"10 мың теңге үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуге мәжбүрміз": Қазақстандық сынып жетекшілер жанайқайын жеткізді
Таңғы 7:40-та оқушыны мектеп есігінен қарсы алу, формасын тексеру, сабаққа келмеген баланы іздеу, ата-анасына хабарласу, үлгерімін бақылау, тәртібін қадағалау, түрлі іс-шараға дайындау. Мұның бәрі – сынып жетекшісінің күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Ал сабақ аяқталған соң мұғалімнің міндеті бітпейді. Оған түн ортасында да хабарласып, шұғыл ақпарат талап етуі мүмкін. Осындай жауапкершілігі мол жұмыс үшін педагогтерге шамамен 10 мың теңге қосымша ақы төленеді. Мұғалімдер төленетін ақы еңбегін ақтамайды деп есептейді.
Тіпті кейбірі сынып жетекшілігінен денсаулығы мен жеке өмірі зардап шеккенін айтады. Stan.kz тілшісі мұғалімдердің жанайқайын тыңдап, Оқу-ағарту министрлігінен жауап алды.
“Біз сынып жетекшілікке бөлек штат ашылғанын қалаймыз”
Сынып жетекшісінің жұмысы тек оқушылардың тәртібі мен үлгерімін бақылаудан тұрады деген түсінік қалыптасқан. Алайда педагогтердің айтуынша, іс жүзінде бұл міндеттердің ауқымы әлдеқайда кең. Мұғалім сабақ берумен қатар, жиырмадан астам оқушының мектептегі және одан тыс уақыттағы жағдайына да жауап беруге мәжбүр.
Stan.kz тілшісі Алматы қаласындағы орта мектептің мұғалімі Айғаныммен (есімі өзгертілген) сөйлесті. Оның сөзінше, сынып жетекшісінің жұмыс күні өз сабағынан да бұрын басталады.
"Таңғы сағат 7:40-та балаларды қабылдаймыз. Мектеп формасын тексереміз, кім келді, кім келмеді, келмесе себебі қандай – соның бәрін анықтаймыз. Осы жұмыстармен жүріп, кейде бірінші сабағымыз жайына қалып жатады. Бұрын сабаққа қатысуды тексеретін тәлімгерлер болатын. Қазір ондай қызметкерлер жоқ. Сондықтан таңертең өз сыныбымыздағы балалардың бәрін түгендеп, ортақ чатқа ақпарат жіберуіміз керек. Неге бұл жұмысты оқушылардың өздері немесе арнайы жауапты қызметкер атқармайды? Бүкіл уақытымыз осыған кетеді", – дейді ұстаз.
Мұғалімнің айтуынша, сынып жетекшілігі негізгі сабақ беру міндетіне қосылғанымен, уақыт жағынан жеке бір жұмысқа пара-пар. Пән мұғалімінің сабақтары түске дейін аяқталса да, сыныпқа қатысты шаруалар оны кешке дейін мектепте қалуға мәжбүр етеді.
"Ата-аналардың бәрімен байланыста болуымыз керек. Бірі жауап береді, бірі жұмыста жүреді, енді бірі мүлдем телефон көтермейді. Әрқайсысынан кері байланыс алғанша қанша уақытымыз кетеді. Бала сабаққа келмесе, өзіміз іздейміз. Тәртібіне де жауаптымыз. Сабақ үстінде екі оқушы ерегісіп қалса, өз сабағымызды тастап, солардың мәселесін шешуге кірісеміз. Шешілмесе, тәрбие бөліміне барамыз. Сөйтіп, өзіміздің негізгі жұмысымызға кедергі келтіріледі", – дейді ол.

Айғанымның сөзінше, сынып жетекшісіне баланың үлгерімі де жүктелген. Оқушының бағасы төмендесе, ата-анасымен сөйлесіп, қосымша сабаққа қатысуын ұйымдастыру, пән мұғалімімен мәселені талқылау да осы педагогтің міндетіне айналады.
"Қазір “Өнегелі 15 минут”, “Ата-анамен бірге кітап оқу” сияқты бастамалар бар. Оған ата-аналарды қатыстырамыз. Қалай түсіру керек, қандай талаптарды сақтау керек – бәрін түсіндіріп, ақылдасамыз. Бос уақытымызда ғылыми жоба дайындап, өзіміздің кәсіби дамуымызбен айналысайық десек, сынып жетекшіліктің жұмысы жібермейді. Бұған қоса, мектептегі концерт, байқау, мерекелік шаралар мен түрлі тәрбиелік бастамалар бар. Баланың киімін дайындау, өлең жаттату, би үйрету, ата-ана жұмыстарын ұйымдастыру – мұның бәрі мұғалімнің уақытын алады", – дейді ол.
Ұстаздың айтуынша, барлық мектепте мұғалімге пәндік сағат алу үшін сынып жетекшілігін де қабылдау шарты қойылады. Сондықтан бұл жұмысты өз еркімен таңдамаған педагогтер де аз емес.
"Көп мұғалім сынып жетекші болғысы келмейді. Бірақ “сағат аласыз ба, онда сынып алуыңыз керек” деген талап бар. Бұл бір мектепке ғана тән жағдай емес. Біз сынып жетекшілігіне бөлек штат ашылғанын қалаймыз. Өйткені бұл – өз алдына бір жұмыс. Оны пән мұғалімінің қосымша міндеті ретінде қарастыру дұрыс емес", – дейді Айғаным.
“Түнгі 12:30-да тапсырма береді, жексенбіде есеп алады”
Педагогтің айтуынша, ең қиыны – жұмыс уақытының нақты шекарасы жоқ. Сынып жетекшісі оқушылар мен ата-аналардан күндіз де, кешке де, тіпті түн ортасында да хабар алуы мүмкін.
"Баланың әр сабаққа қатысуын бақылауымыз керек. Үйіне қайтқанда аман-есен жетті ме, соны да анықтаймыз. Демалыс күндері де байланысқа шығамыз. Түрлі чаттан тапсырмалар келеді. Мысалы, оқушының ата-анасы қай жерде тіркелгенін анықтау керек деген сияқты. Кеше ғана осындай жағдай болды. Түнгі сағат 12:30-да тездетіп жауап беріңіздер деді. Түннің бір уағына дейін телефонда отыруға тура келді. Ата-аналардың жартысы ұйықтап қалған. Қоңырау шалуға да ыңғайсыз. Бірақ ақпаратты бәрібір жинау керек болды. Осы жағдайға байланысты көп мұғалім ертесінде сөгіс естіді", – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, демалыс күндері де сынып жетекшілеріне тыныштық жоқ. Жексенбі сайын балаларға хабарласып, мектеп формасын, келесі аптадағы сабаққа қатысуын ескерту талап етіледі.
"Отбасымызбен уақыт өткізгіміз келеді. Бірақ демалыс күні сыныппен бір жерге барыңыздар, бірге видео түсіріңіздер деген тапсырмалар түседі. БЖБ мен ТЖБ-дан қалып қойған оқушыны да қайтадан сабаққа әкелу біздің мойнымызда. Пән мұғалімдері сол баланы тауып, тапсырмасын орындатуды сынып жетекшісінен талап етеді. Тіпті қайғылы жағдай болса да, баланың жиынтық бағалауды тапсыруын қадағалауға тура келеді. Қысқасы, сынып жетекшісі үнемі байланыста болуы керек", – дейді ол.
Мұғалімнің пікірінше, мұндай жұмыс тәртібі педагогтің денсаулығына да, отбасына да кері әсер етеді. Өйткені мұғалім жұмыстан шыққанымен, сынып жетекшісі ретіндегі жауапкершілігінен босамайды.
"Таңғы сағат 6-да ата-аналар чатқа жазатын жағдайлар бар. “Қызым мына оқушымен ерегесіп қалыпты” деп хабарласады. Оны да біз шешуіміз керек. Әр сыныпты бір-бірімен салыстырады. Баланың формасы дұрыс болмаса, ата-анасына ескерту жасаймыз. Бірақ әр отбасының жағдайы әртүрлі. Ата-ана баласына қажетті киімді алып бергенше, күн сайын сөз еститін – біз. Қазір мұғалімдердің көбі шаршаған, басқа салаға кеткісі келеді. Бізден робот болуды талап етіп жатқандай. Сынып жетекшілігіне төленетін 10 мың тг жұмысқа мүлде сәйкес келмейді. Қаншама жүйке, денсаулық кетіп жатыр. Сондықтан бұл жұмысқа жеке штат ашылып, кемінде 150-200 мың тг төленуі керек", – дейді Айғаным.

"Сынып жетекшіліктің кесірінен баламнан айырылдым": желідегі жанайқай
Мұғалімдердің бұл мәселеге қатысты наразылығы әлеуметтік желіде де өршіп тұр. Желі қолданушыларының бірі сынып жетекшілігіне байланысты жұмыстың шамадан тыс көптігінен жеке өміріне де уақыт қалмағанын жазған. Ол былтыр осы жүктеменің салдарынан түсік тастағанын айтады.
"Мұғалім мамандығын таңдағандар басқа салаға ұмтылып жатыр. Былтыр сынып жетекшіліктің кесірінен түсік тастап, баламнан айырылдым. Төлейтіні тиын-тебен, ал талап Америкадағыдай. Бәрі бастық. Жеке өмір тұрмақ, тамақ ішуге уақыт жоқ. Әртүрлі тәрбие көрген балаға 24/7 жауап беру – ең қиын іс. Құжаттары бөлек жыр", – деп жазды ол.
Тағы бір педагог сынып жетекшілігіне төленетін ақыны оқушы санына бөліп есептегенде, бір балаға күніне небәрі 20 теңгеден келетінін айтып, наразылық білдірген.
"Сынып жетекшілігі үшін 10 мың теңге төлейді. Ал менің сыныбымда 24 оқушы бар. Оны бөлсем, әр балаға 416 теңгеден келеді. 20 жұмыс күніне шаққанда, күніне 20 теңгеден ғана шығады. Қандай мамандық иесі осындай ақыға көнеді екен? Сенбі, жексенбіні айтпай-ақ қояйын", – деп жазды ол.
Ал енді бірі сынып жетекшілеріне жүктелетін міндеттердің шектен тыс көбейгеніне шағымданған. Оның айтуынша, оқушының мектеп формасы мен сыртқы келбетінен бастап, әлеуметтік картасы мен түрлі есеп-құжатына дейін мұғалім жауап береді.
"Қыркүйек басталғалы сынып жетекшілері бітпейтін құжаттарды толтырып жатыр. Әлі де толтыратын қағаздар бар. Енді тексеріс шықты деп, тағы құжат берді. Төлейтіні – небәрі 10 мың теңге, ұсталымдардан кейін 8 мың теңге аламыз. Сол ақша кеткен уақытымызды, жүйкемізді ақтамайды.
Сыныпты күтіп ал, формасын қара, телефонын жина, шашын өрмеген, кірпігіне тушь жағып келген, тарих оқымаған, үй тапсырмасын орындамаған – бәріне жауап береміз. Әлеуметтік картасын толтыр, сыныпта оқушы неге жоқ екенін анықта, ата-анаға түсіндір. Кітап оқитын ұлт жобасына тірке. Бітпейтін жұмыс. Билікте отырған азаматтар, сынып жетекшілікке бөлек штат ашыңыздаршы. 8 мың теңге мұндай ауқымды жұмыс үшін күлкілі ақша", – деп жазды желі қолданушысы.

Мұғалімдердің шағымынан кейін Stan.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ведомство мәліметінше, бүгінде еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейінде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның ішінде 420 мыңға жуық маман мектептерде, 104 мыңнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, 42 мыңға жуығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейді.
Министрлік сынып жетекшісінің қызметі арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттелетінін хабарлады. Атап айтқанда, 2016 жылғы 12 қаңтардағы №18 бұйрықпен бекітілген Сынып жетекшілігі туралы ережеге сәйкес, педагог ата-аналарды оқушылардың үлгерімі мен мінез-құлқы туралы хабардар етуге, ата-аналар комитетінің қызметін үйлестіруге құқылы. Сондай-ақ әр тоқсанда кемінде бір міндетті сыныптық ата-аналар жиналысын өткізуі керек.
Ал сынып жетекшісінің жұмыс жоспары аясында ата-аналармен жұмыс жүргізу 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрықпен бекітілген міндетті құжаттар тізбесімен реттеледі.
Сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы төлеу тәртібі Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысында көрсетілген.
Оған сәйкес, 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1–4-сыныптардағы сынып жетекшілігі үшін базалық лауазымдық айлықақының 50 %-ы, ал 5–11-сыныптарда 60 %-ы мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.
Сонымен бірге министрлік педагогтердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты заңмен қорғалатынын еске салды. Еңбек кодексі мен "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес, жұмыс беруші белгіленген жұмыс уақыты режимін сақтауға міндетті. Мұғалімдерді кәсіптік міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, заңда педагогтен білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етуге болмайтыны жазылған. Сондай-ақ бір құжатты қағаз және электронды форматта қатар жүргізуді міндеттеуге жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген, – деп жауап берді ведомство.
Алайда лауазымдық айлықақының 50–60 %-ы көлемінде қосымша ақы төлеу белгіленсе, мұғалімдер айтып отырған 8–10 мың теңге қайдан шықты? Бұл пайыздық үстемеақының нақты ақшалай мөлшері қанша? Қандай есептеу тәртібі қолданылады? Бұл жағы әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр.
Ауылға жұмыс істеуге барған қазақстандық бес жыл міндетін орындамағаны үшін мемлекетке 36 миллион теңге қайтаратын болды