Эдуард Огай мен "Қазақмыстың" экс-басшысы жаңа компания құрды
Қазақстандық кәсіпкер Эдуард Огай Астана халықаралық қаржы орталығында жаңа холдинг тіркеді. Компанияны бұрын "Қазақмыс" корпорациясын басқарған Нұрахмет Нұриев басқарады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Астана халықаралық қаржы орталығының ашық деректеріне сәйкес, Bala Urpek Limited компаниясы 2026 жылғы 5 қарашада тіркелген. Ол холдинг ретінде жұмыс істейді. Компанияның жарғылық капиталы – 1 мың доллар (шамамен 452 мың теңге).
Жаңа құрылымның акционері – қазақстандық кәсіпкер Эдуард Огай. Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша, ол елдегі ең бай адамдар тізімінде 15-орында тұр. Кәсіпкердің байлығы 650 миллион долларға (шамамен 293 млрд теңге) бағаланған.
Огай 2025 жылдың соңына дейін Эдуард Киммен бірге “Қазақмыс” корпорациясының ортақ иелерінің бірі болған. Кейін компания активтері Нұрлан Артықбаевтың Qazaq Stroy тобына сатылды. Қазір Огайға мәміледен кейін қалған мыс активтерін біріктірген Kazakhmys Copper компаниясының 30 пайызы тиесілі. Сонымен қатар ол Aidarly Mining және “Консолидированная строительная горнорудная компания” құрылымдарын бақылайды.
Bala Urpek Limited компаниясының директоры болып Нұрахмет Нұриев тағайындалған. Ол 2022 жылдан 2026 жылдың басына дейін “Қазақмыс” корпорациясының басқарма төрағасы қызметін атқарған. Бұған дейін де 2020 жылдан бастап компания құрылымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Ал одан бұрын көмір өндіретін “Шұбаркөл Премиум” және “Майкубен Вест” компанияларында еңбек еткен.
Еске салсақ, 2025 жылғы 31 желтоқсанда Нұрлан Артықбаевтың Qazaq Stroy компаниясы “Қазақмыс” активтерін сатып алғанын жариялады. Компания мәміле кезінде активтерінің құнын 531,5 миллиард теңгеге бағалаған. Ал биыл қазанда Эдуард Огай бақылайтын Aidarly Mining Абай облысындағы Айдарлы кен орнының қорларын нақтылап, мыс пен алтын өндіру мерзімін 2054 жылға дейін ұзартқаны хабарланған еді. Бұған дейін өндірісті 2048 жылдың соңына дейін жүргізу жоспарланған болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Эдуард Огайдың “Қаражыраның” пайдасынан үлес алмайтыны айтылған еді.
Гарвард пен тоғыз тіл: Желі қолданушылары қазақстандық оқушының жетістіктеріне күмән келтірді
