Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісу облысында қарбыз сатушылардың жанжалы төбелеске ұласты

төбелес
Фото: Видеодан скрин

Жетісу облысының Ақсу ауданында қарбыз бен қауын сатушылар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласты. Әйелдердің бірі полицейдің көзінше екінші сатушыны теуіп, бетіне соққы жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Балқаш көліне қарай шығатын тасжол бойындағы Молалы айналмасының маңында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жол бойындағы ретсіз сауданы тоқтату және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерге арнайы сауда орны бөлінген. Алайда сатушылардың бір бөлігі айналма жолдың дәл жанында сауда жасауды жалғастыра берген. Ал сатып алушылар жол бойындағы алғашқы сауда орындарына тоқтап, сауда жасаған. Салдарынан арнайы базарда отырған кәсіпкерлердің саудасы төмендеген.

Клиентсіз қалған кәсіпкерлер бірнеше рет полицияға жүгініп, тәртіп орнатуды сұраған. Кезекті рет кәсіпкерлер арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жанжалды дер кезінде тоқтата алмаған.

Әлеуметтік желіде тараған кадрдан жерде жатқан әйелге екінші әйелдің жақындап келіп,  аяғымен бет тұсынан тепкенін көруге болады. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілді.

Жетісу облысының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Жанжалға қатысқандар анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Күдікті мен жәбірленуші бұған дейін бір-бірін таныған. Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Жанжалға қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, нәтижесінде тиісті процестік шешім қабылданады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы ауруханада екі жасар баланың анасы дәрігермен төбелескені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 13:49