Ерболат Жанәбілов әйеліне қатысты жанжалдан кейін ұсталды
Блогер Ерболат Жанәбілов жұбайы Эльмира Төлегеновамен болған тұрмыстық жанжалдан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция оның үстінен хаттама толтырып, материалдарды сотқа жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана полиция департаментінің мәліметінше, 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Threads платформасында Эльмира Төлегенованың жолдасымен болған жанжалға қатысты видеоүндеуі анықталған.
Видеода әйел жанжалдың мән-жайын айтып, қолдарындағы қызарған жерлерді көрсеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Тексеру нәтижесінде ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталған.
Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, Жанәбіловқа отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеті үшін әкімшілік хаттама толтырылып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ блогер уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.
Қазір іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Полиция бұған дейін, 28 тамызда, Жанәбілов пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын да хабарлады. Атап айтқанда, ол сағат 22:00-ден кейін көрсетілген мекенжайында болмаған. Бұл факт бойынша материалдар да сотқа жіберілген.
Бұған дейін Эльмира Төлегенова әлеуметтік желідегі үндеуінде Ерболат Жанәбіловпен ажырасатынын айтып, жұбайымен болған соңғы жанжалға қатысты пікір білдірген.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айырылды.
Қазақстандық Ресейге жұмысқа кеткен інісінің Украинадағы соғысқа күштеп жіберілгенін айтып, көмек сұрады