Таразда түкірігі қай жерге түскені көрінбегені үшін полицейге қатысты іс тоқтатылды
Таразда қызметтік көлік терезесінен жолға түкірген полицей әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот ұсақ бұзақылық туралы істі тоқтатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2 қарашада болған. Блогер Аян Сауранбаев патрульдік полицейдің қызметтік көлік терезесінен сыртқа түкірген сәтін видеоға түсіріп алған. Жазба әлеуметтік желіде тараған соң Жамбыл облысының полиция департаменті қызметтік тексеру жүргізген. Осылайша 38 жастағы полиция аға лейтенанты Ерлан Айтжановқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама толтырған.

Алайда сотта полицей жауапкершіліктен босатылды.
Полицей өзін қалай ақтады?
Сот отырысында Ерлан Айтжанов көліктен түкіргенін жоққа шығармаған. Оның айтуынша, сол сәтте тамағы жыбырлап, қатты жөтел қысып, өзін жайсыз сезінген. Сондықтан түкіруге мәжбүр болған.
Судья Камар Үсенбаева бейнежазбаны зерттей келе, түкіру сәті көрінгенімен, сілекейдің нақты қай жерге түскені кадрға түспеген деген қорытындыға келген.
Сот мәліметінше, сілекейдің қоғамдық пайдаланатын жолға түскені дәлелденбеген. Сол себепті полицейдің кінәсі анықталмады деп танылып, әкімшілік іс тоқтатылған.
Блогер прокуратураға шағымданды
Блогер Аян Сауранбаев сот шешімімен келіспей, прокуратураға ресми шағым жолдаған. Ол судьяның шешіміне құқықтық баға беріп, әкімшілік заңнаманың баршаға бірдей қолданылуын тексеруді сұрайды.
Блогердің пікірінше, мұндай жағдайда қарапайым азаматтар айыппұл арқалауы мүмкін. Ал полицейдің жауапкершіліктен босатылуы қоғамда заңның бәріне бірдей қолданылатынына күмән тудырады.
Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде Тараз қаласының полиция қызметкері көліктің терезесінен жерге түкірген бейнеролик тараған еді. Сол кезде полицейдің “ұсақ бұзақылық” фактісі бойынша, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны айтылған.
"16 жасымда күштеп ұзатты": Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағындағы қорлықты айтты