Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздар қызмет еткен әскери бөлім құтқару кеудешелерін 14 мың теңгеден сатып алған

әскер
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 17 сарбазды толқын алып кетіп, 14 әскери қызметкер қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін сарбаздарға қандай құтқару құралдары берілгені туралы сұрақ туындады. Осылайша Маңғыстау облысындағы №29011 әскери бөлімі биыл жаңа құтқару кеудешелерін сатып алғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hronika.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік сатып алу құжаттарына сәйкес, әскери бөлім биыл сәуірде жалпы құны 2,2 миллион теңгеге 143 құтқару кеудешесін сатып алған. Оның 79-ы – бір данасы 16 900 теңге тұратын құтқару кеудешесі, тағы 64-і – бір данасы 14 800 теңгелік жұмысқа арналған кеудеше.

Сатып алу “Бағалық ұсыныстарға сұрау салу” тәсілімен жүргізілген. Бұл жағдайда тауарды ең төмен баға ұсынған жеткізуші жеңіп алады. Тендерді Жадыра Керімбаева есімді жеке кәсіпкер ұтқан.

сатып алу
Фото: kompra.kz

Кеудешелердің техникалық сипаттамасы қандай?

Құжаттағы талаптарға сәйкес, екі түрлі кеудеше де 2025 жылдан бұрын өндірілмеуі керек болған. Олар қызыл немесе қызғылт сары түсті, салмағы 800 грамнан аспайтын және жабық ұяшықты құрылымы бар көбіктелген полиэтиленнен жасалуы тиіс.

Бірінші үлгінің жүк көтеру қабілеті кемінде 140 келі, екіншісінікі – 120 келі деп көрсетілген.

әскер
Фото: nauticexpo.fr

Кеудешелер қоршаған орта температурасы -30°C-тан +65°C-қа дейін, ал су температурасы -1°C-тан +30°C-қа дейін және -1°C-тан +40°C-қа дейінгі жағдайда пайдалануға жарамды болуы тиіс.

Сонымен қатар олар адамның суда кемінде 24 сағат бойы жүзуін қамтамасыз етуі, жүзбелі арқанмен, сигнал беретін ысқырық және шаммен, жарық шағылыстыратын жолақтармен, паспортпен жабдықталуы керек болған. Белдігі де реттелетін болуы тиіс.

Құжатта тауардың жаңа, зауыттық қаптамада, механикалық зақымсыз және пайдалануға жарамды болуы керегі көрсетілген. Жеткізуші тауардың сапасын растайтын сертификаттар мен сәйкестікті бағалау құжаттарын да ұсынуы тиіс болған.

Кеудешелерді кім жеткізген?

Мемлекеттік сатып алу құжаттарында жеткізуші ретінде Ақтауда 2025 жылы қыркүйекте тіркелген ЖК Жадыра Керімбаева көрсетілген.

Adata.kz сервисінің мәліметінше, кәсіпкердің негізгі қызметі – пошта немесе интернет арқылы тауарларға тапсырыс беріп, бөлшек сауда жасау. Оның лицензиясы жоқ.

Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ақпаратқа сәйкес, кәсіпкер бұған дейін әскери бөлімге құтқару кеудешелерінен бөлек пернетақта мен тінтуір, металл орақ, тестер және конверттер де жеткізген.

Басылым журналистері кәсіпкермен байланысқан. Жадыра Керімбаева кеудешелерді әскери бөлімге биыл шілде айында жеткізгенін растаған.

Оның айтуынша, тендерді жеңіп алған соң әскери бөлім өкілдері қандай кеудеше қажет екенін айтқан. Кәсіпкер олардың бұрын Қарағандыдағы фабрикадан осындай өнім сатып алғанын біліп, сол жерден тауарды көтерме бағамен алған.

“Кеудешелердің сертификаттары бар. Мен тендерді жеңіп алып, тапсырыс беруші сұраған тауарды жеткіздім. Олардың кеудешелерді нақты қандай мақсатта пайдаланатынын анықтаған жоқпын”, – деді ол.

Бұл кеудешелер әскери мақсатқа қаншалықты сай?

Материал авторлары сатып алынған кеудешелердің техникалық сипаттамасын жасанды интеллект арқылы да талдаған.

Талдау нәтижесінде олардың сипаттамасы азаматтық мақсатта – балықшылар мен қайық жолаушыларына арналған құтқару кеудешелеріне көбірек ұқсайтыны айтылған.

Мұнда бір маңызды жайт бар: бұл қорытындының өзі әскери сараптаманың немесе ресми сынақтың орнына жүрмейді. Кеудешелердің нақты әскери талаптарға сай-сай еместігін тиісті сараптама анықтауы керек.

әскер
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Дегенмен техникалық сипаттамадағы бірнеше мәселе назар аудартады.

Біріншісі – жүзу қабілеті. Кеудешелердің сипаттамасына сүйенген есеп бойынша олардың жүзу күші шамамен 100–120 ньютон болуы мүмкін. Ал материал авторлары НАТО стандарттарындағы кейбір әскери құтқару құралдарында бұл көрсеткіштің 275 ньютоннан басталатынын атап өтеді.

Бұл жерде қарапайым түсіндірсек, адам неғұрлым ауыр киіммен суда қалса, оны төмен қарай тартатын күш те артады. Сондықтан әскери форма, аяқ киім, қару-жарақ және басқа жабдықпен жүрген сарбазға арналған құтқару құралының жүзу мүмкіндігі ерекше маңызды.

Екіншісі – материалдың беріктігі. Азаматтық кеудешелер көбіне синтетикалық материалдардан жасалады. Ал әскери мақсаттағы жабдықта беріктік, механикалық әсерге төзімділік және пайдалану жағдайы ескеріледі.

Үшіншісі – түсі. Қызыл және қызғылт сары түстер суда адамды құтқарушыларға тез анықтауға мүмкіндік береді. Алайда әскери жағдайда ашық түсті форма немесе жабдықтың көрінуі тактикалық тұрғыдан бөлек мәселе.

Сондықтан бұл кеудешелердің әскери оқу-жаттығу кезінде пайдалануға қаншалықты жарамды болғанын анықтау үшін тек сатып алу құжатын емес, олардың нақты сертификаттарын, өндірушісін, сынақ нәтижелерін және әскери бөлімнің техникалық талаптарын зерттеу қажет.

Әскери құтқару кеудешелері қанша тұрады?

Материалда армиялық құтқару кеудешелерінің бағасы 150 мың теңгеден басталатыны айтылады. Алайда әскери мақсаттағы жабдықтың нақты нарықтық бағасын салыстыру оңай емес. Себебі мұндай тауарлар көбіне мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында жабық келісімшарттармен сатып алынады.

Ал №29011 әскери бөлімінің сатып алуы ашық мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жүргізілген.

Мемлекеттік сатып алу порталында қабылдау актісінің өзі жарияланбаған, тек оның бекітілгені туралы ақпарат бар. Осы себепті сатып алынған кеудешелердің нақты маркасы мен өндірушісін ашық дереккөздер арқылы анықтау мүмкін болмаған.

Құтқару кеудешесін не үшін дәл осындай сипаттамамен сатып алған?

Бұл жерде негізгі сұрақ жеткізушіге емес, сатып алудың техникалық талаптарын кім және қандай негізде қалыптастырғанына байланысты.

Жеткізуші жарияланған лоттағы талаптарды орындап, тауарды жеткізген. Демек мемлекеттік сатып алу тәртібі бойынша оның әрекетінде ерекше жағдай болғаны туралы дерек жоқ.

Ал әскери бөлім қандай жабдық қажет екенін анықтап, техникалық сипаттамасын қалыптастырған. Сондықтан енді тергеу аясында кеудешелердің әскери қызметкерлерді қорғауға арналған талаптарға қаншалықты сәйкес келгені, олардың сертификаттары мен сынақ нәтижелері, оқу-жаттығу кезінде сарбаздарға қалай берілгені және пайдаланылғаны анықталуы маңызды.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Stan.kz
Сенбі, 26 Қыркүйек, 2026 10:27