Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда автонесие мен тұрғын үй жинақ жүйесіндегі ипотекаға қойылатын талаптарды қатаңдату кейінге шегерілді

автонесие алу қиындайды
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда кейбір автонесиелерді рәсімдеген кезде банктерге қойылатын талаптарды қатаңдату тағы бір жылға шегерілді. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекаға қатысты жеңілдік 2029 жылдың соңына дейін сақталады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Автонесие алғысы келетіндер үшін не өзгереді?

Бұған дейін банктер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір автонесиелерді бергенде қарыз алушының ай сайынғы төлемдерін қатаң есептеуге тиіс болатын. Алайда Ұлттық банк бұл талапты тағы бір жылға шегерді. Демек, 2027 жылы аталған санаттағы автонесиелерге қатысты бұрынғы жеңілдік сақталады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мұндай шешім автонесие нарығындағы өсімнің баяулауына байланысты қабылданған. Бұған дейін автонесие көлемі жылына 73 пайызға дейін өссе, соңғы 12 айда бұл көрсеткіш 13–14 пайыз шамасында болған.

“Автонесие нарығындағы жағдай тұрақталды. Бұған дейін бұл бағыт өте жылдам өсіп, нарықтың шамадан тыс қызып кету қаупі болған. Сондықтан автонесиеге қойылатын талаптарды қатаңдатуды тағы бір жылға шегеруді жөн көрдік. Яғни 1 қаңтардан бастап өзгеріс болмайды”, – деді Тимур Сүлейменов

Қарыз алушының табысы қалай есептеледі?

Қазақстанда банктер несие берген кезде адамның табысы мен басқа қарыздарын ескереді. Қолданыстағы ереже бойынша, барлық несиеге төлейтін ай сайынғы төлем адамның орташа айлық табысының жартысынан аспауы керек. Мысалы, азамат айына 400 мың теңге тапса, оның барлық кредит бойынша ай сайынғы төлемі 200 мың теңгеден көп болмауға тиіс.

Алайда Ұлттық банктің шешіміне сәйкес, жоғарыда аталған кейбір автонесиелерді берген кезде банктер бұл шектеуді сақтауға тиіс емес. Олар қарыз жүктемесін есептегенімен, оның 50 пайыздан асуына байланысты несиеден бас тарту талабы әзірге қолданылмайды.

Ипотекаға қатысты жеңілдік 2029 жылға дейін сақталады

Ұлттық банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы берілетін ипотекалық несиелерге қатысты жеңілдікті де ұзартты. Бұрын бұл талапты қатаңдату 2027 жылдан басталуы керек болса, енді кейінге шегеріліп, 2029 жылдың соңына дейін өзгеріс болмайды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі несиелердің жағдайы тұрақты. Сондықтан Ұлттық банк әзірге бұл бағытта қосымша шектеу енгізуді қажет деп санамайды.

Еске салсақ, 2026 жылдың наурызынан бастап тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша депозит қабылдауға жеке банктерге де рұқсат берілді. Бұған дейін бұл бағытта негізінен Отбасы банк жұмыс істеген.

Ал 2026 жылдың 2 қарашасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 11 ірі банкте қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәртібін тексеруді бастаған. Пилоттық тексеру нәтижесінде банктердің бұл көрсеткішті әртүрлі есептейтіні анықталған.

Айнура Дарибаева
Жұма, 06 Қараша, 2026 10:01