Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды тағы жарты жылға ұзартты

жанармай депутат
Фото: magnific.com

Қазақстан бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің бір бөлігін шетелге шығаруға салынған шектеуді тағы алты айға ұзартты. Жаңа тыйым 2026 жылғы 22 қарашадан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тиісті бұйрыққа қол қойған. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін бензинді, дизель отынын және бірқатар мұнай өнімдерін Қазақстан аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге тыйым салынады. Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де қатысты.

Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолды және мұнай битумын шығаруға да шектеу қойылады.

Еске салсақ, Қазақстанда бензин мен дизель отынын экспорттауға бұған дейін де тыйым салынған. Қолданыстағы шектеу 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін белгіленген еді. Осылайша, Энергетика министрлігі экспортқа қойылған шектеуді кезекті рет ұзартты.

Қандай жағдайда жанармайды шетелге шығаруға болады?

Тыйымға қарамастан, кейбір жағдайларда жанармайды шетелге шығаруға болады.Атап айтқанда, көліктің зауыттан орнатылған жанармай багындағы отынды әкетуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ қоспаларды сынау және өзге де зерттеу жұмыстары үшін авиациялық отынды шығаруға болады.

Бұдан бөлек, Қазақстан үкіметінің шешімімен гуманитарлық көмек ретінде мұнай өнімдерін шетелге жеткізуге рұқсат беріледі.

Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарының экспорт мәселесі

Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында орналасқан “Конденсат” мұнай өңдеу зауыты өндірген бензин мен дизель отынының 70 пайызын Ресейге жеткізетінін мәлімдеген еді. Зауыт ресейлік шикізатпен жұмыс істейді. Өнімнің қалған 30 пайызы Қазақстан нарығына бағытталады. Сонымен бірге кәсіпорын өз өнімін ЕАЭО-дан тыс елдерге экспорттай алады.

Ал қазан айының соңында “ҚазМұнайГаз” басшысы Асхат Хасенов Қазақстанның екі ірі мұнай өңдеу зауытына бензинді Ресейге экспорттауға квота берілгені туралы ақпаратқа пікір білдірді. Оның айтуынша, компания үшін негізгі басымдық – ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз ету.

Трейдерлердің мәліметінше, үшінші тоқсанда Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарына Ресейге әрқайсысына 17,5 мың тоннадан бензин экспорттауға квота берілген. Алайда бұл көлем бойынша жеткізілім жүзеге аспаған.

Айта кетсек, Қазақстанда жанармай бағасы соңғы күндері күрт өсті. Сарапшылардың болжамынша, баға 300 теңгеге дейін жетуі мүмкін. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 06 Қараша, 2026 15:22