Блогер Ерболат Жанәбілов жұбайымен татуласып, оған қатысты іс тоқталды
Астанада блогер Ерболат Жанәбіловтің отбасындағы жанжалға қатысты әкімшілік ісі тоқтатылды. Сот ерлі-зайыптының татуласқанын ескеріп, осындай шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, іс 1 қазанда жабық отырыста қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, 30 қыркүйекте Жанәбілов үйінде жанжал шығарып, жұбайының қолынан ұстаған және тыныштығын бұзған. Оның әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталмаған. Сондықтан іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған.
Сотта блогер хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, кінәсін мойындаған. Сондай-ақ жұбайымен татуласуға ниетті екенін айтқан. Тараптардың жазбаша татуласу келісімі іс материалдарына тіркелген.
Ал Эльмира Төлегенова күйеуінің өзін ұрып-соқпағанын, екеуінің арасында сөзге келіспеушілік болғанын түсіндірген. Ол татуласу келісіміне ешқандай қысымсыз, өз еркімен қол қойғанын растаған.
Сот Жанәбіловтің мұндай құқықбұзушылық үшін бұрын әкімшілік жауапқа тартылмағанын, кінәсін толық мойындап, өкінгенін ескерген. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Осыған байланысты сот тараптардың татуласуына орай іс жүргізуді тоқтатты.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Мән-жайы
Бұған дейін әлеуметтік желіде Эльмира Төлегенованың Instagram Stories-тегі видеолары тараған еді. Онда ол Ерболат Жанабылов пен оның туыстарынан бой тасалап, киім-кешек жиналатын бөлмеде отырғанын айтқан. Оның сөзінше, жақындары телефоны мен жеке заттарын алып қоюға әрекеттенген.
Астана қаласының полиция департаменті 30 қыркүйекте әлеуметтік желілерді бақылау кезінде блогерлер отбасындағы жанжал туралы Threads желісіндегі жазбаны анықтағанын мәлімдеді.
Полиция мәліметінше, видеода әйел отбасындағы жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған іздерді көрсеткен. Осыдан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.
Тексеру барысында ерлі-зайыптының арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталған. Алайда Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан. Кейін ол Instagram парақшасында өзіне қол көтерілмегенін мәлімдеді.
Соған қарамастан, полиция Ерболат Жанәбіловке қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.
Сонымен қатар полиция 28 тамызда Ерболат Жанәбіловтің пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен тұрғылықты жерде болмаған. Бұл дерек бойынша жиналған материалдар да сотқа жолданған.
Істі Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтаржөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Соттың қорытынды шешімі туралы ақпарат соттың баспасөз қызметі арқылы хабарланады.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.
27 сәуір күні прокурор Олжас Хайруллаев блогерлерге жаңа жаза мерзімін сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, түпкілікті жаза ретінде 2 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеуді сұрады.
Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу ұсынылды. Сонымен қатар жазаны өтеу мерзімі 2 жыл кейінге қалдыруды сұрады. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Сонымен қатар оларға қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған. Кейін судья үкім шығарып, Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айырылды.
"Оңай" ресейлік төлем жүйесімен байланысы бар деген күдікке ілінді: Пайдаланушылар дербес деректерінің қауіпсіздігіне алаңдады
