Алматыда компьютерлік клубта жаппай төбелес болып, екі мектеп оқушысы қаза тапты

Алматыда компьютерлік клубта жаппай төбелес болып, екі мектеп оқушысы пышақ жарақатынан қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Зардап шеккендердің бірінің анасы Әйгерім Тавакелованың айтуынша, оқиға қаланың Алатау ауданындағы компьютерлік клубта болған. Оның ұлын Ешім есімді досы көмекке шақырған. Досы біреумен ұрысып қалғанын және сөйлесу керектігін айтқан.
"Ол жерде 10 шақты жігіт болды. Төбелес болды. Біреуі Ешімнің жүрегіне пышақ сұғып алған. Балам ашуланып артынан жүгіргенде оны да пышақтап кеткен", - деді Әйгерім көзіне жас алып.
Жасөспірімдерді бұдан соң ауруханаға ауыр халде жеткізген. Бірақ кеш болды. Мектеп оқушыларын аман алып қалу мүмкін болмады.
Полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Тікелей дене жарақатын салған тұлғалар анықталды. Олар қазірдің өзінде қамауға алынды. Қылмысқа басқа қатысушылардың да әрекеті заң жүзінде тексерілетін болады. Ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады", - деп растады Алматы полициясы.
Оқыңыз