың бас сүйегін қабір басына қою: көне ғұрыптың ізі ме?

Фото: abenov.online

Этнограф Жанболат Қазанбаевтың айтуынша, шығыс өңірлерінде марқұмға арнап сойылған малдың бас сүйегін қабірдің бас жағына қою ғұрпы кездескен. 

"Шығыс өңірлерінің жерлеу ғұрыптарында басқа аймақтардан ерекшеленетін тұстар бар. Мысалы, марқұмға арнап сойылған малдың бас сүйегін жерлегеннен кейін қабірдің бас жағына қойып кететін жағдайлар кездескен. Мен 1995 жылға дейін жерленген адамдардың қабірлерінің басынан осындай белгілерді көрдім. Кейбір қабірлердің маңында бірнеше жылқының бас сүйегі болған. Жетісі, жылы немесе асына сойылған малдың басын бұзбай пісіру, миын алу секілді әрекеттер де белгілі бір ғұрыптық тәртіппен атқарылған", – дейді археолог-этнограф.

Белге ақ мата байлау нені білдірген?

Жанболат Қазанбаевтың айтуынша, ақ түстің қазақ дүниетанымындағы орны ерекше. Алайда ақ матаны байлау ғұрпының нақты шығу тегін бір ғана түсінікпен байланыстыру қиын.

"Сырттан келген меймандарға белге ақ мата байлау марқұмның ет жақыны екенін білдірген. Мұндай белгі адамның қаралы отбасына қатысын көрсеткен. Кейбір өңірде белге байласа, басқа жерде қолға байлаған. Ақ түс қазақ дүниетанымында тазалық пен пәктіктің белгісі ретінде қабылданады. Жалпы, көне қоғамдарда адамның киімі мен оның түсі әлеуметтік мәртебесін, белгілі бір топқа жататынын білдіретін жағдайлар болған. Ақ пен қызыл түске қатысты символдық түсініктер де әртүрлі мәдениеттерде кездеседі", – дейді этнограф.

Ал теолог Алмаз Бөкен бұл ғұрыпты исламдағы міндетті рәсіммен шатастырмау керегін айтады.

"Қаралы үйде ақ мата байлау – дәстүрімізде бар ғұрыптардың бірі. Бірақ оны исламда арнайы бекітілген сүннет амал деп айтуға негіз жоқ. Егер адамдар мұны марқұмға жақындығын білдіретін немесе қайғыға ортақтасуды көрсететін белгі ретінде қолданса, оны халықтық дәстүр ретінде қарастыруға болады. Ал ақ мата байламаса, марқұмға зиян келеді немесе қандай да бір жамандық болады деп сену дұрыс емес. Дәстүрді құрметтеу керек, бірақ оны орындамаған адамды кінәлауға болмайды", – дейді теолог.

Ал бұл дәстүрдің астарын шымкенттік қария Қабен Омарұлы адам денсаулығымен байланыстырады.

"Жаназада қайғыдан қабырғасы қайысып жылаған жандардың бауыры зақымданбасын деп беліне орамал буған. Адам ұзақ өкініп жылағанда көз жасы таусылып, іштей егіле бастайды. Бұл ішкі ағзаларға үлкен салмақ түсіреді. Ал еңіреп, өкінішін сыртқа қайғымен шығарғанда, әсіресе бауыр мүшесі зардап шегеді екен. Сондықтан жаназада марқұмның ең жақын туыстарының белін орамалмен қатты таңып қою әдетке айналған", — дейді қария.

Мұның медициналық негізін жедел жәрдем дәрігері Серік Тұрғанбеков былай түсіндіреді:

"Адам қатты егіліп, өксіп жылағанда диафрагма мен іш пресінің бұлшықеттері ырғақты түрде қатты жиырылады. Осының салдарынан іш қуысындағы қысым кенеттен жоғарылап, диафрагма бауыр мен ішкі ағзаларға механикалық салмақ түсіреді. Ал белді бекем таңу іш қабырғасын ұстап, диафрагманың артық қозғалысын шектейді. Мұны медицинадағы бандаж кию немесе компрессиялық терапияның әсерімен салыстыруға болады", – дейді ол.

Айнаның бетін жаппаса, марқұмның жаны айнадан көрінеді деген түсінік қайдан шыққан?

Адам қайтыс болғаннан кейін үйдегі айналардың бетін жабу – кейбір отбасыларда әлі күнге дейін сақталған дәстүр. Халық арасында марқұмның жаны қырық күн бойы үйін айналып жүреді, айнадан өз бейнесін көріп, шошып қалуы мүмкін деген түсініктер де айтылады.

Археолог-этнограф Жанболат Қазанбаевтың пайымынша, айнаның бетін жабу ғұрпын тек ислам дінімен байланыстыруға болмайды. Ол бұл дәстүрдің астарында адамның өз бейнесіне, жан мен тәннің байланысына қатысты көне түсініктер жатуы мүмкін екенін айтады.

"Айнаның тарихы өте тереңде жатыр. Адамдар бастапқыда өз бейнесін судан көрген, кейін жылтыр тастарды пайдаланған. Неолит дәуірінде жылтыратылған тастардан жасалған айналар болғаны белгілі. Уақыт өте келе айна тек тұрмыстық бұйым емес, ғұрыптық мағынасы бар зат ретінде де қабылданған. Адамның бейнесі мен жаны арасында байланыс бар деген түсініктер түрлі халықтардың дүниетанымында кездеседі. Қазақ арасында да айна адамның ажарын алып қояды, оған ұзақ қараса, шошынуы немесе ауырып қалуы мүмкін деген сенімдер болған. Марқұм қайтыс болғаннан кейін айнаның бетін жабуды осындай көне түсініктердің жалғасы ретінде қарастыруға болады. Халық арасында өлген адамның жаны қырық күнге дейін үйін айналып жүреді, айнадан өз бейнесін көріп, шошып қалуы мүмкін деген ұғым бар", – дейді Жанболат Қазанбаев.

Сондай-ақ этнограф айна мен кісі қайтудың арасындағы байланыс сақ дәуірінен бері келе жатқанын айтады.

"Сақтарда айна ғұрыптық дәстүрге ие болғандықтан, кісі қайтқанда беліне байлап жүрген арнайы айнасын сындыратын болған. Оны күшпен емес, әуелі ыстық отқа салып, әбден ысығанда мұздай суға малған. Сонда айна морт сынады екен. Одан бөлек, айна өздігінен немесе мезгілсіз сынса, жаман хабар келе жатыр деп сенген. Осыған қарағанда бұл жерде бір байланыстың болғаны анық", – дейді этнограф.

Ал Алмаз Бөкеннің айтуынша, айнаның бетін жабу мен қырық күн шырақ жағудың исламда міндетті рәсім ретінде бекітілген негізі жоқ.

"Айнаның бетін жабу, қырық күн шырақ жағу жөнінде Құранда немесе сенімді хадистерде арнайы нұсқау жоқ. Сондықтан мұны исламның міндетті рәсімі ретінде көрсетуге болмайды. Бұл – халық арасында қалыптасқан салт-дәстүрлердің бірі. Марқұмның жаны қырық күн бойы екі дүниенің арасында жүреді немесе айнадан өзін көріп шошиды деген түсініктерді де исламдағы нақты діни қағида деп қабылдауға негіз жоқ.  Мұндай мәселелерде дәстүр мен діни үкімді ажырата білу керек. Бір салттың халық арасында ұзақ уақыт сақталуы оның міндетті діни амал екенін білдірмейді. Марқұмға қатысты діни рәсімдерді орындағанда шариғатта негізі бар амалдарға сүйенген дұрыс", – дейді теолог.

Қаралы үйде күйеубаланы жұмсау діни міндет пе?

Фото: yandex.kz

Қазақтың кейбір өңірлерінде үлкен кісі қайтыс болғанда күйеубалаға арнайы міндет жүктеліп, қаралы үйдің шаруаларын ұйымдастыру тапсырылған. Археолог-этнограф мұндай ғұрыпты Алматы облысынан кездестіргенін айтады.

"Қазақ қоғамында күйеу балаға деген құрметтің өзіндік орны бар. Жезде мен балдыз, нағашы мен жиен арасындағы қарым-қатынас та басқа туыстық байланыстардан ерекшеленеді. Кейбір жерлерде үлкен кісі қайтыс болғанда күйеубаланы жұмсап, қаралы үйдегі шаруаларды ұйымдастыруды тапсырады. Мен мұндай дәстүрді Алматы облысында кездестірдім. Кейбір жерде марқұмды жерлеуге алып бара жатқанда күйеубаланы үйде қалдырып, үй ішіндегі жұмыстарды атқаруды тапсырған. Жергілікті халық мұны Пайғамбарымыздың Әлиге деген құрметімен байланыстырып түсіндіретін жағдайлар да бар", – дейді Жанболат Қазанбаев.

Теолог Алмаз Бөкен күйеубаланың қаралы үйге көмектесуін игі іс деп бағалайды. Дегенмен оны белгілі бір рәсімді міндетті түрде атқаруға мәжбүрлеудің діни негізі жоқ екенін айтады.

"Қазақ қоғамында күйеубалаға белгілі бір міндеттер жүктеліп жатады. Егер ол өз еркімен көмектесіп, қаралы үйдің шаруасына араласып, марқұмның жақындарына қолдау көрсетсе, бұл – жақсы іс. Бірақ оның қалауынсыз міндеттеу, көмектеспесе кінәлау немесе мұны діни парыз ретінде көрсету дұрыс емес. Мәйітті жуу, жаназасын шығару және жерлеуге қатысты рәсімдердің исламда өз тәртібі бар. Мұндай міндеттерді күйеубалаға ғана жүктейді деген талап жоқ. Сондықтан туыстық дәстүрден туындаған міндеттерді шариғаттағы парыздармен шатастырмаған жөн. Белгілі бір салтты міндетті талапқа айналдырып, адамға орынсыз ауыртпалық түсіруге болмайды", – дейді теолог.

Қара киім кию мен қара орамал тағу ислам талабы ма?

Қазақ қоғамында қара киім кию, қара орамал тағу және қаралы үйге қара мата ілу аза тұтудың белгісі ретінде қалыптасқан. Бірақ бұл дәстүрлердің бәрін исламдағы міндетті талап деп қабылдау дұрыс емес.

Алмаз Бөкеннің айтуынша, мұсылман адам міндетті түрде қара киім киюі керек деген арнайы талап жоқ.

"Қазақ дәстүрінде қара орамал тағу, қара киім кию арқылы қайғыны білдіру кездеседі. Бірақ исламда міндетті түрде қара киіну керек немесе үйге қара мата ілу қажет деген талап жоқ. Сонымен қатар мұндай дәстүрлерді бірден дінге қайшы деп те айтуға болмайды. Олар халықтың мәдениеті мен қалыптасқан әдетіне байланысты болуы мүмкін. Ең бастысы – адамның киімінің түсіне қарап, оның қайғысын бағаламау. Біреу қара киім киеді, енді біреу басқа түсті киім киюі мүмкін. Мұны діни міндетпен теңестіруге болмайды. Марқұмның жақындарына құрмет көрсету, олардың қайғысына ортақтасу және қолдау білдіру әлдеқайда маңызды", – дейді теолог.

Қысқасы, қаралы үйде сақталған әрбір ғұрыптың астарында белгілі бір түсінік жатуы мүмкін. Бірақ оның мағынасын білмеген адамды кінәлау немесе рәсім орындалмаса, тағы бір қайғылы жағдай болады деп қорқыту дәстүрді түсіндірудің дұрыс жолы емес. Керісінше, салттың мәнін ашып, оның тарихи және діни негізін ажыратып түсіндіру қоғамға қажет.

Ақгүл Айдарбекқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 16:00