"Өлім аузынан қалдық": Түркістан облысында су басқан ауыл тұрғындары мал-мүлкінің көз алдында ағып кеткенін айтты
Түркістан облысында үш ауылды су басты. Сел астында қалған Қазығұрт тұрғындары апаттың жаңбыр жауған сайын қайталанатынына күйінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жолы нөсер небәрі жарты сағатқа ұласқан. Соның өзінде топан су қора-қопсыны қиратып, үй қоршауының түгін қалдырмай құлатып тастаған. Өлім аузынан қалдық деген қараша мал мүлкінің көз алдында ағып кеткенін айтып ағыл-тегіл жылап отыр.

Қара шаңырақты жазда ғана жөндеген Сейдахановтар кешегі селден кейін далада қалды. Мүгедектігі бар қос қарттың бірі ауруханада болып аман қалса, екіншісін ауыл тұрғындары келіп алып шығыпты. Содан топан суды кешіп кете алмаған көпшілік көлік үстінде жаурап-жасынап үш сағат бойы қимылсыз тұрдық дейді.
"Сағат үште басталған жаңбыр соңы жарты сағат бойы бұршақ аралас селге айналды. Мұның соңы топан суға ұласып, төңіректің бәрін ағызып әкетті. Су деңгейі бір метрден асып жығылды. Үйдің жайын өзіңіз де көріп тұрсыз – жарамды ештеңе қалмады. Көлік қозғала алмай, ішіндегі адамдар да сыртқа шыға алмай қалғандықтан, амалсыздан машинаның үстін паналадық. Сағат үш жарымнан кешкі алты-жетілерге дейін тапжылмай отырдық. Көз алдымызда төрт түлік мал суға ағып бара жатты", – дейді Қосағаш ауылының тұрғыны Айгүл Жұманова.

"Қаптай келген тасқыннан не істерімізді білмей сасып, трактормен әрең қашып шықтық. Жұртшылық қол ұшын берсе екен деймін, басқа айтарым жоқ. Су үйдің шатырына дейін жетті. Тіпті қоршауларды жайпап, үйімізге таудай болып төнгенде сөзбен айтып жеткізе алмайтындай қатты қорықтым. Әйтеуір ауылдастар келіп, бізді аман-есен алып шықты", – дейді Қосағаш ауылының тұрғыны Рысгүл Сейдаханова.

Қазығұрттағы сел үш ауылдың тұрғындарын сенделтіп жіберді. Олар Ақбастау, Тұрбат және Қосағаш елді-мекеніндегі ағайын. Топан судың қатты келгені сонша қоршаудың бәрін қиратып, қора-қопсыны құлатып тастаған. Қара күзде далада қалған бұқара тасқынның түнде болмағанына шүкір айтып отыр.
"Мұнда қамалып қалдым. Тасқын судың дауысын естігенде: "Не де болса, сыртқа шығып ажал құшайын" деп бекіндім. Есікті әрең ашып сыртқа ұмтылсам, су белден асып кетіпті. Төбе жақта су ағатын канал бар еді. Соның барлығын бекітіп тастапты. Әйтпесе, бұл каналдың суы орталықтағы мектептің жанындағы үлкен сай арқылы өзенге ағып кететін. Алайда жоғарыдағы жұрттың бәрі сонда үй салып, каналдың үстін жауып тастаған. Енді баяғы каналдардан түк қалмапты", – дейді Қосағаш ауылының тұрғыны Бейсен Қаратаева.

Қазығұртқа тасқын судың келуі алғаш рет емес. Қараша жаңбыр жауған сайын жанын шүберекке түйіп отырады. Өйткені көктем мен күз сайын құятын нөсерден соң сел сайдағы ауылдарға ағады. Алты ай сайын топан су мен алысатын тұрғындардың қашан тыныш ұйықтайтыны әзірге белгісіз.
“Заңға сәйкес бұл жерде төтенше жағдай жариялаған кезде ғана мемлекеттен көмек көрсетіледі. Бірақ біз төтенше жағдайдың лимиттік шегіне жетпегеннен кейін төтенше жағдай жарияламағанбыз. Бұл жерге елдегі кәсіпкерлерді демеушілік жасаған есебінен жәрдем беретін боламыз. Біз өз тарапымыздан барлық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Арық-атыздарды өтініштер бойынша айтылған нелерді тазартып жатырмыз. Көктемде одан кейін күз мезгілінде тазалап отырамыз. Алда қосымша жұмыстар оны бірлесе отырып атқарылатын болады”, – дейді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов.
Бұл жолғы топаннан қанша баспананың бүлініп, қанша отбасының далада қалғаны қазір нақтыланып жатыр. Айта кету керек, ауылда тұрғын үйден бөлек оқушылар мектепке өтетін көпір де кешегі селден кейін қирап қалған. Соған қарамастан бұқара бір кездері өздері тұрғызған өткел үстінен амалдап кетіп барады.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында нөсер жауын салдарынан бірнеше ауылда сел жүргені туралы жазған едік.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді