Сот блогер Жанәбіловке шартты жаза тағайындап, әйеліне бас бостандығынан айыру жазасын берді

Астанада сот блогер Жанәбіловтерге үкім шығарды. Ерболат Жанәбіловке 2 жылға шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ жазасын екі жылдан соң өтейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі жарияланды. Үкімді оқыған судья Әділбек Баймаханов айыпталушылардың кінәсі дәлелденгенін жеткізді.
Жанәбіловке шыққан үкім
Судьяның айтуынша, Жанәбілов Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (Заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)) бойынша кінәлі деп танылды.
“Жанәбілов Ерболат Нұрлыбекұлы Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу, 218-бап бойынша 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”, – деді судья.
Сот бірнеше бап бойынша жазаларды біріктіріп, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Жанабыловқа келесі міндеттер жүктелді:
- тұрғылықты жерін, жұмысын рұқсатсыз өзгертпеу;
- психоактивті заттарды қолданбау;
- түнгі уақытта (22:00–06:00) үйден шықпау;
- ойын-сауық орындарына бармау;
- жұмыссыз болса, бір ай ішінде тіркелу.
Блогер үкім заңды күшіне енген соң 10 тәулік ішінде пробация қызметіне тіркелуі тиіс.
Төлегеноваға қатысты үкім
Судьяның сөзінше, Төлегенова да осы баптар бойынша кінәлі деп танылды.
“Төлегенова Эльмира Данирқызы Қылмыстық кодекстің 214 және 218-баптары бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 2 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын”, – деді Баймаханов.
Төлегенова жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді. Алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, жаза кейінге қалдырылды.
“Жазаны өтеу мерзімі 2028 жылғы 27 сәуірге дейін кейінге қалдырылсын. Егер сотталған тұлға баланы тәрбиелеуден жалтарса немесе қоғамдық тәртіпті бұзса, екі рет ескерту алған соң сот жазаны кейінге қалдыруды жойып, оны нақты өтеуге жібере алады”, – деді ол.
Төлегенова да 10 күн ішінде пробация қызметіне тіркелуі тиіс.
Сот үкімі шыққаннан кейін айыпталушыларға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертілді. Ал 2026 жылы 2 ақпан мен 27 сәуір аралығында үйқамақта болған уақыты жаза мерзіміне 2 күн үйқамақ 1 күн бас бостандығынан айыру ретінде есептеледі.
Мүлікті тәркілеу
Судьяның айтуынша, мемлекет пайдасына:
- 17 дана iPhone 16
- 8 автокөлік тәркіленеді.
“Lamborghini Urus және Lexus LX көліктеріне салынған тыйым алынып, иесіне қайтарылсын”, – деді ол.
Сонымен қатар судья әрқайсысынан 20 АЕК (78 640 теңге) өндіріп, азаматтық талапты тоқтатты.
“247,6 миллион теңге көлеміндегі залал өтелгендіктен, азаматтық талапты қарауды тоқтату қажет”, – деді судья.
Сотталушылар үкімге 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым бере алады. Алайда блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты. Олар осы шешіммен келісетінін жеткізді.
Блогерлер апелляциялық шағым түсірмейді
Жанәбілов пен Төлегенованың адвокаты Гаухар Айтжанова сот үкімінен кейін апелляция берілмейтінін мәлімдеді.
“Прокурор не сұрағанын, бұл процестік келісім, біз соған келістік. Апелляция болмайды”, –деді адвокат.
Оның айтуынша, Төлегеноваға берілген жаза кезінде заңбұзушылық болмаса, жаза жеңілдетілуі мүмкін.
“Егер екі жыл ішінде қандай да бір құқықбұзушылық болмаса, сот оны жазадан толық босатуы мүмкін”, – деді Айтжанова.
Сонымен қатар адвокат айыпталушылар жауапкершіліктен жалтармағанын айтты.
“Жауапкершілікті олар әлдеқашан көтерді. Жаза тағайындалды. Ал шартты жаза мен кейінге қалдыру заңда қарастырылған”, – деді ол.
Сонымен қатар процестік келісім Қылмыстық-процестік кодексте нақты көрсетілгенін айтты.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек