Каспийдегі жағдайдан соң аман қалып, тізімге енбей қалған сарбаздар туралы ақпарат тарады: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуға қатысқан матрос Айнар Ахметов туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Оның туыстары сарбазбен байланыса алмай жатқанын айтып, жағдайын анықтауды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Профессор Дәметкен Сүлейменова Facebook парақшасында Айнар Ахметовтің өзіне туыс екенін жазды. Оның сөзінше, сарбаз оқу-жаттығу кезінде өз күшімен жағаға шыққан және қасындағы әскери қызметкерге көмектесуге тырысқан.
“Мен Каспий теңізіндегі оқиға туралы мәлімдеме жасайын деп отырмын. Себебі осы әскери жаттығуда нағашымның баласының баласы – Айнар Асхатұлы Ахметов те болды. Ол өз күшімен жағаға аман шыққан және қасындағы жолдасына көмектескен, бірақ оны алып шыға алмаған”, – деп жазды профессор.
Оған қоса Дәметкен Сүлейменова Айнардың тек кіші қарындасымен аз уақыт сөйлесіп, сол күйі іс-түссіз кеткенін айтты.
“Айнар – Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Тоғанастан. Ахметов Айнардың әкесі 2-топ мүгедек, анасы ауырады, көпбалалы ана. Олар баласымен хабарласа алмай отыр. Тек кеше кіші қарындасымен 1-2 минут сөйлескен, сосын хабар үзілген. Қазір желіде тірі қалған 3 солдат деп көрсетіп жатыр. Біздің тумамыз сонда тізімде жоқ па, бұл қалай? Айнар кеше сөйлескенде дірілдеп дұрыс сөйлей алмай тұрған сияқты деп, қарындасы айтып отыр”, – деп жазды Сүлейменова.
Сонымен қатар ол басшылардан тез арада анығын біліп беруді сұрады.
“27 қыркүйекте президент Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатта қаза болған әскери қызметкерлердің 29011 әскери бөлімнің сарбаздары екені көрсетілген. Алайда Айнар Ахметовтің аты қаза болғандар мен аман қалғандар туралы жарияланған ақпаратта аталмаған”, – деп жазды профессор.
Сол себепті ол Сырым ауданының әкімдіктерінен жағдайды шұғыл анықтауды сұрады. Ол облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтан:
Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің тұрғыны, 2007 жылы 26 наурызда туған Айнар Ахметовтің амандығын анықтап, отбасымен байланысын қамтамасыз етуді;
оның 24 қыркүйектегі оқу-жаттығуға қатысқанын ресми растауды;
Оған қоса профессор сарбаздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көрсеткен ерлігіне тиісті баға беруді сұрады.
“Сарбазды туған үйі алаңдап, күтіп отыр. Оның тірі екенінен хабар бар, бірақ не үшін аман қалғандар тізімінде жоқ екені беймәлім. Қайдасың, Айнар інім?”, – деп жазды ол.
Бұл ақпаратқа қатысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді.
“Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. Мерзімді әскери қызметтегі матростар Айнар Ахметов мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметкерлер тобының құрамында болды”, – делінген хабарламада.
Қазір олар әскери қызметін атқарып жүр дейді.
“Қазір аталған әскери қызметкерлер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр. Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз”, – делінген хабарламада.
“Айнар мен Мағауияға да “Ерлігі үшін” медалін беру керек”
Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін аман қалған әскери қызметкерлерді “Ерлігі үшін” медалімен марапаттау туралы мәселе көтерілді.
Facebook қолданушысы Бибігүл Рамазан Тоқаевтың 27 қыркүйектегі Жарлығымен марапатталған әскери қызметкерлер қатарында Айнар Ахметов пен Мағауия Әли де болуы керек деп санайды.
“Сонымен ең алғашында айтылған 19 әскери қызметкер дегені енді дұрыс болды. 1) Мағауия Ә.А. 2) Ахметов А.А. Осы екі сарбаз туралы еш жерде айтпады. Ендеше президентіміз “Ерлігі үшін” медалін осы екі сарбазға да беруі керек. Егер бұл сарбаздарға берілмесе, әділетсіз болады деп есептеймін”, – деп жазды Бибігүл Рамазан.
Қазір ресми ақпарат бойынша, президенттің жарлығымен “Ерлігі үшін” медалі аман қалған үш әскери қызметкерге – Қуандық Бекет Бақтыбекұлына, Темірхан Ақжол Тимурұлына және Никита Удаловқа берілген.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметкер құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Зейнетақы жинағын аннуитетке аудару тиімді ме, әлде БЖЗҚ-да қалдырған дұрыс па? Сарапшы түсіндірді
