Алматыдағы тұрғын үй кешенінде жарықтандырудан өрт шықты: Тұрғындар оның үшінші рет өртеніп жатқанын айтты
Алмалы ауданында орналасқан “Кәусар” тұрғын үй кешенінің сыртындағы жарықтандырудан өрт шықты. Тұрғындардың бірі жарықтандырудың биылдыққа осымен үшінші рет өртеніп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде қауіпсіздік мәселесін көтерген “Кәусар” тұрғын үй кешенінің тұрғыны жарықтандыруды Алматы әкімдігі былтыр орнатқанын айтты.
“Сайранды реконструкциялау жұмыстарынан кейін әкімдік ЖК "Кәусарға" тегін жарықтандыру орнатқан. Алайда осы бір жылдың ішінде жарықтандыру жүйесінен үш рет өрт шықты. Бұл мәселе бойынша бұған дейін e-Otinish арқылы да жазғанмын. "Тексеріп, ақауды жоямыз" деп жауап берді. Бірақ бүгін түнде тағы да өрт тұтанды. Әкімдік орнатқан жарық шамдарының қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Біз түнде ұйықтап жатқанда осы шамдардың кесірінен өрт шығып, зардап шеккенімізді қаламаймыз”, – делінген жазбада.
Автор қала әкімдігінің мәселені назарға алынып, оны шешу үшін нақты шара қолданылуын сұрады. Сондай-ақ ол жарықтандырудың арзан материалдардан жасалғанын да атап өтті.
“Егер бұл "әдемілік" ең арзан материалдармен жасалса, бізге мұндай әдеміліктің қажеті жоқ! Бұл жарықтандыру Сайранға келген қонақтарға көрінетін үйлердің ғана бөлігіне орнатылған. Бір жыл бойы жарықтандыру дұрыс жұмыс істемейді: бірде бір үй жанады, бірде екі үй, кейде бесеуі де жанады, ал кейде мүлдем жанбай қалады. Біздің тұрғын үй кешенінде мұндай 5 үй бар. Оған қоса, осы уақыт ішінде үш рет өрт шықты! Өтінеміз, бұл жарықтандыруды демонтаждап, алып тастаңыздар. Адамдардың қауіпсіздігі кез келген сыртқы әдеміліктен маңызды”, – деп жазды жергілікті тұрғын.
Автордың бұл арыз-шағымын қолдағандар қарасы көп. Олар сапасыз жарықтандырудың кесірінен өліп кеткісі келмейтінін жазды.
“Қосыламын, өйткені өліп кеткім келмейді”, “Неге бірден сапалы етіп жасамасқа? Өйткені бұл үйлер өте биік, ал төтенше жағдай болса, тұрғындардың бәрі бірдей сыртқа шығып үлгермеуі мүмкін”, “Бәрі де қалай болса солай жасалады. Ал ақшасын швейцариялық сападағы жарықтандыруға төлегендей алған. Мүлде тимегендері жақсы еді. Әкімдіктің кесірінен өртеніп кетуіміз ғана қалып еді”, “Бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды! Салғырттық шектен шығып барады. Адамдар баспанасыз қалуы немесе тіпті өліп кетуі мүмкін”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Болған жағдайға қатысты Алматы әкімдігі жауап берді. Ведомстводағылар сапасыз жұмыстың әу баста қабылданбағанын атап өтті.
“Қауіпсіздік мақсатында барлық ақаулар жойылғанға дейін ғимараттың қасбетіндегі жарықтандыру толықтай өшіріледі. Бұған дейін әкімдік монтаждау жұмыстарының талапқа сай жүргізілмеуіне байланысты бұл жұмысты қабылдамаған. Жосықсыз мердігермен арадағы сот процесі жақында ғана әкімдіктің пайдасына шешілді. Қазір компанияны жұмысты толық қайта жасауға және жүйенің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеу үшін сотқа талап арыз дайындап жатырмыз”, – деп сендірді әкімдік.
Сондай-ақ бұл мәселені әкімдік өз бақылауына алғанын мәлімдеді.