Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінін сотқа беріп, 6,6 миллион теңге өндіріп алды
Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова бұрынғы келіні Назым Қаһарманды сотқа берді. Ол Қаһарманнан өзіне тиесілі мүлікті жалға беруден түскен табысты бермегені үшін 14 миллион теңге өндіруді талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарады. Сот материалдарына сәйкес, Нұрлыбековаға тиесілі нысан 2023 жылғы 1 қарашада Назым Қаһарманның "NazKa" жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға берілген. Келісімшарт 2029 жылғы 31 қазанға дейін жасалған.
"Нұрлыбекованың айтуынша, Назым Қаһарман оның мүлкін жалға беріп, одан табыс тапқан. Алайда түскен ақшаны бермеген әрі кіріс туралы растайтын құжаттары бар толық есеп ұсынбаған", — делінген хабарламада.
Сот материалдарында бұл сенімгерлік басқару шартындағы міндеттемелердің тиісінше орындалмағанын көрсететіні айтылған. Осыған байланысты Нұрлыбекова соттан "NazKa" ЖК-нан 14 миллион 74 мың 771 теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж бен соттағы өкілдік шығындарын өндіріп беруді сұраған.
Назым Қаһарман сотта Нұрлыбекованың талабымен келіспей, оны толықтай қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
“Алайда сот Нұрлыбекованың талабын ішінара қанағаттандырды. "NazKa" ЖК-нан оның пайдасына 6 млн 665 мың 391 теңге өндірілетін болды. Ал қалған 7 млн 409 мың 380 теңге бойынша талап қанағаттандырылмады”, – делінген хабарламада.

Сот шешіміне сәйкес, "NazKa" ЖК Нұрлыбековаға 6 миллион 665 мың 391 теңге төлеуі тиіс. Сонымен қатар 66 мың 654 теңге мемлекеттік баж бен 666 мың 539 теңге өкіл қызметінің шығыны өндірілетін болды.
Ал Нұрлыбекованың қалған 7 млн 409 мың 380 теңгені өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылмады. Сот шешіміне апелляциялық шағым беруге болады.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы