Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Одан бірнеше ай бойы ақша бопсалаған": Алматыда компьютерлік клубтағы жаппай төбелестен қаза тапқан жасөспірімнің туыстары жаңа деректерді бөлісті

Алматыда төбелесте қаза болған жасөспірім туыстары
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Алматыда компьютер клубындағы жаппай төбелестен кейін болған екі жасөспірімнің өліміне қатысты іс бойынша жаңа деректер пайда болды. Марқұм ұлдардың бірі Дінмұхамед Есенгелдінің туыстары күдіктілердің одан бірнеше ай бойы ақша бопсалап келгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дінмұхамед Есенгелдінің отбасы сүйікті ұлдарының мектепті үздік бітіріп, тергеуші болуды армандағанын алға тартты. Ол заң факультетіне түскен және бос уақытында ата-анасына көмектесу үшін базарда қара жұмыс істеген.

“Ұлымды аяусыз, қой сойғандай етіп пышақтап тастады. Менің балам мал ма еді? Мен бұл жастарды түсінбеймін. Оның денесінде бірнеше пышақ жарақаты болды. Балам енді жоқ. Димашымды қатты сағынамын”, – деді анасы Гүлшат Абдірасылова.

Қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Туыстарының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жанжал компьютер клубында басталған. Кейін көшеде сөзге келіспей, жаппай төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде екі 17 жастағы жасөспірім пышақ жарақатын алған. Жараланғандар ауруханаға жеткізілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмаған.

“Балам таңертең жұмысқа кеткен еді, бірақ қайта оралмады. Кейін оның денесін мәйітханадан алдым. Кінәлілердің жазалануын талап етемін. Әділ сот болуын қалаймын”, – деді Дінмұхаммедтің әкесі.

Марқұмның үлкен әпкесі Дінмұхамедтің өліміне себеп болған жағдай бопсалау болуы мүмкін екенін жеткізді. Айдана Есенгелдінің айтуынша, 20 жастағы жігіт інісін бірнеше ай бойы қудалаған. Ол одан ақша талап етіп, тіпті қарызсың деп, күн сайын ақша әкелуді сұраған.

“Інім Димаш көз жұмардан бір апта бұрын оны Әкежан деген жігіт бопсалап жүргенін айтқан. Ол бұл жағдайдың қыс айынан бері басталғанын жеткізді. Әлгі жігіт аптасына 5 мың теңге беріп тұруын талап еткен. Мен уайымдаған кезде Димаш өзі шешетінін айтып, ата-анама айтпауымды өтінді”, – деді марқұмның әпкесі.

Төбелес кезінде Дінмұхамедтің қасында оның досы Арыстанбек болған. Жігіттің әкесінің айтуынша, ұлы жараланған досына көмектесіп, жедел жәрдем шақырған. Бірақ қазір Арыстанбек те басқа қатысушылармен бірге уақытша ұстау изоляторында отыр.

“Олар екеуі қашып кеткен кезде Димаш шок күйінде болған. Кейін оның бірнеше пышақ жарақаты бар екені анықталды. Менің балам қорықса да қайта оралып, көмектесуге тырысқан. Қалай көмектесті? Қолында Cola бөтелкесі болған. Ол есін жиюы үшін бетін жуып, есін жинатуға тырысқан. Өйткені ол есінен танып бара жатқан. Сол кезде ұлым досының қанын тоқтату үшін жараларын қолымен басып тұрған”, – деді әкесі Асылан Саметов.

Қаза тапқан екінші жасөспірім туралы мәлімет аз. Ол – 17 жастағы Ешім Қалдыбаев. Жасөспірім сенбі күні жерленген. Айта кетейік, екі қаза тапқан жасөспірім бір-бірін танымаған.

“Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді. Тергеу барысында әрқайсысының әрекетіне, кінәсінің деңгейіне және рөліне құқықтық баға беріледі”, — деді Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Шәрібаев.

Құқық қорғау органдары кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір жасөспірімдерді өлімге әкелген соққыны кім жасағаны анықталған. Күдіктілерге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Еске салсақ, Алматыда компьютерлік клубта жаппай төбелес болып, екі жасөспірімнің қаза тапқанын хабарлаған едік. Зардап шеккендердің анасының айтуынша, төбелесте 10 шақты жігіт болған.

Stan.kz
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 10:58