Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің фотосы жарияланды

 
әскери
Фото: Коллаж Stan.kz

Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметкер қаза тапты. Тағы екі сарбазды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қайғылы жағдайдан кейін Қазақстанда 25 қыркүйек Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Осыған орай Stan.kz қаза тапқан сарбаздардың жақындары жариялаған естеліктер мен қаралы жазбаларды жинақтады.

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметкердің жақындары қара жамылып, әлеуметтік желіде марқұмдарды еске алып жатыр7

Ұлын қарсы алуға той жасамақ болған

Қаза болғандардың бірі – Мадихан Азамат Болатбекұлы. Оның отбасы баласының әскери қызметін аяқтап, үйге оралуын асыға күткен.

Жақындарының айтуынша, Азаматтың елге оралуына небәрі тоғыз күн қалған. Отбасы оның аман-есен оралуына орай арнайы дастархан жайып, туған-туыстарын шақырып, қарсы алуды жоспарлаған.

 

әскери
Фото: Threads

 

Тіпті осыған байланысты шақыру билеттері де дайындалған. Онда Азаматтың Отан алдындағы борышын өтеп, елге аман-есен оралатыны жазылған.

Алайда Каспийдегі қайғылы оқиға отбасының барлық жоспарын өзгертті. Ұлын қуанышпен қарсы алуға дайындалған отбасы енді қара жамылып отыр.

“Ағам-ау, айырылдым-ау сенен мәңгіге”

Қаза тапқан әскери қызметкерлердің бірі – Бегей Дастан Нұрболұлы.

Дастанның бауыры әлеуметтік желіде оған арнап жазба жариялады. 

“Ағам-ау, айырылдым-ау сенен мәңгіге. Сарбаз боламын, елімнің алдындағы борышымды атқарамын деп асығып едің. Енді сені мәңгіге сағынамын. Айтып едің, өзің күтіп аламын деп. Күтіп алмайтын болды-ау”, – деп жазды ол.
әскери
Фото: Threads begeev

 

"Мәңгілік махаббатым"

Қаза болғандардың арасында Жаңабай Әсет Саматұлы да бар.

Оның сүйіктісі әлеуметтік желіде марқұмның суретін жариялап, “Мәңгілік махаббатым” деп жазды.

Жігіттің қазасы жақындары мен сүйген адамына ауыр қайғы болды.

әскери
Фото: Threads

 

“Жағада жүремін”

Қаза тапқан әскери қызметкер Жаңабай Әсет қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын туған күнін атап өткен. Туған күніне орай әскери бөлімнен демалыс алып, жақындарының біріне барған. Бұл жағдайды оның танысы Threads парақшасында жазды. 

“Төрт-бес күн бұрын туған күні болып, демалыс алып, күйеуімнің жұмысына келгенде “теңізге барамыз” деп айтқан екен. Сонда менің күйеуім “сен жүзе білмейсің ғой” деп айтқан. Әсет “жағасында жүремін ғой” деп айтқан. Қандай жағдай болғаны Аллаға аян. Бірақ жүзу білмейтін балаларды ауыр заттарымен теңізге шығарғаны алаңдатады. Әсет жағасында жүремін деп ойлаған ғой. Соңғы демі сол жерде үзілетінін қайдан білсін. Күн жылы болғанмен, теңіз салқын ғой. Не түсірді екен теңізге?" – деп жазды жақындарының бірі.
пікір
Фото: Threads скрин

 

Сержан Аяпберген спорттан әскерге кеткен

Каспийде қаза тапқан әскери қызметкерлердің арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері, 20 жастағы Сержан Аяпберген де болды.

әскери
Фото: Threads

Ол әскерге шақырылғанға дейін самбо және дзюдомен айналысқан. Спорттық мансабында самбодан Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанып, ТМД студенттері арасындағы жарыстарда да жүлде алған. Сонымен қатар дзюдодан республикалық және халықаралық турнирлерге қатысқан.

Сержан Маңғыстау облысының намысын түрлі жарыстарда қорғаған.

“Жеңіс Тілеуішұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады”

Марқұм Жеңіс Тілеуішұлы Темірғалиев Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тумасы. Оның қазасын жергілікті әкімдік хабарлады. 

“Жеңіс Тілеуішұлы ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Отан қорғау жолында қаза тапты. Оның қазасы ата-анасы мен туған-туыстарына ғана емес, бүкіл ауыл-аймағына, барша жерлестеріне ауыр қайғы әкелді. Жастайынан ел үмітін арқалап, азаматтық борышын абыроймен атқаруға ұмтылған азаматтың жарқын бейнесі, адамдық болмысы мен елге деген сүйіспеншілігі оны таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Жеңіс Тілеуішұлының иманы саламат, жаны жәннатта болсын”, – делінген әкімдік таратқан көңіл айту хабарламасында.

Көңіл айтуға Бөрлі ауданының әкімдігі, аудандық мәслихат депутаттары және ардагерлер ұйымдары қосылды.

 

"Ізінен ерген сарбаздарға нағыз үлгі боларлық азамат еді"

Қаза тапқан әскери қызметші, аға лейтенант Олжас Мұхтарұлын жақын таныған азамат та естелігін бөлісті.

“Олжас Мұхтарұлы (09.01.2003–24.09.2026) – ізінен ерген сарбаздарға нағыз үлгі боларлық азамат. 2021 жылы танысып, содан бері араласып кеткен едік. Ол кезде Олжас екінші курста оқып жүрген. Бес жыл шетелде білім алып, енді ғана жұмысқа орналасып жатқан еді”, – деп жазды ол.

 

“Өмірзақ Өмірбектің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады”

Қарулы Күштердің мерзімді әскери қызметкері, матрос Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы Маңғыстау облысында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапты.

Қаралы хабарды Бәйтерек ауданының тұрғындары ауыр күйзеліспен қабылдаған.

“Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлының мезгілсіз қазасы артында қалған отбасы мен жақындарына, ел-жұртына орны толмас қайғы әкелді. Марқұмның ата-анасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын. Өмірзақ Өмірбектің Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқару жолындағы азаматтық ұстанымы мен жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады”, – делінген көңіл айту хабарламасында.

Көңіл айтуға Бәйтерек ауданының әкімі мен ұжымы, аудандық мәслихат төрағасы мен ұжымы, аудандық ардагерлер кеңесі және аудандық қорғаныс істері бөлімі қосылды.

“Мәңгілік, ұмытылмас махаббатым”

Қаза болғандардың арасында Бердіхан Мейрамбек Ермұханұлы да бар. Оның сүйіктісі әлеуметтік желіде марқұмның суретін жариялап, жүрекжарды жазбасын қалдырған.

әскери
Фото: Threads
“Жаным, Микошым, жүрегім, махаббатым. Мына сезімді сезіну қатты қиын болып жатыр. Жүрегім қан жылап тұр. Сағындым бір өзіңді. Жаның жәннатта болғай. Мәңгілік, ұмытылмас махаббатым”, – деп жазды ол.

 

“Күн санап жүр едік...”

Ал тағы бір сарбаз Ақжайық Болатбекұлының бауыры ағасын жоқтаған.  

“Күн санап жүр едік қой ағатайым-ау, қашан келесің ғой”, – делінген жазбада. 

әскери
Фото: Threads

Маңғыстауда қаза тапқан Ақжайық Гиляждың туған жері – Қараоба ауылының тұрғындары да қара жамылды. Казталов ауданының Қараоба ауылының тұрғыны,  матрос Ақжайық Болатбекұлы Гиляж Маңғыстау облысында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапты.

Қайғылы жағдайға байланысты жергілікті әкімдік пен ауыл тұрғындары марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.

“Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу жолында өмірін қиған Ақжайықтың мезгілсіз қазасы туған-туыстары мен жақындарына, ел-жұртына орны толмас қайғы әкелді. Осы ауыр сәтте марқұмның ата-анасына, туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Ақжайық Гиляждың Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқару жолындағы азаматтық ұстанымы мен жарқын бейнесі туған елінің жүрегінде, халық жадында мәңгі сақталады”, – делінген көңіл айту хабарламасында.

“Жүрегім қан жылап тұр”

Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін қаза тапқан сарбаздарды олардың жақындары ғана емес, елдегі аналар да жоқтап жатыр.

Әлеуметтік желіде сарбаздарды өз балаларындай көрген әйел олардың қазасына байланысты ауыр жазба қалдырды.

“Соңғы кездескенде армандарыңды айтып, мәз болып едіңдер ғой. Ал бүгін жүрегім қан жылап тұр. Сарбаздарым қара суық жерде жатқанда, мен қалай көз ілемін? Ана жүрегі тыныштық таппайды екен. Бір сәт көзімді жұмсам да, көз алдыма сендер келесіңдер. Сендерді мәйітханадан үйлеріңе шығарып саламын деп ешқашан ойламадым”, – деп жазды ол.

“Тым жақсы жігіттер еді”

Қаза тапқан сарбаздарды олармен бірге қызмет еткен бұрынғы әскери қызметкер де еске алып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

“2025 жылдың қазан айында жаңадан әскерге келген сарбаздар еді. Ешкімнің ойында ештеңе жоқ, бәріміз бірміз, “отбасымыз” деген ұран бар еді. Содан мен де жарты жылдан соң жұмыстан шығып кеттім. Өз взводымды қимай, естелікке фотоға түскенбіз. Азаматтық киіммен жүрсем де, жазып, амандығымды сұрап тұратын. Тым жақсы жігіттер еді. Енді күні кеше осы хабарды естіп, сене алмай отырмын. Алла жандарыңды жәннаттық қылсын. Отбасыларына, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз”, – деп жазды ол.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 11:47