Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийдегі жағдай кезінде тізімде болып, кейін жоғалып кетті деген сарбаздар ел алдына шықты

әскери
Фото: Видеодан скрин. Айнар мен Мағауия

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметкердің қаза табуынан кейін әлеуметтік желіде Айнар Ахметов пен Әли Мағауияның қайда болғаны туралы сұрақтар пайда болды. Кей жазбаларда олардың теңізде болғаны айтылып, туыстары сарбаздардың жағдайына алаңдаған. Қорғаныс министрлігі екі сарбазды ел алдына шығарып, дауға нүкте қойғысы келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді. Олар екі сарбаздың теңізге кеткен 17 әскери қызметкердің қатарында болмағанын мәлімдеді.

“Оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметкерлердің барлығы бірдей теңізде болмаған. Әрқайсысына жеке оқу міндеттері берілген.

“Оқу-жаттығу кезінде барлығына жеке тапсырма беріледі. Осы екі сарбазға қатысты да нақты міндеттер болған. Олар тапсырмаларын жағалауда орындады”, – деді Қорғаныс министрлігі өкілі.

Айнар мен Мағауияның өзі не деді?

Қорғаныс министрлігі екі сарбаздың әскери бөлімде екенін көрсетіп, олардың өзіне бірнеше сұрақ қойылған видеоны жариялады.

Алдымен Әли Мағауиядан 24 қыркүйекте қайда болғаны сұралды.

“Мен сол күні теңіз жағалауында болдым. Кемеге мінген жоқпын. Өзіме берілген міндетті, яғни теңіз жағалауын күзетуді атқардым”, – деді ол.

Әскери қызметкердің айтуынша, сол күні оған ұялы телефон қолдануға мүмкіндік берілген.

“Ата-анаммен сөйлесіп, өзімнің хәл-жағдайым жақсы екенін жеткіздім”, – деді Әли Мағауия.

Ал Айнар Ахметов те 24 қыркүйекте теңіз жағалауында болғанын және кемеге отырмағанын айтты.

“24 қыркүйек күні теңіз жағалауында болдым. Кемеге мінген жоқпын”, – деді Айнар.

Ол оқиғадан кейін үйдегілермен байланысқанын да айтты.

“Иә, хабарластым. Өзімнің хәл-жағдайымды айтып, менде бәрі жақсы екенін жеткіздім”, – деді әскери қызметкер. 

Қорғаныс министрлігі қоғамды тек ресми ақпаратқа сеніп, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.

Неліктен бастапқыда 19, кейін 17 әскери қызметкердің есімі айтылды?

Қорғаныс министрлігі өкілі әскери қызметкерлер санының бастапқыда 19 адам, кейін 17 адам деп көрсетілуіне де түсініктеме берді.

Ведомствоның айтуынша, алғашқы мәлімет алдын ала ақпарат болған.

“Бұл алдын ала ақпарат болды. Сол кезде хаос болды, ақпаратты жедел беру керек еді. Жағада отырып санап, жариялауға дайындауға мүмкіндік болған жоқ. Негізгі міндет – құтқару және тағы біреудің қалып қоймағанын анықтау еді”, – деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, кейін ақпарат нақтыланып, теңіздегі оқу-жаттығудың осы бөлігіне 17 әскери қызметкер қатысқаны анықталған.

“Айнар Ахметов пен Әли Мағауия теңіздегі 17 әскери қызметкердің құрамында болмады.  Олар сол күні жағалауда өздеріне жүктелген міндеттерді орындады. Әлеуметтік желіде өзін әскери қызметкерлердің туысы ретінде таныстырып, түрлі ақпарат жариялаған адамдардың мәлімдемелеріне қатысты нақты жауап бере алмаймыз”, – деп жауап берді олар. 

Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуға қатысқан матрос Айнар Ахметов туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарағаны туралы жазған едік. Оның туыстары сарбазбен байланыса алмай жатқанын айтып, жағдайын анықтауды сұраған. 

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметкер құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 13:15