Қазақстанда алтын өндіру азайды: Елдегі қор көлемі қанша?
Қазақстанда алтынның баланстық қоры 2,5 мың тоннадан асады. Елімізде 170-ке жуық алтын кен орны өнеркәсіптік мақсатта игеріліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік пайдалы қазбалар есебіндегі алтынның баланстық қоры 2,587 мың тоннаға жеткен.
Алайда алтын өндіру көлемі өткен жылы азайған. 2025 жылы Қазақстанда 84,2 тонна алтын өндірілген. Бұл 2024 жылғы 99,1 тоннамен салыстырғанда 16,5%-ға төмен. Ал 2023 жылы алтын өндіру көлемі 96,5 тонна болған.
Қазақстандағы ең ірі алтын кен орындары қайда?
Министрлік мәліметінше, еліміздегі ірі алтын кен орындары бірнеше өңірде шоғырланған.
- Ақмола облысы: Васильков, Кварцитовые Горки, Южный Райгородок;
- Абай облысы: Бақыршық, Мизек, Суздаль;
- Қарағанды облысы: Әбіз, Нұрқазған;
- Жамбыл облысы: Ақбақай;
- Қостанай облысы: Варварин.
Қазақстан алтын қоры бойынша әлемдегі жетекші елдердің қатарына кіреді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі келтірген АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) 2026 жылғы деректеріне сәйкес, еліміз әлемдегі алтын қоры мол алғашқы он мемлекеттің қатарында.
Әлемде алтын қоры ең көп елдер қайсы?
АҚШ Геологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, алтын қоры бойынша көшбасшы елдер мыналар:
- Аустралия – шамамен 13 мың тонна;
- Ресей – 12 мың тонна;
- Оңтүстік Африка Республикасы – 5 мың тонна;
- Индонезия – 3,6 мың тонна;
- Канада – 3,2 мың тонна;
- Қытай – 3,2 мың тонна;
- АҚШ – 3 мың тонна;
- Бразилия – 2,5 мың тонна.
Министрлік ескерткендей, қор мен өндіріс көлеміне қатысты көрсеткіштер KazRC стандарты бойынша есептелген деректерді де қамтиды. Олар Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның есебінде толық көрсетілмеуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін теңгенің нығаюы аясында доллар бағамы 400 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін бе деген мәселені экономистермен талдаған едік.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді
