Sulpak компаниясының тең құрылтайшысының қызы Forbes тізіміндегі миллионерді әкесінің үлесін иемденіп алды деп айыптады

Қазақстандағы ірі сауда желілерінің бірі Sulpak-тың айналасында дау туындады. Компанияның марқұм тең құрылтайшысы Андрей Пактың қызы Светлана Пак қазіргі иесі Алмас Сұлтанғазинге айып тақты. Оның айтуынша, әкесі бизнестен өз еркімен кетпеген, ал компаниядағы үлесі заңсыз түрде қайта рәсімделген.
Даудың басы не?
Бұл хикая тек бизнестегі серіктестік емес, ұзақ жылғы отбасылық достықтан басталған еді. Светлана Пактың айтуынша, әкесі Андрей мен кәсіпкер Алмас Сұлтанғазин ондаған жыл бойы етене жақын араласқан. Олар отбасы болып қарым-қатынас орнатып, жанұялық іс-шараларда бір-бірін ең құрметті қонақ ретінде күтіп отырған.
1992 жылы нөлден басталған Sulpak империясының іргетасы қаланғанда, бұл жақындықтың соңы үлкен дауға ұласады деп ешкім ойламаған. Бүгінде Светлана Пак заңгерлермен бірге зерттеп жатқан құжаттар арасында жауабынан гөрі сұрағы көп, күмән тудыратын оқиғалар тізбегі аз емес екенін айтады.
"2012 жылы әкем несиелер бойынша негізгі кепілгер болып қалды, ал Алмас Сұлтанғазин "тылсым" сот шешімімен өзінің кепілгерлігін жойды. Нәтижесінде, 20 жыл бойы осы бизнесті құрған адам бәрінен — бизнесінен, мүлкінен, тіпті 2016 жылы отбасымыз қуып шығылған үйінен айырылды. Ең бастысы, ол өз еліне оралып, өзін қорғау мүмкіндігінен айырылды", — дейді Светлана Пак.
2013 жылы сот Андрей Пакке іздеу жариялаған. Светлана Пактың айтуынша, бұл оны елге келтірмеу үшін жасалған сценарий. Кейін Сұлтанғазин AP Impex Co Ltd (Sulpak) компаниясын банкротқа ұшыратып, мемлекет алдында 5,5 млн доллар салық қарызын қалдырған дейді кейіпкеріміз.
"Кездесуден үзілді-кесілді бас тартты"
Андрей Пак 2024 жылғы 11 қыркүйекте дүниеден озды. Кәсіпкердің туған-туыстары ақтық сапарға шығарып салуға Алмас Сұлтанғазин келеді деп күткен.
"Бірақ ол келмеді. Өзінің орнына анасын жіберді. Ол кісі бізге: “Баламның ісі үшін мені кешіріңдер”, — деді".
Светлана Пак әкесін қара жер қойнауына тапсырғаннан кейін Алмас Сұлтанғазинмен кездесуге бірнеше рет талпынғанымен, ол байланыстан үзілді-кесілді бас тартқанын айтады.
"Ұзақ уақыт үндемедім. Бірақ үнсіздік ештеңені өзгертпейтінін түсіндім. Ең бастысы — ол Қазақстанда бизнесті таза жүргізуге болады деген менталитетті қалыптастырмайды. Сондай-ақ осы сәттен бастап менің болашағым қауіпсіз болмауы мүмкін екенін түсінемін. Алайда соңына дейін баруға және біздің бағалауымыз бойынша салықтан жалтару мен өзгенің мүлкін иемденудің қайталанатын схемаларына қатысқан барлық құжаттар мен барлық тұлғаларды ашуға дайынмын", — дейді ол.
“Мен үкім шығармаймын”
Светлана Пактың айтуынша, 2013 жылы Андрей Пакты тек компаниядан шығарып қана қоймай, оның жұбайы Тамара Пакты да 500 мың доллар көлемінде "салықты жасырды" деп күдікті етіп қойған. Бұл отбасының шындық үшін күресуіне мүмкіндік қалдырмаған.
"Мен үкім шығармаймын және құқық қорғау органдарының рөлін атқармаймын. Мен тек отбасымыз қолындағы құжаттарды, хронологияны және фактілерді ашық түрде көрсетіп отырмын. Егер Президент шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық ахуал туралы айтса, Қазақстан Sulpak төңірегіндегі жағдайға да мұқият баға беруі тиіс", – дейді ол.
Светлана Пактың басты мақсаты не?
Әдетте мұндай күресте қаржылық мүддеге де орын табылады. Алайда Светлана ханым әкесінің есімін ақтап алу маңыздырақ деп жауап берді.
"Бірінші кезекте — әкемнің есімі. Sulpak компаниясын алғашқы күндерінен бастап құрған адам бүгінде тарихта елеусіз қалып бара жатқаны маған ауыр тиеді. Екіншіден, әкем Мәскеуге емделуге кеткен кезде оған 24,9% акция тиесілі болған. Бұл қалпына келтірілуі тиіс немесе Алмас Сұлтанғазин біздің отбасымызға нақты ұсыныс жасауы керек. Біз диалогқа ашықпыз",— деп жауап берді ол.
Сұхбат барысында Светлана Пак Анжелика Рахимбердина мен Джуд Бодров есімді тұлғаларға ерекше назар аудартты. Оның айтуынша, бұл заңгерлер Алмас Сұлтанғазинмен тікелей және жанама байланысы бар компаниялардың сот процестері мен банкроттық істерінде жиі кездеседі. Светлана Пактың мәліметінше, бұл тұлғалар әртүрлі кезеңдерде Сұлтанғазинмен байланысты компаниялардың мүддесін банкроттық рәсімдерінде, қарыздарды өндіріп алу істерінде және компанияларды қайта құрылымдауда қорғап келген.
Ашық деректерде Джуд Бодров жайлы мәлімет кездеспесе де, Анжелика Рахимбердинаның кәсіби адвокат екені жазылған. Ол Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі және қалада жеке кеңсесі бар.

"Менің ойымша, олар барлық процестердің заңды болғанын айтып, сот шешімдеріне сүйенеді және мұны жай бизнес-қақтығыс ретінде көрсетуге тырысады", — дейді Светлана Пак.
Светлана Пак нарық алыбының кез келген жауабына дайын екенін және бұл мәселені ашық айтуды саналы түрде таңдағанын жеткізді.
“Мен адамдарды тек эмоцияма сенуге шақырмаймын. Мен құжаттарды, даталарды көрсеткім келеді және сіздерден компаниялардың хронологиясын, банкроттықтардың реттілігін, акционерлердің ауысуын зерттеп, қоғамға өз бетінше пікір қалыптастыруға мүмкіндік беруді сұраймын",— деп сөзін түйіндеді ол.
Алмас Сұлтанғазин деген кім?
Алмас Сұлтанғазин — отандық бизнестегі ең ықпалды тұлғалардың бірі. Forbes Kazakhstan журналының 2025 жылғы қазан айындағы дерегіне сәйкес, ол Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің тізімінде 30-орынға жайғасқан.
61 жастағы кәсіпкер электроника нарығындағы Sulpak пен Alser секілді ірі компаниялардың негізгі үлескерлерінің бірі. Сонымен қатар оның Burger King Kazakhstan, IT және білім беру салаларындағы бірқатар ірі жобаларда да үлесі бар.
Stan.kz редакциясы Sulpak компаниясына ресми сауал жолдады. Алайда мақала жарияланған сәтке дейін компания өкілдерімен байланысу мүмкін болмады. Редакция екінші тараптың да уәжін жариялауға әзір екенін ескертеді.
Желіде дау болған элиталы мектеп оқушысының "Қазақстан тарихы оқытылмайды" дегені шындыққа жанаспайды – Оқу-ағарту министрлігі