Алматыда тұрғындардың ортақ жерін заңсыз сатқан ПИК төрағасы 5 жылға сотталды
Алматыда тұрғындарға ортақ жер телімдерін заңсыз сатқан пәтер иелері кооперативінің бұрынғы төрағасы бес жылға сотталды. Оның әрекетіне байланысты Ақсай-1А шағынауданының тұрғындары шағым түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, 2025 жылы Ақсай-1А шағынауданында тұратын адамдар "Школьник" пәтер иелері кооперативінің жұмысына наразылық білдірген. Тұрғындардың шағымынан кейін прокуратура тексеру жүргізіп, ПИК төрағасының көпшілікке ортақ жер телімдерін заңсыз сатып келгенін анықтаған. Осыдан кейін аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, заңсыз сатылған жер телімдеріне тыйым салынған.
Тексеру барысында шағынаудандағы басқа да заңбұзушылықтар анықталды. Мәселен, тұрғын үйлердің жертөлелерінде рұқсатсыз жұмыс істеп келген он хостел анықталды. Сондай-ақ коммуналдық желілерге заңсыз қосылған нысандар да мәлім болды.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде Ақсай-1А шағынауданындағы 15 мыңнан астам тұрғынның құқығы қорғалып, әлеуметтік шиеленіс ошағы жойылды", – деп мәлімдеді Алматы қаласының прокуратурасы.
Іс сотқа жетіп, 2026 жылғы 17 тамызда "Школьник" ПИК-інің бұрынғы төрағасына үкім шыққан. Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген.
Прокуратура осындай жағдайлар қайталанбауы үшін сот отырысына тұрғындардан көп шағым түсетін басқа да ПИК пен мүлік иелері бірлестіктерінің басшыларын қатыстырғанын мәлімдеді. Олар жерді заңсыз сату және тұрғындардың құқығын бұзу қандай жауапкершілікке әкелетінін сотта өз көздерімен көрген.
Қала прокуратурасы тұрғындардың құқығын қорғау және көпқабатты үйлерді басқарудағы заңбұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасатынын хабарлады.
240 мың теңгелік ноутбукты 440 мыңға сатқан: Техника дүкендері қосымша бағдарламаларды орнатуды талап ете ала ма
