Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жаңбырдан кейін жолдар опырылып, кептеліс күшейді

кептеліс
Фото: Видеодан скрин

Алматыда 5 қазан таңертең тұрғындар үлкен кептеліске тап болды. Жаңбырдан кейін Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Мөңке би көшесінің қиылысында жолдың бір бөлігі опырылып, көлік қозғалысы қиындаған. Салдарынан тұрғындар жұмысқа, оқушылар мен студенттер сабаққа кешіккен. Желіде қала тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының сапасына наразылық білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады. 

Оқиға Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Мөңке би көшесінің қиылысында болған. Бұл аумақта бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда жаңбырдан кейін топырақ шөгіп, жолдың бір бөлігі бұзылған. Мұны Threads-те қала тұрғыны жазды. 

пікір
Фото: Threads скрин

“Алматы әкімдігі қарапайым халыққа көрсетіп отырған қамқорлықтарыңыз үшін рақмет!  Бүгін таңертең жүздеген адам жұмысқа, оқушылар мектепке, студенттер сабаққа кешікті. Ал өздерің соншалықты менсінбейтін жүргізушілер сіздердің жұмыстарыңызды өздері атқарып, жолды өз күштерімен қайта ашуға мәжбүр болды. Егер LRT қала тұрғындарына қазірдің өзінде сындай қиындық тудырып жатса, бізге ол керек емес. Мекенжайы: Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Мөңке би көшесінің қиылысы”, – делінген жазбада.

Куәгерлердің айтуынша, жолдағы мәселе түнгі сағат 01:00 шамасында басталған. Таңертең көліктер өте алмай, ұзын-сонар кептеліс пайда болған. 

“Алматыда жол жөндеу жұмыстарына байланысты жолдың бір бөлігі опырылып, терең шұңқыр пайда болды. Салдарынан бірнеше көлік шұңқырға түсіп, бұл аумақта көлік қозғалысы қиындады”, – делінген тағы бір жазбада. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы әкімдігінен мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, қазір мердігер компания қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. 

“Алматы қаласында ЛРТ жобасын іске асыру аясында Момышұлы және Төле би көшелері учаскелерінде инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілді. Жауын-шашын көп жауғандықтан жекелеген учаскелерде топырақ шөгіп, салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Қазір мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – делінген жауапта. 

Әкімдік мәліметінше, ауа райы жақсарған соң жолға асфальт қайта төселеді.

“Қазір жолды қалпына келтіру үшін уақытша жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жолдың негізі нығыздалып, көліктердің қауіпсіз өтуі үшін ұсақталған ескі асфальт пайдаланылады. Ауа райы тұрақталған соң жол толық жөнделіп, жаңа асфальт төселеді”, – делінген жауапта.

“Жаңбыр жауса, жолды су басады”

Алматылықтар басқа көшелердегі мәселелерді де көтерді. Бір тұрғын “Алтын Орда” маңындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің жанын жаңбырдан кейін су басқанын айтты.

“Жаңбырдан кейін “Алтын Орда” маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінің жанын су басып қалды. Мұнда су ағатын жер жоқ. Көліктер үлкен шалшықтан әрең өтіп жатыр. Ал жаяу жүргіншілер бұл жерден мүлде өте алмайды. Адамдар суға түсіп кетпес үшін айналып өтуге мәжбүр. Неге жаңбыр жауған сайын бұл жерде су жинала береді”, – деп жазды тұрғын. 

Ал енді бірі жаяу жүргіншілер жолына қатысты мәселе көтерді. 

“Бүгін жаңбыр жауып тұр. Ал біздің жаяу жүргіншілер жолы екі айдан бері жөнделіп жатыр. Жағдайдың қандай екенін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Бұл жолмен күн сайын балалар жүреді. Мұнда үш мектепке баратын жол бар. Қазір жаяу жүргіншілер жолымен жүру мүмкін болмаған соң, балалар көлік жүретін жолға шығуға мәжбүр. Жөндеу жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деген еді. Ал бүгін 5 қазан”, – деп жазды тұрғындардың бірі.

 

“Жаңа төселген асфальт қайта бұзылып жатыр”

Тағы бір тұрғын Бостандық ауданының әкіміне және Алматы әкімдігіне шағым түсірді. Ол Нұрлытау шағынауданындағы Мақан Жұмағұлов көшесінде жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеруді сұрады.

Тұрғынның айтуынша, аталған көшеде жуырда су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген. Жұмыс аяқталған соң жолға қайта асфальт төселген. Алайда жаңбыр жауа бастаған соң көп ұзамай жаңа асфальт шөгіп, бұзыла бастаған. Осыған байланысты тұрғын әкімдіктен бірнеше мәселені шешуді сұрады:

  • Оқиға орнына мамандар жіберіп, жолды қалпына келтіру жұмыстарының сапасын тексеруді;
  • Су құбырын жүргізіп, кейін асфальтты қалпына келтірген мердігер компанияны анықтап, атауын жариялауды;
  • Мердігердің топырақты қайта көму, нығыздау және асфальт төсеу талаптарын сақтағанын тексеруді;
  • Жөндеу жұмыстарын кім және қашан қабылдағанын анықтауды;
  • Кемшіліктер табылса, мердігерді кепілдік міндеттемелері аясында жолды өз қаражатына толық жөндеуге міндеттеуді сұрады. 
  • Оған қоса тұрғын мәселені шешу үшін жолға уақытша топырақ төгіп, өтірік жамаудың қажеті жоқ екенін айтты. 

“Себебі жолдың шөгуіне не себеп болғаны анықталмаса, мәселе қайта туындауы мүмкін. Жөндеу жұмыстарының нақты мерзімі жарияланып, тексеру нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы ақпарат берілсін”,  – деді тұрғын.

“Көзімнен айырыла жаздадым”

Тағы бір тұрғын Алматыдағы жөндеу жұмыстарына қатысты шағым түсірді. Ол күйеуімен бірге кешкі сағат 20:30 шамасында Сәтбаев көшесімен “Рахат Палас” қонақүйінен Smart Point ғимаратына қарай жаяу жүргенін айтты. Оның сөзінше, бұл аумақта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тротуар толық қазылған, ал жол бойына қоршаулар қойылған.

“Алматыдағы қазылған жолдардың кесірінен көзімнен айырылла жаздадым. Біреулер жол бойындағы қоршаулар мен жарық бағандарының арасына өте жіңішке жіп байлап қойған. Оның жіңішкелігі сонша, телефон жарығын қосқанда ғана көрінеді. Ол жерден өтетін басқа жол жоқ. Аяқ астында құрылыс қалдықтары шашылып жатыр”, – дейді тұрғын.

Ол қараңғыда құрылыс қалдықтарына сүрініп қалмау үшін аяғының астына қарап жүргенін жеткізді.

“Сол кезде бетім әлгі жіпке соғылды. Тағы бір сантиметр болғанда, жіп тура көзіме тиер еді. Бағыма қарай, аман қалдым. Қараңғыда ол жіп мүлде көрінбейді. Тіпті алдыңа қарап жүрсең де байқамай қалуың мүмкін. Жұмысты осылай жауапсыз атқаратын адамдардың кесірінен тағы қанша адам зардап шегетінін білмеймін”, – деп жазды ол.

 

Тағы бір тұрғын кей көшелерде екі жылдан бері жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. 

"Докучаев, Калининград, Қаскелең және Бобруйск көшелерін екі жылдан бері қазып жатыр. Жаз бойы техника тұрды, бірақ жұмыс істеген ешкімді көрмедік. Ал күз келгенде осындай жағдай басталады. Осы жұмыстардың бәрін жазда аяқтауға болмай ма? Неге біз осындай жолдармен екі жылдан бері қиналып жүрміз?" – деп жазды тұрғын.

“Екі сағатқа жуық кептелісте тұрдық”

Жолдағы кептеліс әсіресе таңертең жұмысқа және сабаққа асыққан адамдарға қиындық туғызды.

Тұрғындардың бірі таңғы сағат 07:00-де жолға шыққанын, алайда 09:40-та әлі жолда тұрғанын жазған.

пікір
Фото: Threads скрин

Тағы бір тұрғын “Алматы Арена” маңында қоғамдық көлікке міну қиындағанын айтты.

“Алматы Арена маңындағы жол жабық. Аялдамада адам өте көп, жаңбыр жауып тұр. Бауыржан Момышұлы метро станциясына дейін такси 4 мың теңге сұрайды. Оның өзінде жүргізушілер тапсырысты қабылдамайды. Адамдардың бәрі амалсыздан Рысқұлов даңғылына дейін жаяу кетіп жатыр. Неге алдын ала ескертпеді? Бәріміз сабаққа, жұмысқа кешіктік. Дүйсенбі таңымыз осылай басталды”, – деп жазды тұрғын.

пікір
Фото: Threads скрин

Ал тағы бір алматылық екі сағатқа жуық кептелісте тұрғанын жеткізді.

“Таңғы 06:55-те “Алтын Ордадан” шықтым. Қазір сағат 08:35, әлі Абай даңғылында кептелісте тұрмын. Күйеуіммен көлікке мінбей, метроға отыруым керек еді. Қазір өкініп отырмын. Екі сағатқа жуық уақыт болды, әлі жолдамын. Алматыда “қайырлы таң” осындай болады. Қала таңнан бері шыдамымды сынап жатыр”, – деп жазды ол.

пікір
Фото: Threads скрин

Басқа тұрғындар қоғамдық көліктің жүрмей қалғанына шағымданды.

“Алматы ештеңеге дайын емес. Бір сағаттан бері аялдамада тұрмыз, бірде-бір автобус жоқ. Автобустар басқа жолмен айналып кетіп жатыр. Ал мына жақтағы халық не істейді?”, – дейді тұрғындардың бірі.

пікір
Фото: Threads скрин

Тағы бір тұрғын жолдың жабылатыны туралы алдын ала ескерту жасалмағанына наразы.

“Жолдың жабылатынын алдын ала ескерту жоқ па? Халықтың бәрі кешігіп жатыр. Оның үстіне күн суық”, – деп жазды ол.

пікір
Фото: Threads скрин

Ал “Алматы Арена” маңынан шыққан тұрғындардың бірі Төле би көшесіне дейін жаяу баруға мәжбүр болғанын айтты.

“Дүйсенбі күшті басталды. Алматы Арена жақта жол опырылып, автобус жүрмей қалды. Төле биге дейін жаяу бардық. Оның үстіне жаңбыр жауып тұр, кептеліс те сұмдық. Бәрі қосылды. Алматыны жақсы көремін”, – деп жазды ол.

пікір
Фото: Threads скрин

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Satbayev University маңында салынып жатқан веложолдың бір бөлігі аяқталмай, аяқ астынан үзіліп қалғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 12:45