Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қанат Құлшыманов Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалды

 

Қанат Құлшыманов
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшылығы ауысты. Мемлекет басшысының өкімімен бұл қызметке Қанат Құлшыманов тағайындалып, бұрынғы директор Асқар Омаров лауазымынан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақорданың жариялаған өкіміне сәйкес, Қанат Құлшыманов жаңа қызметіне кірісуіне байланысты Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісі лауазымынан босатылды.

Қанат Құлшыманов туралы не белгілі?

Қанат Құлшыманов 1987 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған. PhD ғылыми дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2007 жылы "ҚазАқпарат" агенттігінің тілшісі болып бастаған. Кейін "Қазконтент" компаниясында журналист болып жұмыс істеді. 2016–2017 жылдары Ұлттық экономика министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінде қызмет атқарған.

2017–2019 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, ал 2019–2020 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы әрі қоғаммен байланыс департаментінің директоры болды.

Одан кейін Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің жетекшісі қызметтерін атқарды. 2022–2024 жылдары Премьер-министр мен Үкіметтің баспасөз қызметін басқарған.

2024 жылы Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалып, 2025 жылғы наурыздан бастап осы бөлімді басқарды.

Асқар Омаров
Фото: gov.kz

Асқар Омаров қандай қызметтер атқарған?

Орталық коммуникациялар қызметінің директоры лауазымынан босатылған Асқар Омаров 1976 жылы Алматы қаласында туған. "Тұран" университетін бітірген.

Еңбек жолын ақпарат саласында бастап, әр жылдары журналист, редактор және медиа ұйымдарының басшысы болып жұмыс істеген. 2008–2010 жылдары "Нұр-Медиа" компаниясында басшылық қызметтер атқарса, 2011–2013 жылдары Түркі академиясының вице-президенті болған.

2017–2021 жылдары "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігін басқарды. Кейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, ал 2022 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін осы ведомствоның министрі қызметін атқарды.

Асқар Омаров 2022 жылғы 2 қыркүйекте Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры болып тағайындалған еді. Ол бұл қызметті төрт жылдан астам уақыт басқарды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының өкімімен Евгений Кочетов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғанын жазған едік.

 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 16:09