Алматы тұрғындары құрылысы бітпеген веложолды күлкіге айналдырды (фото)
Алматыдағы Satbayev University маңында салынып жатқан веложолдың бір бөлігі аяқталмай, аяқ астынан үзіліп қалған. Салдарынан олар әрі қарай газонмен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге мәжбүр. Ал қала билігі абаттандыру жұмыстары әлі аяқталмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдайды алматылық Threads парақшасында жазды.

“Қалада велоинфрақұрылым дамып жатқанына қуанып үлгермей, оның аяқ астынан үзіліп қалғанын көресің. Сәтбаев көшесі, политехникалық университет маңы”, – деп жазды ол.
Бұл көрініс желі қолданушыларының назарын аударды.
"Мұны жасап жатқан құрылысшылар өздері де күлмеді ме екен?", "Қалада мұндай жерлер ондаған", "Текстурасы әлі жүктелмеген сияқты", "Велосипедші бір жерге соғылып қалмасын дегені ғой", "Болмады, үйлеспеді", "Жобалаушыға ақша үнемдегісі келген шығар".
“Егер жұмыс нақты жоспармен жүргізілсе, веложол он жыл бойы салынбас еді. БРТ құрылысы да басталып, аяқсыз қалмас еді. Суару жүйелері істеп тұрар еді. Бірнеше айдан кейін қайта асфальт қазып, жаңадан төселген плиткаларды ауыстыруға тура келмес еді. Ал мақсат тек бөлінген қаржыны игеру болса, жұмыстар дәл осылай жүргізіледі”, – деп жазды ол.
Ал енді бірі веложолды ары қарай жалғастыру кезінде арық бойындағы ағаштарға зиян келуі мүмкін екенін айтты.
“Егер веложолды осы бағытта жалғастыратын болса, арық бойындағы ағаштардың тағдыры алаңдатады. Оларды кесуі немесе тамырларына зақым келтіруі мүмкін. Бұған дейін де арықтарды бетондап, ғасырлық емендердің тамырларын кескен жағдайлар болған”, – деді ол.
Осыған байланысты Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, Сәтбаев көшесін кешенді абаттандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
“Қазір мердігер ұйымның жұмыстары аталған учаскеге дейін жеткен. Тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Жұмыстар құрылыс барысына қарай жалғаса береді”, – делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда абаттандару кезінде ағаштардың түбіне бетон құйылып жатқаны тұрғындарды алаңдатқаны туралы жазған едік.
Мектепте хиджабқа ғана емес, діни сипаттағы кез келген киім элементіне шектеу қойылады – Дінтанушы