Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ажырасып, балалары анасымен қалса, сот үкімі өзгере ме? Адвокат жауап берді
Күні кеше блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың отбасындағы жанжал көптің талқысына түсті. Эльмира Төлегенова күйеуі мен оның жақындары тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, екеуі ажырасатынын мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін тағы бір заңдық сауал туындады: егер ерлі-зайыпты некесін бұзып, балалары Эльмира Төлегеновамен қалса, бұл оған тағайындалған жазаға әсер ете ме? Stan.kz тілшісі бұл мәселені адвокаттан сұрап білді.
Айта кетейік, бұған дейін сот Эльмира Төлегенованы 2 жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда үш жасқа толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.
Ерлі-зайыпта ажырасса, үкім өзгере ме?
Адвокат Альбина Бахтиярқызының айтуынша, ерлі-зайыптының ажырасуының өзі Эльмира Төлегеноваға тағайындалған жазаны автоматты түрде өзгертпейді.
“Ажырасудың өзі жазаны жеңілдетпейді және бас бостандығынан айыру жазасын жоймайды. Бірақ балалардың анасымен тұруы, оның күнделікті күтіміне мұқтаж болуы сот бағалайтын мән-жайлар ретінде ескерілуі мүмкін”, – дейді адвокат.
Заңгер Қылмыстық кодекстің 74-бабында баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелге жазаны өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі көзделгенін түсіндірді.
Оның сөзінше, бұл норманы қолдану үшін әйелдің міндетті түрде ажырасқан немесе балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана болуы шарт емес.
“Сондықтан балалардың анасымен қалуы маңызды болғанымен, “ажырасса, колонияға бармайды” деп айтуға заңды негіз жоқ”, – деді Альбина Бахтиярқызы.
Екі жылдан кейін не болады?
Кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін Эльмира Төлегенованың бірден колонияға жіберілетіні немесе керісінше, автоматты түрде жазадан босатылатыны туралы да кесіп айтуға болмайды.
Адвокаттың сөзінше, бұл кезде соңғы шешімді сот қабылдайды.
“Қылмыстық кодекстің 74-бабының үшінші бөлігі бойынша сот үш шешімнің бірін қабылдай алады:
- жазаны өтеуден босату;
- тағайындалған жазаны неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру;
- жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу”, – дейді заңгер.
Демек, кейінге қалдыру мерзімінің аяқталуы сотталған адамның міндетті түрде колонияға жіберілетінін білдірмейді.
Альбина Бахтиярқызының айтуынша, сот осы кезеңде адамның мінез-құлқын да бағалайды.
“Балаларды тәрбиелеуге қатысуы мен оларға күтім жасауы осы тұрғыдан маңызды”, – деді ол.
Әкесі балаларға қарай алса ше?
Адвокаттың айтуынша, әкесінің балаларды бағып-қағуға мүмкіндігі соттың отбасылық жағдайды бағалауына әсер етуі мүмкін. Алайда бұл анаға берілген жазаны кейінге қалдыруды автоматты түрде жоймайды.
“Маңыздысы – балаларға іс жүзінде кім қарайды, кім тәрбиелейді және кім қамтамасыз етеді. Ажырасудың өзі ананы балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған адам деп тануға жеткіліксіз”, – деді Альбина Бахтиярқызы.
Демек, балалардың анасымен қалуы жазадан босата ма?
Балалардың анасымен қалуы, күнделікті күтімі мен тәрбиесіне Эльмира Төлегенованың тікелей араласуы кейін сот бағалайтын мән-жайлардың бірі болуы мүмкін. Бірақ бұл оның колонияға жіберілмейтініне кепілдік бермейді.
Түпкілікті шешімді кейінге қалдыру мерзімі аяқталған соң сот қабылдайды.
Мән-жайы
Бұған дейін әлеуметтік желіде Эльмира Төлегенованың Instagram Stories-тегі видеолары тараған еді. Онда ол Ерболат Жанабылов пен оның туыстарынан бой тасалап, киім-кешек жиналатын бөлмеде отырғанын айтқан. Оның сөзінше, жақындары телефоны мен жеке заттарын алып қоюға әрекеттенген.
Астана қаласының полиция департаменті 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерді бақылау кезінде блогерлер отбасындағы жанжал туралы Threads желісіндегі жазбаны анықтағанын мәлімдеді.
Полиция мәліметінше, видеода әйел отбасындағы жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсеткен. Осыдан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Тексеру барысында ерлі-зайыптының арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталған.
Ал 1 қазанда сотта тараптардың татуласқаны белгілі болды. Эльмира Төлегенова күйеуінің өзін ұрмағанын, араларында сөзге келіспеушілік болғанын айтып, татуласу келісіміне өз еркімен қол қойғанын растады. Сот осыған байланысты істі тоқтатты.
Соған қарамастан, полиция Ерболат Жанәбіловке қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.
Сонымен қатар полиция 28 тамызда Ерболат Жанәбіловтің пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен тұрғылықты жерде болмаған. Бұл дерек бойынша жиналған материалдар да сотқа жолданған.
Істі Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Соттың қорытынды шешімі туралы ақпарат соттың баспасөз қызметі арқылы хабарланады.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айырылды.
