Астанада сатушы картамен төлем қабылдаудан бас тартқан: Сатып алушы сотқа жүгініп, жеңіске жетті

Астанада сатушы банк картасымен төлемек болған әйелдің ақшасын қабылдамай, қолма-қол төлеуін талап еткен. Сатып алушы бұған қарсылық білдірген соң, сатушы оған тауарды сатпай, сауда орнынан кетуін талап еткен. Іс сотта қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға биыл наурыз айында болған. Әйел дүкеннен үш жұп аяқ киім таңдап, ақысын банк картасымен төлемек болған. Алайда сатушы карта арқылы төлем қабылдаудан бас тартқан. Кейін әйел сотқа жүгінген.
Сотта сатушының тауарды сатудан бас тартқаны бейнежазба, тараптардың түсініктемесі және сатушының сөзі арқылы расталған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының түсіндіруінше, егер сатушыда тауар болса, оны сатып алушыға сатудан негізсіз бас тарта алмайды. Сонымен қатар "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Заңның 25-бабы 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында төлемді қолма-қол ақшамен де, карта арқылы да жасауға болады. Сондықтан сот сатушының әрекетін заңсыз деп танып, кәсіпкерді сатып алушыға моральдық зиян үшін өтемақы және сот шығындарын төлеуге міндеттеді.
Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
