Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен үшін өте ауыр жаңалық": Блогер Эльмира Төлегенованың әжесі өмірден өтті

Эльмира Төлегенова әжесімен
Фото: Instagram.com/elt6i/

Блогер Ерболат Жанәбіловтің жары Эльмира Төлегенованың әжесі өмірден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Суыт хабарды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді. Ол жақынын жоғалтудың ауыр екенін айтып, оқырмандарынан әжесінің рухына дұға бағыштауды сұрады.

“Бүгін сіздерге мен үшін өте ауыр жаңалықты жеткізгім келеді. Әжем өмірден өтті. Ол менің өмірімнің, балалық шағымның, отбасымның бір бөлшегі еді. Әжемнің енді жанымда жоқ екенін қабылдау да, ішімдегіні сөзбен жеткізу де әзірге өте қиын. Өмір бойы маған сыйлаған мейірімі, махаббаты мен қамқорлығы үшін алғысым шексіз. Онымен өткізген сәттерім мәңгі жадымда қалады”, – деп жазды блогер.

Ол әжесінің қырқын беру рәсімі 31 қазанда Есіл қаласында өтетінін мәлімдеді.

“Әжемнің рухына дұға бағыштап, дұғада еске алуларыңызды сұраймын. Кейінірек нақты ақпаратты жазамын. Әжемнің құрбылары мен таныстарының арасында келіп, көңіл білдіргісі келетіндер болса, осы жазбаны көріп қалар деген оймен жариялап отырмын”, – деді Төлегенова.

Блогер рәсімнің өтетін орны мен уақытын кейінірек хабарлайтынын жеткізді.

Мән-жайы

Бұған дейін әлеуметтік желіде Эльмира Төлегенованың Instagram Stories-тегі видеолары тараған еді. Онда ол Ерболат Жанәбілов пен оның туыстарынан бой тасалап, киім-кешек жиналатын бөлмеде отырғанын айтқан. Оның сөзінше, жақындары телефоны мен жеке заттарын алып қоюға әрекеттенген.

Астана қаласының полиция департаменті 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерді бақылау кезінде блогерлер отбасындағы жанжал туралы Threads желісіндегі жазбаны анықтағанын мәлімдеді.

Полиция мәліметінше, видеода әйел отбасындағы жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсеткен. Осыдан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.

Тексеру барысында ерлі-зайыптының арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталған. Алайда Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан. Кейін ол Instagram парақшасында өзіне қол көтерілмегенін мәлімдеді.

Соған қарамастан, полиция Ерболат Жанәбіловқа қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.

Сонымен қатар полиция 28 тамызда Ерболат Жанәбіловтің пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен тұрғылықты жерде болмаған. Бұл дерек бойынша жиналған материалдар да сотқа жолданған.

Істі Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Соттың қорытынды шешімі туралы ақпарат соттың баспасөз қызметі арқылы хабарланады.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.

27 сәуірде прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.

Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айырылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 17:54