Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы оқушылар арасындағы төбелес: Олар арнайы оқу орнына ауыстырылмақ (видео)

төбелес
Фото: Видеодан скрин

Астанадағы мектептердің бірінде оқушылар арасында болған төбелеске қатысты полиция түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, жанжалға қатысушылар арнайы оқу орнына ауыстырылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде мектеп оқушылары арасындағы төбелес түсірілген видео тараған еді. Ол видео Астанадағы білім беру мекемелерінің бірінде түсірілген.

Сол кезде ата-аналар мектеп әкімшілігі жоғары сынып оқушыларының телефонынан видеоны өшіруді талап еткенін айтқан еді. Осыған байланысты Білім басқармасы мектеп әкімшілігіне сөгіс жарияланғанын, ал төбелеске қатысушылардың ата-анасы жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеген.

Ал Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал биыл қаңтар айында болған. Одан кейін қылмыстық іс қозғалған.

“Оқиғаға қатысқан барлық тұлға анықталды. Іс бойынша қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізілді. Кәмелетке толмағандар қорғау құқығы бар куә мәртебесіне ие. Қақтығысқа қатысушылардың ата-анасы балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Білім беру мекемесіне қатысты ұсыныс енгізілді. Мектеп қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар мектепте профилактикалық кеңес өткізіліп, кәмелетке толмағандар мектепішілік есепке алынды”, –делінген хабарламада. 

Сонымен қатар жасөспірімдерді девиантты мінез-құлыққа ие балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымына жіберу мәселесі қаралып жатыр екен. 

“Тергеу жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Елордада №36 мектептің оқушылары жаппай төбелесіп, оны жоғары сынып оқушылары видеоға түсіріп алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 16:56