240 мың теңгелік ноутбукты 440 мыңға сатқан: Техника дүкендері қосымша бағдарламаларды орнатуды талап ете ала ма
Алматы тұрғыны Sulpak дүкенінен 240 мың теңгеге ноутбук сатып алған. Сатушылар оған қосымша бағдарламаларды міндетті түрде орнату керегін айтып, нәтижесінде 440 мың теңге алған. Осыған байланысты Stan.kz маманнан қосымша қызметтерді міндеттеп ұсынудың қаншалықты заңды екенін және тұтынушы мұндай жағдайда не істей алатынын сұрап білді.
Жалпы шығын 440 мың теңге болды...
Тұтынушы мән-жайды Threads желісіндегі парақшасында жазды. Ол ноутбукты осыдан үш-төрт күн бұрын Алматыдағы Sulpak дүкенінен сатып алғанын айтқан.
“Ноутбуктың өзі 240 мың теңге тұрды. Сатушылар бағдарламаларды міндетті түрде орнату керегін айтты. Бұрын-соңды ноутбук сатып алмаған соң тәжірибем болмады. Сондықтан олардың сөзіне сеніп, келістім. Нәтижесінде ноутбук пен бағдарламаларды орнатуға шамамен 440 мың теңге жұмсадым. Бағдарлама орнату соншалықты қымбат тұра ма? Әлде мені алдап кетті ме?”, – деп жазды ол.

Осы жағдайдан кейін желі қолданушылары дүкендерде қосымша қызметтерді ұсыну тәртібін талқылады. Олардың бірі жақында ноутбук сатып алғанын, ал сатушылар қосымша бағдарламаларды орнатуды қайта-қайта ұсынғанын айтты.
“Біз де жақында баламызға ноутбук алдық. Дүкендегілер бағдарламалардың бәрін орнату керек деп қоймады. Содан кейін жолдасым IT саласында істейтін танысына хабарласып еді, ол: “Ештеңе орнатқызбай, ноутбукты сол күйінде алып кел”, – деп айтты. Сөйтіп, 25 мың теңгеге қажет бағдарламалардың бәрін, тіпті антивирусты да орнатып берді. Ноутбуктың өзін де мақтап, жақсы техника екенін айтты”, – деді ол.
Тағы бір қолданушы жолдасымен бірге ноутбук пен принтер сатып алғанда да осындай жағдайға тап болғанын жазды.
“Тауар аларда қосымша ештеңе керек емес екенін бірден айтқан жөн. Ноутбук пен принтер алғанда қажет емес қызметтерді қосып берген. Үйге келіп есептесек, 130 мың теңгені артық төлеппіз. Тағы 40 мың теңгеге үш жылдық кепілдік сатып алдық. Бір жылдан кейін принтерім істен шықты. Кепілдігіміз бар деп Sulpak дүкеніне апарсақ, түрлі сылтаумен жөндеп бермеді”, – деп жазды ол.

“Негізі, Windows жүйесін орнату 5–10 мың теңге тұрады. Мұндай нәрсені өзің де үйреніп алған жөн. 2005–2006 жылдары диск арқылы орнатуды үйрендік, ал қазір бәрі әлдеқайда оңай”, – деп жазды бірі.

“Sulpak-қа iPhone алуға бардым. Бағасы 420 мың теңге деп тұр. Сатып алайын десем, сатушы верификация жасау керегін айтып, бағаға тағы 25% қосылатынын жеткізді. Бұл верификация телефон кедендік рәсімдеуден өткен кезде жасалуы керек емес пе? Ақыры, рақметімді айтып, дүкеннен шығып кеттім. Қазір осындай әрекеттерге бақылау жасайтын мекеме жоқ па”, – деп жазды бірі.

Тұтынушыны мәжбүрлеп, бағдарлама қосу дұрыс па?
Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы Светлана Романовскаяның айтуынша, дүкен сатып алушыға өзі қаламаған тауарды немесе қызметті мәжбүрлеп ұсына алмайды.
"Тұтынушыға қажетсіз тауарды немесе қызметті күштеп таңуға болмайды. Ал егер ноутбук қосымша бағдарламасыз жұмыс істей алмаса, онда соның құны тауардың негізгі бағасына қосылуы тиіс. Бағдарлама орнатамыз деген желеумен қосымша ақы алу — заң бұзушылық. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 30-бабында тұтынушыға қажет емес тауарлар мен қызметтерді мәжбүрлеп таңуға тыйым салынған", — дейді маман.
Маманның айтуынша, ақшаны қайтаруды талап етуге болады.
“Алайда сатып алушы қосымша бағдарламаларды орнатуға өзі келісіп, ақысын бөлек төлесе, бұл қызметті өз еркімен таңдаған болып есептелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қызметтің мәжбүрлі түрде ұсынылғанын дәлелдеу қиындайды. Сондықтан бағдарламаны қандай жағдайда сатып алғаны маңызды. Заң бойынша әр тарап өз талаптары мен уәждерін өзі дәлелдеуі керек. Сол себепті қосымша қызметтің мәжбүрлі түрде ұсынылғанын, бағдарламасыз ноутбукты пайдалану мүмкін болмағанын немесе сатушының осы қызметке ақы төлеуге мәжбүрлегенін растайтын дәлелдер болғаны маңызды”, – деді маман.
Сонымен қатар маман сотқа фото-видео дәлел ұсыну керегін жеткізді.
“Дегенмен адамның жеке деректерін ескеру қажет. Дүкен қызметкерінің бейджін және оқиғаға қатысты өзге де жағдайларды түсіріп алуға болады. Мұндай жазбаларды интернетке жарияламай-ақ, сотқа дәлел ретінде ұсыну керек”, – деді сарапшы.
Sulpak тарапы не дейді?
Жағдайға қатысты Sulpak өкілдері де пікір білдірді. Компанияның жауабында суретте құны 199 990 теңге болатын “Премиум” пакет көрсетілгені айтылған.
“Бұл пакетке лицензиялық бағдарламалар мен оларды орнату қызметтері кіреді. Оны сатып алу міндетті емес”, – делінген компанияның жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы ірі сауда желілерінің бірі Sulpak-тың марқұм тең құрылтайшысы Андрей Пактың қызы Светлана Пак қазіргі иесі Алмас Сұлтанғазинге айып таққан еді. Оның айтуынша, әкесі бизнестен өз еркімен кетпеген. Ал компаниядағы үлесі заңсыз түрде қайта рәсімделген.
240 мың теңгелік ноутбукты 440 мыңға сатқан: Техника дүкендері қосымша бағдарламаларды орнатуды талап ете ала ма