Алматылықтар дүкендерде "кірпіш" нанның жоқтығына шағымданды: Өндіруші себебін түсіндірді
Әлеуметтік желіде Алматы тұрғындары дүкен сөрелерінде "кірпіш нан" деген атпен танымал әлеуметтік нанның жоқтығына шағымданды. Бұған не себеп болғанын "Ақсай" комбинаты түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық тұрғын әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы уақыттарда дүкендерде әлеуметтік нанның сатылмайтынын айтып жазба жариялаған.
"Ақсай Нан" екінші апта қатарынан ақ кірпіш нан шығармай отыр. Бұл – ең танымал әрі Алматыдағы ең дәмді нан. Ресми себеп – жабдықтың істен шығуы. Алайда мәселе мүлде басқада деген қауесет бар. Зауытқа қытайлықтар қызығушылық танытып жатыр-мыс. Менің бір қарапайым сұрағым бар. Стратегиялық маңызы бар осындай әлеуметтік нысан қалайша жекенің қолына өтіп кеткен? Енді халыққа арналған нан кәсіпорын иелерінің қалауына қарай тоқтап тұр", – деп жазды желі қолданушысы.
Комбинат әкімшілігі әлеуметтік нан өндірісінің уақытша тоқтағанын растады.
Бұған күрделі жөндеуді қажет ететін елеулі техникалық ақау себеп болған.
"Әлеуметтік (кірпіш) нанымыздың уақытша сатылымда болмауына алаңдап отырғандарыңызды түсінеміз. Сабыр сақтап, дүрбелеңге бой алдырмауға және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралып жатқан расталмаған қауесеттерге сенбеуге шақырамыз. Нан пісіру желісінің уақытша тоқтауына күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін елеулі техникалық ақау себеп болды", – делінген мәлімдемеде.
Компанияның хабарлауынша, қалыптағы нан пісірілетін пештер осыдан 39 жыл бұрын орнатылған және кәсіпорын жұмысын бастаған кезден бері пайдаланылып келеді.
"Бұл жабдық бірегей болғандықтан, оның қазіргі заманғы баламалары жоқ. Сондықтан ақауды жою үшін күрделі техникалық жұмыстар жүргізіп, біраз уақыт жұмсауға тура келеді. Жабдықтың әдейі тоқтатылмағанын ерекше атап өтеміз", – деп толықтырды "Ақсай" комбинатының өкілдері.
Кәсіпорын өкілдері өндіріс желісін мүмкіндігінше тез қалпына келтіріп, Алматы тұрғындарына нан жеткізуді қайта бастау екенін мәлімдеді. Алайда жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда азаматтардың кейбір санаттары үшін нан мен жолақыға берілетін субсидияны толық тоқтату ұсынылғанын жазғанбыз.
Шымкентте бес адам белгісіз себеппен уланып қалды: Екі бала көз жұмды
