Адам ба, алгоритм бе: Freedom Банк панельдік сессиясында AI рөлі талқыланды
Қаржы саласында жасанды интеллект енді жай кеңес беретін құрал емес, нақты жұмыс атқаратын жүйеге айналып келеді. Бірде ол күмәнді операцияны өзі іріктеп береді, енді бірде сақтандыру төлеміне дейін шешім шығара бастады. Бірақ адамға тікелей әсер ететін шешімді алгоритмге қаншалық сеніп тапсыруға болады және қате кеткен жағдайда жауапкершілік кімде қалады? Осы мәселе AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясындағы Freedom Банк панельдік сессиясында сөз болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Панельдегі әңгіме жасанды интеллектіні қолдану керек пе дегеннен гөрі, оған қанша өкілеттік беруге болады деген сұраққа ойысты. Себебі банктер AI-ды бірнеше жылдан бері пайдаланып келеді, ал қазір технология клиентпен сөйлесетін боттан ішкі шешімдерді дайындайтын агентке дейін өскен.
Freedom Банк басқарма төрағасының цифрлық жобалар жөніндегі кеңесшісі Айнұр Темірханқызы банктің бұл жолы қарыз алушының төлем қабілетін бағалаудан басталғанын айтты. Кейін цифрлық ипотека, жылжымайтын мүлік пен автокөлікті бағалау, чат-боттар мен қоңырау орталығындағы сервистер қосылған.
"Соңғы бір жылда негізгі назарды банктің ішкі жұмысына аудардық. Қазір комплаенс, заң бөлімі, кредиттік әкімшілендіру және HR бағыттарында AI-агенттерді қолданып жатырмыз. Біз ең алдымен қызметкерлердің көп уақытын алатын қайталанатын жұмысты автоматтандырғымыз келеді. Сонда мамандар күрделі мәселелерге көбірек уақыт бөле алады", – деді Айнұр Темірханқызы.

Freedom Банктің AI-комплаенс бағытында қазір 134 AI-агент жұмыс істейді. Олар тәулік бойы транзакциялық белсенділікті қарап, бірнеше жүйеден мәлімет жинайды және күмән туғызатын жағдайларды мамандардың назарына шығарады. Бұрын қызметкердің көп уақыты ақпарат іздеуге кетсе, енді бастапқы іріктеу автоматтандырылған.
"Кейбір жағдайды маман өзі екі аптаға дейін зерттеуі мүмкін. AI қажетті ақпаратты бірнеше минутта жинап, құрылымдап, қорытынды дайындайды. Бірақ бұл соңғы шешім емес. Мамандар оны қайта қарап, өз бағасын береді", – деді ол.
Банк бұл нәтижеге бірден келген жоқ. AI-ды іске қоспас бұрын оған берілетін деректерді реттеп, тазалауға тоғыз ай жұмсалған. Қызметкер жүйеге қарапайым тілмен тапсырма бере алады, ал AI оны деректер қорына түсінікті сұрауға айналдырып, қажетті мәліметті өзі жинайды.
Бұл жерден панельдегі екінші үлкен мәселе, яғни AI-дың өзі қаншалық жақсы болғанымен, оған қандай дерек берілетіні шешуші рөл атқарады деген сауал туды.
"Әр шешім үшін қажет деректер жиыны бөлек. Біз алдымен қандай ақпаратты пайдаланатынымызды анықтадық. Егер бастапқы дерек дұрыс болмаса, одан алынған нәтиженің де сапасы төмендейді. Сондықтан AI-ды енгізуде деректердің тазалығы мен сәйкестігі өте маңызды", – деді Айнұр Темірханқызы.
Ал агенттің өзі жұмысқа қалай жіберіледі? Freedom Банктің бас комплаенс-бақылаушысы Әсел Сүлейменова бұл процесті жаңа қызметкерді қабылдаумен салыстырды. Алдымен міндеті белгіленеді, одан кейін мамандармен қатар сынақтан өтеді. Қорытындысы адам жасаған бағамен салыстырылады, айырмашылық болған жағдайда себебі жеке тексеріледі.
"AI-агент не істей алатынын және не істей алмайтынын нақты білуі тиіс. Біздің агенттер ақпарат жинайды, клиенттен түсініктеме сұрайды, қорытынды дайындайды. Бірақ картаны немесе басқа қаржы құралын бұғаттау туралы шешімді өздері қабылдамайды. Мұндай шешім адамда қалады", – деді Әсел Сүлейменова.

AI-ды бақылау агент іске қосылғаннан кейін де тоқтамайды. Оның қандай дерекке сүйенгені, қандай қорытындыға неге келгені тіркеледі. Мұнда банктің назары тек алгоритмге емес, онымен жұмыс істейтін қызметкерге де ауған.
"Егер аналитик агентпен үнемі жүз пайыз келіссе, бұл да біз үшін белгі екенін атап өткім келеді. Мүмкін, адам бір сәттен кейін тексеруді тоқтатып, дайын жауапқа сүйеніп кеткен шығар. Сондықтан агенттің өзін ғана емес, қызметкердің онымен қалай жұмыс істеп жатқанын да бақылау қажет. Адамның сыни бағалауы жоғалмауы тиіс", – деді ол.
Осыдан кейін талқылау алаяқтықты анықтау тәсіліне ауысты. Бұрын назар жеке транзакцияға түссе, қазір клиенттің жалпы әрекеті бірге қаралады. Ақша қозғалысының жылдамдығы, бірнеше шоттың байланысы, құрылғы мен телефон нөмірлері қатар сараланады. Әсіресе қысқа уақыт пайдаланылып, кейін жоғалып кететін дроп-карталарды анықтауда мұндай тәсіл тиімді.
"Бұрын біз "бұл операция қалыпты ма?" деп қарайтынбыз. Қазір "бұл клиент өзін қалыпты клиент сияқты ұстай ма?" деген сұраққа көбірек мән береміз. Транзакция сырттай қалыпты көрінуі мүмкін, ал адамның жалпы әрекеті әлдеқайда көп нәрсе көрсетеді. Осы жерде мінез-құлықты талдау маңызды", – деді Әсел Сүлейменова.

Freedom Банк бұл жұмыста Қаржылық мониторинг агенттігімен де бірлесіп әрекет етеді. Бір банктің қолындағы дерек бүкіл схеманы көруге жеткіліксіз болуы мүмкін, өйткені алаяқтар бірнеше банктің картасын, әртүрлі телефон нөмірін және криптоплатформаларды қатар пайдалана алады. Сондықтан ҚМА нақты қылмыстық схемалардың белгілері бойынша әдістемелік ақпарат ұсынады. Одан бөлек ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алдын алу және талдау әзірлемелері департаменті басшысының орынбасары Санжар Аккисев AI жүйесіне қойылатын тағы бір талапты атады. Оның айтуынша, алгоритм шешімі үнемі маманға түсінікті болуы тиіс.
"AI "рұқсат" немесе "тыйым" деп қана жауап бермеуі керек. Ол неге күмән туындағанын, қандай белгіге сүйенгенін көрсетуі тиіс. Жасанды интеллект үлкен көлемдегі деректі қарап, өз нұсқасын ұсына алады. Бірақ түпкілікті шешім мен жауапкершілік адамда қалуы керек", – деді Санжар Аккисев.
Бұл талап әсіресе шотты немесе картаны бұғаттау, қызмет көрсетуден бас тарту секілді салдары ауыр шешімдерде маңызды.
Банктер AI-ды күнделікті жұмысқа енгізіп жатқанда, Ұлттық банк те өз жүйесін қалыптастырған. Қазақстан Ұлттық банкінің Цифрлық трансформация департаментінің директоры Айжан Аринова қаңтарда NBK AI Platform іске қосылғанын айтты. Ол Ұлттық банктің өз қорғалған есептеу инфрақұрылымында жұмыс істейді. Бұл банк құпиясы мен ішкі мәліметтерді сыртқы ортаға шығармай пайдалануға мүмкіндік береді.

Ұлттық банк AI-ды екі бағытта енгізгенін жеткізді. Біріншісі – қызметкердің күнделікті жұмысын жеңілдететін құралдар, екіншісі – технологияны нақты жұмыс үдерісінің ішіне енгізу. Соның бірі – NBK AI Monetary Policy Assistant. Ондағы бір агент ақша-кредит саясатын жұмсарту жөніндегі уәждерді талдаса, екіншісі қатаңдату қажеттігін қарастырады. Үшінші агент екі тараптың дәлелін салыстырады.
"Біз модельдің қандай дерекке сүйенгенін, аралық жауаптары қандай болғанын көре алуымыз керек. Бұл "қара жәшік" болмауы тиіс. Әртүрлі агент әртүрлі ұстанымды талдай алады, бірақ олардың қорытындысын тексеруге мүмкіндік болуы керек. Адам бүкіл процестің ішінде қалуы қажет", – деді Айжан Аринова.

Осы ойды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов та жалғастырды. Оның айтуынша, AI-агентті реттеу үшін алдымен оның не үшін жасалғаны, қандай жұмыс атқаратыны және қандай шектеумен жұмыс істейтіні анық болуы керек.
"AI-агенттің мақсаты, міндеті, оған берілген нұсқаулар мен қауіпсіздік шектері алдын ала түсінікті болуы керек. Біз модельдің шешімді қалай қабылдағанын түсіне алуымыз қажет. Қызмет көрсету кезінде кемсітуге, жасырын комиссияларға жол берілмеуі және ашықтық сақталуы тиіс. Агентке берілетін еркіндік артқан сайын оны бақылау тетігі де күшейе түсуі керек", – деді Тимур Әбілқасымов.
AI-агенттердің өкілеті туралы мәселе тек банк секторымен шектелмейді. Қаржы нарығының тағы бір маңызды бөлігі – сақтандыру саласында жасанды интеллектке әлдеқайда көбірек еркіндік берілген. Мұнда алгоритм тек сараптамамен шектелмей, төлемге негіз болатын шешім қабылдау процесіне дейін қатыса алады.
Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев компаниядағы параметрлік агросақтандыруды осындай мысал ретінде келтірді.
"Біздің компанияда алгоритм шешіміне толық сүйенетін өнім бар. Бұл – агробизнеске арналған параметрлік сақтандыру. Спутниктік деректер мен компьютерлік көру негізінде жүйе жағдайды бағалайды, содан кейін төлем жасалады. Бұл біздің тәжірибемізде шешімді алгоритм өзі қабылдайтын нақты мысалдардың бірі", – деді Азамат Керімбаев.
Сақтандырудағы автоматтандыру мұнымен шектелмейді. Компанияның қоңырау орталығына түсетін өтініштердің 42%-ын робот толық өңдейді. Сақтандыру жағдайларын реттеуді цифрландыру компанияға жыл сайын шамамен 10 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік берген. Қазір компьютерлік көру арқылы залалды автоматты анықтап, төлем мөлшерін есептеу бағыты да дамып жатыр.

Freedom Insurance сақтандыру төлемдерінің 72%-ын 10 күн ішінде жүзеге асырады. Ал 2026 жылдың үшінші тоқсанында AI-агенттер енгізілгеннен кейін сақтандыру жағдайын қарау уақыты 32%-ға қысқарған. Компанияның келесі межесі – 2027 жылы сақтандыру төлемдерінің 60%-ын AI-агенттің шешімі негізінде, адамның қатысуынсыз реттеу.
"Қазір бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Біз үшін AI ең алдымен клиент жолын қысқартып, процесті жылдамдататын құрал. Нәтиже клиентке сезілуі керек", – деді Азамат Керімбаев.
Панельдегі мысалдар бір нәрсені көрсетті. Қаржы саласында AI-ға бәріне ортақ бір ғана шек қою мүмкін емес. Банкте ол дерек жинап, тәуекелді іріктеп, маманға ұсыныс береді. Ұлттық банкте әртүрлі ұстанымды қатар саралайды. Реттеуші оны бақылаудың өзіне AI пайдалануға көшіп жатыр. Ал сақтандыруда алгоритм адамның тікелей араласуынсыз шешім қабылдайтын деңгейге жеткен.
Бірақ адамның қаржылық жағдайына тікелей әсер ететін маңызды мәселелерде соңғы шешім маманда қалуы тиіс. Яғни технологияның өкілеті кеңейгенімен, оның салдары мен жауапкершілігі бәрібір адамға жүктеледі.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы