Жеке картаға ақша қабылдайтындарға қатысты жаңа ереже енгізіледі
10 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау шегі 537 мың теңгеге өседі. Бұған дейін үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 1,02 миллион теңгеден асса, енді бұл көрсеткіш 1,557 миллион теңге болады. Алайда бұл өзгеріс жеке картаға тауар мен қызмет ақысын қабылдауға рұқсат бермейді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жаңа ереже бойынша банктер азаматтардың жеке шотына түскен ақшаны үш шарт қатар орындалған жағдайда салық органдарына жібереді. Біріншіден, адамға қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 немесе одан көп түрлі адамнан ақша түсуі керек. Екіншіден, осы үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 360 айлық есептік көрсеткіштен асуы қажет. 2026 жылы бұл – 1 557 000 теңге. Яғни үш талаптың барлығы бірдей орындалуы керек. Бұл бір аударымға немесе бір айдағы ақшаға қойылған шектеу емес.
Жеке картаға төлем қабылдауға бола ма?
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың айтуынша, бақылау шегінің өсуі – салықтық бақылаудың бір өлшемін өзгерту ғана. Бұл азаматтарды салықтан босатпайды және жеке карта арқылы кәсіпкерлік табыс қабылдауға рұқсат бермейді.
Мысалы, шеберге үш ай бойы ай сайын 100-ден астам клиент ақша аударды делік. Бірақ осы кезеңдегі жалпы түсім 1,2 миллион теңге болса, жаңа талап бойынша ақша салық органдарына жіберілетін өлшемге жетпейді. Бұрынғы шек бойынша бұл сома бақылау критерийіне сәйкес келер еді. Дегенмен аударымдар көрсетілген қызметтің ақысы болса, оның кәсіпкерлік табыс ретіндегі сипаты өзгермейді.
Тағы бір мысал: адам үш айда 1,6 миллион теңге алды, бірақ бір айда оған ақша жібергендер саны 80 адам ғана болды. Бұл жағдайда да үш шарттың бірі орындалмағандықтан, банк мәліметті осы критерий бойынша салық органдарына жібермейді.
Ал егер үш айдың әрқайсысында 100 немесе одан көп адам ақша аударып, жалпы сома 1,6 миллион теңгеден асса, банк ақпаратты салық органдарына жолдайды.
Бірақ бұл адамның заң бұзғанын немесе оған бірден салық есептелетінін білдірмейді. Қаржыгердің түсіндіруінше, бұл критерийлер кәсіпкерлік қызмет болуы мүмкін жағдайларды анықтауға арналған. Ақпараттың салық органдарына берілуі автоматты түрде тексеріс басталады немесе шот бұғатталады деген сөз емес.
Қандай аударымдар кәсіпкерлік табыс болып саналмайды?
Туыстан келген ақша, қайтарылған қарыз немесе ортақ сыйлыққа жиналған қаражат тек банк картасына түскені үшін кәсіпкерлік табысқа айналмайды. Керісінше, тауар немесе қызмет үшін алынған төлемнің сомасы белгіленген шектен аз болса да, ол кәсіпкерлік табыс болып қала береді. Сондықтан жеке картаға ақша қабылдайтын сатушылар мен шеберлер жаңа шекті салық төлемеуге болатын сома деп түсінбеуі керек. Бұл талап жеке кәсіпкерлерге де қатысты. Егер кәсіпкер клиенттерден түскен ақшаны жеке картасына қабылдаса, ЖК ретінде тіркелуі банк мәліметті салық органдарына жібермейді дегенді білдірмейді. Белгіленген үш шарт орындалса, ақпарат бәрібір берілуі мүмкін.
Банк мәліметті жіберсе, шот бұғаттала ма?
Саида Тілеуленованың айтуынша, бақылау критерийлеріне сәйкес келу шоттың бірден бұғатталуына немесе азаматқа автоматты түрде айыппұл салынуына негіз болмайды.
Қаржы министрлігінің түсіндіруіне сәйкес, алдымен салық органы азаматқа ақпараттық хабарлама жібереді. Қажет болған жағдайда кейін камералдық бақылау жүргізілуі мүмкін. Егер тексеру барысында сәйкессіздік анықталып, азаматқа хабарлама жолданса, ол түсініктеме бере алады немесе анықталған кемшіліктерді түзете алады.
Қаржыгердің пікірінше, жаңа шек жеке картасына аз мөлшерде ақша қабылдайтын азаматтарға қатысты негізсіз хабарламалардың санын азайтуы мүмкін. Бірақ бұл өзгерістің шағын бизнеске әсері екі түрлі болуы ықтимал.
Бір жағынан, кәсібін енді бастаған адамдар үшін әкімшілік жүктеме азаюы мүмкін. Екінші жағынан, тіркелмей жұмыс істейтін кейбір сатушылар 1,557 миллион теңгені кәсіпкерлік қызметті ресми рәсімдемей-ақ табыс табуға болатын шек деп қабылдауы ықтимал.
Сарапшының пікірінше, шағын бизнесті көлеңкеден шығару үшін тек бақылауды күшейту жеткіліксіз. Кәсіп ашуды тіркеу жеңіл, салық режимі түсінікті, ал бизнес-шот пен төлем қабылдау құралдары қолжетімді болуы керек.
Жаңа өзгерістің тиімділігін екі көрсеткіш арқылы бағалауға болады: жеке аударымдарға қатысты негізсіз хабарламалар азайды ма және салық органдарының түсіндіруінен кейін қанша адам кәсібін ресми тіркеді. Қаржыгер осы нәтижелерге қарап, өзгерістің шағын бизнеске қаншалықты көмектескенін анықтауға болатынын айтады.
Айта кетейік, бұған дейін біз қай банк ақша аудару мен шешуге қанша комиссия ұстайтыны туралы зерттеу жасаған едік.
“Ішім созылып, әбіржігім келмейді": Қазақстандық қыздар неге бала туудан бас тартып жатыр
