Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийдегі жағдайдан аман қалған сарбаздардың барлығы борышын өтеп, үйлеріне оралды

сарбаздар
Фото: Әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздардың үйлеріне оралып, жақындарымен қауышқан сәтте түсірілген видеолар тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

3 қазан күні Ақжол Темерхан, 4 қазан күні Бекет Мырзағалиев пен Никита Удалов әскери борышын өтеп, отбасына оралды. 

Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов Ақтау қаласындағы №29011 әскери бөлімінде де қызмет етіп, санитарлық нұсқаушы болған.

Каспий сарбаздар
Фото: instagram.com/udalov_52_yo

Әскери борышын жолдастарынысыз аяқтаған Бекет Мырзағалиев әлеуметтік желіде марқұмдардың жақындарына көңіл айтты. 

“Қаза тапқан қарулас бауырларымның отбасыларына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу — жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін”, – деп жазды Бекет. 

Жазым болған жауынгерлердің ешқашан ұмытылмайтынын айтты ол.

“Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап,дұғада болған қазақ елі сіздерге Алла разы болсын”, – делінген жазбада.

Бұған дейін Ақжол Темірхан мен Бекет Мырзағалиевтің әскерден оралғаны туралы жазған едік. 

Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалды.

Медициналық мекеменің мәліметінше, оқиға болған күні, 24 қыркүйекте ауруханаға бір әскери қызметкер Ақжол Темерхан жеткізілген. Ал Никита Удалов пен Бекет Қуандық 26 қыркүйекте ауруханаға түскен.

Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалып, қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды қызметкері күдікті ретінде ұсталды. 26 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Ал 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 08:10