Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде жаңа туған сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған экс-полицей өмір бойына сотталды: Ал баланың анасы жазадан құтылып кетті

Оқиға орны
Фото: Видеодан скрин

Семейде қоқыс жәшігінен табылған сәбидің өліміне қатысты сот аяқталды. Сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған бұрынғы полиция қызметкері өмір бойына сотталса, баланың анасы жазасын өтеуден босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға биыл 3 ақпанда болған. Сол күні полицияның кезекші бөліміне қала тұрғыны хабарласып, қоқыс контейнерінің ішінен жаңа туған сәбидің денесін көргенін айтқан.

Тергеу барысында оқиғаға полиция қызметкерлерінің қатысы бары анықталған. 20 жастағы әйел баланы үйінде босанып, кейін жігітіне телефон шалып, нәрестені оған берген. Абай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонында инспектор болып жұмыс істейтін ер адам сәбиді көлікпен Ломоносов көшесіне апарып, қоқыс контейнеріне тастап кеткен.

Бастапқыда баланың анасы нәресте өлі туғанын айтқан. Алайда сот-медициналық сараптама сәбидің тірі туғанын және суықтан үсіп қайтыс болғанын анықтады.

 

Сот үкімі

15 қазанда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот аталмыш іске қатысты үкім шығарды.

Баланың анасы қылмыстық кодекстің 100-бабы, "ананың жаңа туған баласын өлтіруі" бабы бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін жарияланған рақымшылыққа байланысты ол жазасын өтеуден босатылды.

Ал ер адам қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша, “кәмелетке толмаған баланы өлтіргені” үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталушы жазасын төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Еске салсақ, 2026 жылдың ақпанында Семейде қоқыс жәшігінен жаңа туған сәбидің денесі табылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 21:14