Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па

 
Фото: azbyka.ru

Балабақша мен мектепте баланы бұрышқа тұрғызып жазалау әлі де кездеседі. Бірі мұны тәртіпке шақыру әдісі десе, енді бірі баланың бойында қорқыныш пен сенімсіздік қалыптастырады деп санайды. Тіпті осы тәсілді қолданғаны үшін жұмыстан шығарылған тәрбиеші де өз уәжін алға тартады. Ал психологтар мен педагогтер баланы жазалаудың орнына, оның әрекетінің себебін түсіндіру қажет екенін айтады. Stan.kz тілшісі бұл әдістің бала психологиясына әсерін, Қазақстандағы талаптар мен шетелдік тәжірибені зерттеді.

"Бұрышқа тұрғызбасаң, бір жерін сындырады": Тәрбиеші не дейді?

Жақында әлеуметтік желіде балабақша тәрбиешісінің бұрышқа тұрғызып жазалағаны үшін жұмыстан шығарылғанына қатысты жазбасы тарады. Оның айтуынша, балабақшада небәрі бір жарым ай жұмыс істеген. Алайда бір топтағы 26 баланың тәртібін жалғыз өзі бақылау оңай болмаған.

"Балабақшаға жұмысқа тұрғаныма бір жарым ай ғана болған еді. Бүгін балаларды бұрышқа тұрғызып жазалағаным үшін жұмыстан шығарып жіберді. Балабақша меңгерушісі бұл әдісті Кеңес Одағының киносы мен мәдениетінде насихатталған, баланың психологиясына зиян келтіретін тәсіл деп түсіндірді. Бірақ бір топта 26 бала бар. Өзім жалғызбасты анамын. Өз баламның тәрбиесінен бұрын тобымдағы 26 баланың тәрбиесі мен біліміне көбірек мән беріп жүргенмін. Шыны керек, бұрын тәрбиешілер баланы неге жазалайды деп ойлайтынмын”, – деді желі қолданушысы.

Тәрбиешінің айтуынша, 26 баланың әрқайсысының мінезі әртүрлі болғандықтан, олардың арасындағы жанжал мен төбелестің алдын алу оңай емес. Ол бұрышқа тұрғызуды балалардың бір-біріне зиян келтірмеуі үшін қолданғанын айтады.

“Жұмысқа кірген соң ғана түсіндім. 26 бала – 26 түрлі мінез. Ішінде бұзық ұл да, қыз да бар. Бірін-бірі ұрып, тырнап, шашынан жұлып, тыныштық бермейді. Осындай кезде бұрышқа тұрғызамын. Ал олай істемесең, бір-бірімен төбелескен балалар міндетті түрде бір жерін сындырады немесе денесі көгереді. Сонда кім кінәлі болады? Әрине, тәрбиеші кінәлі. Егер бұрышқа тұрғызу дұрыс болмаса, психологтар неге оның орнына қолданатын басқа әдістерді ұсынбайды?" – деді күйінішін жеткізген тәрбиеші.

Алайда ата-аналардың бұл мәселеге қатысты пікірі мүлде бөлек. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі төрт жастағы ұлының соңғы кездері мінез-құлқы өзгергенін аңғарған.

"Ұлым соңғы кезде қатты өзгерді. Бұрын ашық-жарқын, ойынға белсенді қатысатын балам басқа балалармен араласудан қашқақтай бастады. Тұйықталып қалған. Қателесіп қалудан қорқатын сияқты. Басында мұның себебін түсінбедім. Балабақшада біреу ренжітті ме, балалармен арасында түсініспеушілік болды ма деп уайымдадым. Содан бейнебақылау камерасындағы жазбаларды қарауды сұрадым. Тәрбиешісі баламды бірнеше рет бұрышқа тұрғызған екен. Ұрмаған, соқпаған. Бірақ кішкентай баланы қайта-қайта жазалау оның психологиясына әсер етпей қоймайды ғой”, – деді желі қолданушысы.

Ата-ананың айтуынша, баласы тұйықтала бастаған соң, оның себебін анықтау үшін балабақшадағы бейнебақылау жазбаларын қараған. Сол кезде тәрбиешінің ұлын бірнеше рет бұрышқа тұрғызғанын көрген. Бұл жағдай ана ретінде оған ауыр тиген.

“Қазір ұлым бір нәрсені дұрыс істемей қалса, тағы да бұрышқа тұрғызып қоя ма деп қорқады. Кейде жылап жібереді. Мұны көргенде жүрегім ауырды. Балабақшаға баламды қорқып жүруі үшін емес, қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, білім алуы үшін беремін. Ай сайын балабақшаға 150 мың теңге төлейміз. Ерекше жағдай талап етпейміз, тек тәрбиешілерден кәсіби қарым-қатынас пен баланың психологиясына жауапкершілікпен қарауды күтеміз. Бала тәртіп бұзса, оны бұрышқа тұрғызбай-ақ түсіндірудің жолдары болуы керек емес пе? Біз мұндай жазалау әдісіне қарсымыз", – деді баласының жағдайына алаңдаған ата-ана.

"Бұрышқа тұрғызу – зорлықтың бір түрі": Психолог пікірі

Балаларды бұрышқа тұрғызу мәселесіне қатысты балалар психологы Гүлбанум Мурадуллаева да пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл – Кеңес дәуірінен қалған, баланың ішкі сезіміне кері әсер етуі мүмкін зорлықтың бір түрі. 


"Мен психолог, ана әрі әже ретінде бұған қарсымын. Өйткені бұл – Кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан зорлықтың бір түрі. Психологиялық зорлық, консервативті жаза. Баланың жан дүниесін астан-кестен ететін әдіс. Мұндай жазалау арқылы балаға өзінің ойы мен сезімінен гөрі ата-ананың, тәрбиешінің немесе ұстаздың пікірі маңызды екенін көрсетеміз. Бұған балама ретінде балаға өз әрекетін бағалауға мүмкіндік беруді ұсынар едім. Біріншіден, онымен сөйлесу керек. Балаға ұсыныс ретінде айтылса, оны қабылдау жеңіл болады. Мәселен, бала өзі бүлдірген затын қалпына келтіруге көмектесуі мүмкін. Тіпті болмаса белгілі бір артықшылықтан уақытша бас тартуды ұсынуға болады. Бастысы, бала өз қателігін түсініп, оны қабылдауына жағдай жасау. Біз шешімді өз бетінше қабылдай алатын, қайсар ұрпақ тәрбиелегіміз келеді. Үнемі бұйрықты орындап, айтқанға көне беретін ұрпақ өсірмеуіміз керек", – дейді психолог.

"Бұрышқа тұрғызу – баланың өзін өзгелерден төмен сезінуіне жол ашады": Педагог пікірі

Мектеп педагогы Сәуле Жанабаева да баланы бұрышқа тұрғызу арқылы тәртіпке үйретуге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, жазалау кезінде бала өз әрекетінің дұрыс-бұрыстығын түсінуден гөрі, жазадан қалай құтылуды ойлауы мүмкін.

"Баланы бұрышқа тұрғызу арқылы тәртіпке үйретеміз деген түсінікпен келіспеймін. Себебі бала сол сәтте өзінің қандай қателік жасағанын түсінуден гөрі, жазадан қалай құтылуды ойлауы мүмкін. Әсіресе мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалар өте сезімтал келеді. Олар мұғалімнің дауыс ырғағына, айтқан сөзіне, тіпті басқа балалардың көзінше қалай сөйлегеніне дейін мән береді. Мысалы, басқа баланы итеріп жіберген оқушыны бірден жазалаудың орнына, не себепті олай істегенін анықтау қажет”, – деді мектеп педагогы.

Педагогтың сөзінше, баланың тәртіп бұзуына түрлі себеп болуы мүмкін. Сондықтан оны бірден жазалауға асықпай, әрекетінің себебін анықтап, эмоциясын басқаруға және өз қатесін түсінуге үйрету қажет. Ал көпшіліктің көзінше бұрышқа тұрғызу баланың өзін өзгелерден төмен сезінуіне әсер етуі мүмкін.

“Мүмкін, ол ойыншығын бергісі келмеген шығар, мүмкін, өз эмоциясын басқара алмай қалған болар. Мұндай жағдайда балаға өз әрекетінің басқа адамға қалай әсер еткенін түсіндіріп, келесі жолы мәселені қалай шешуге болатынын көрсету керек. Баланы көпшіліктің көзінше бұрышқа тұрғызу оның бойында ұялу, өзін өзгелерден төмен сезіну немесе мұғалімнен қорқу сезімін қалыптастыруы мүмкін. Кейбір балалар мұндай жағдайда тұйықталып қалса, енді бірі керісінше, агрессия көрсетуі ықтимал", – дейді педагог.

Бұрышқа тұрғызудың орнына қандай әдіс қолдануға болады?

  • Екі бала бір-бірімен ұрсысып қалса

Мамандар ұсынатын позитивті тәртіп тәсілдерінің бірі – баланың әрекетіне нақты шектеу қою және оның салдарын түсіндіру.

Мәселен, екі бала төбелесіп қалса, тәрбиеші алдымен оларды бір-бірінен қауіпсіз арақашықтыққа ажыратып, жағдайды тыныштандыруы керек. Содан кейін әр баламен сөйлесіп, не болғанын анықтағаны жөн. Егер бала басқа біреуді ұрса, "Сен жаман баласың" деп мінезіне баға берудің орнына, "Ұруға болмайды. Бұл досыңа ауыр тиеді" деп әрекетінің салдарын түсіндіруге болады.

  • Ойыншыққа таласса

Ал ойыншыққа таласқан жағдайда балаларға кезекпен ойнауды немесе ортақ шешім табуды үйреткен дұрыс. Бүлінген зат болса, оны қалпына келтіруге қатыстыруға болады.

  • Таңдау мүмкіндігін беру

Кейбір балалар ересектердің әр әрекетін бақылап, үнемі бұйрық бергенін ұнатпайды. Мұндайда оларға жасына сай таңдау ұсынуға болады.

Мысалы: "Қазір сурет саласың ба, әлде құрастырғышпен ойнайсың ба?", "Ойыншықтарды өзің жинайсың ба, әлде менімен бірге жинайсың ба?" деп сұрауға болады.

Бұл баланың өзіне сенімділігін арттырып, шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Бірақ таңдау баланың қауіпсіздігіне қатысты негізгі талаптарды өзгертуге тиіс емес.

  • Жағымсыз әрекеттің орнына дұрыс әрекетті үйрету

Балаға "Ұрма!", "Айқайлама!", "Тәртіпсіздік жасама!" деп тыйым салу жеткіліксіз. Оған ненің орнына не істеу керегін көрсету маңызды.

Мысалы, ойыншығын тартып алған баладан "Маған да берші" деп сұрауды, ашуланғанда қол көтерудің орнына "Мен ашуландым" деп айтуды үйретуге болады. Тәрбиеші мұндай сөздерді өзі айтып көрсетіп, баламен бірге қайталауы керек.

  • Жақсы әрекетін байқап, нақты мадақтау

Тәрбиешілер көбіне баланың тәртіп бұзғанын бірден байқайды. Ал оның жақсы әрекетін кейде елемей жатады.

Мысалы, бала досына ойыншығын берсе, кезегін күтсе немесе жанжал кезінде қол көтермей, сөзбен түсіндірсе, тәрбиеші оны бірден атап өтуі керек.

"Жарайсың!" деген жалпы мақтаудан гөрі, "Досыңның кезегін күткенің маған ұнады" деген нақты мадақтау пайдалырақ. Осылайша, бала қандай әрекеті дұрыс екенін түсінеді.

  • Time Out әдісі

Тағы бір тәсіл – баланың эмоциясын реттеуіне көмектесу. Мысалы, ашуланған балаға тыныш жерде біраз уақыт демалуды ұсынуға болады. Бірақ бұл оны жазалау немесе топтан әдейі оқшаулау үшін емес, эмоциясын басқарып, сабырға келуі үшін жасалуы керек. Ересек адам баланы бақылаусыз қалдырмай, қажет кезінде қолдау көрсетуі тиіс.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да Time-out әдісін барлық теріс әрекетке қолдануға кеңес бермейді. Оны қауіпті немесе өзгеге зиян келтіретін әрекеттер кезінде қысқа мерзімді шара ретінде қарастырады. Сонымен бірге бала қатты күйзеліске түскенде оны оқшаулаудың орнына жанында болып, тынышталуына көмектесетін Time-in тәсілін қолдануды ұсынады.

ЮНЕСКО-ның позитивті тәртіпке арналған нұсқаулығында да Time-out әдісін алғашқы таңдау емес, соңғы шара ретінде қарастыру керегі айтылады. Оны жиі немесе орынсыз қолдану баланың ашуын, агрессиясын күшейтуі мүмкін.

Қазақстанда баланы бұрышқа тұрғызуға заңмен тыйым салынған ба?

Бұл сауалды Заңгер Айтмахан Жолдасбековке қойып көрдік. Оның айтуынша Қазақстан заңнамасында баланың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға қатысты талаптар бар.

"Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңның 10-бабына сәйкес, әрбір баланың жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауына құқығы бар. Мемлекет баланы физикалық және психикалық күш көрсетуден, қатыгездікпен қараудан, қорлаудан және жәбірлеуден қорғауға міндетті. Алайда заңда баланы бұрышқа тұрғызу тәсілі жеке атаумен тікелей көрсетіліп, оған арнайы тыйым салынған деген тұжырым жасауға болмайды. Мұндай әрекеттің құқықтық бағасы оның қалай қолданылғанына, баланың қадір-қасиетіне нұқсан келтірген-келтірмегеніне және басқа да мән-жайларға байланысты", – деді заңгер.

Баланы бұрышқа тұрғызғаны үшін тәрбиешіні жұмыстан шығару заңды ма?

Ал тәрбиешіні бұрышқа тұрғызғаны үшін жұмыстан шығару мәселесіне келсек, оны да нақты құжаттарды көрмей заңды немесе заңсыз деп кесіп айту қиын деді заңгер.

"64-бапта тәртіптік жазаның түрлері белгіленген. Олардың қатарында ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс және заңда көзделген нақты негіздер болған жағдайда еңбек шартын бұзу бар. 65-бапқа сәйкес, тәртіптік жаза қолданар алдында жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Демек, тәрбиешіні жұмыстан шығарудың нақты негізі, жұмыс берушінің бұйрығы және рәсімнің заңға сәйкестігі тексерілуі керек. Бұл ретте балабақша басшылығы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті болса, тәрбиешінің де еңбек құқықтары сақталуы тиіс", – Айтмахан Жолдасбеков.

Басқа елдерде баланы бұрышқа тұрғызу жазасына көзқарас қандай?

Бұрышқа тұрғызу тәсіліне әлем елдерінде де бірдей көзқарас жоқ. Кей мемлекеттер баланы жазалау мақсатында оқшаулауға шектеу қойса, енді бірі оны тек ерекше жағдайларда қолдануға рұқсат етеді.

АҚШ

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында 2023 жылғы 2 тамыздан бастап мектептерде дене жазасына, баланы оқшаулауға (seclusion) және қорлайтын әдістерге тыйым салатын ережелер күшіне енді. Ал Time-out әдісін шектеулі жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі.

Нақтырақ айтқанда, ол баланың немесе айналасындағылардың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төнгенде, басқа жұмсақ тәсілдер нәтиже бермеген жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Мұны жаза ретінде пайдалануға болмайды.

Австралия

Австралияда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында баланы қорлау, кемсіту, қорқыту және жазалау мақсатында басқа балалардан оқшаулау орынсыз тәрбие әдістеріне жатқызылады.

Австралияның ACECQA ұйымы тынышталу уақытын (cool-down time) қолдануға мүмкіндік береді. Бірақ оның Time-out-тан айырмашылығы бар: тәрбиеші баланы жалғыз қалдырмайды, жанында болып, эмоциясын реттеуге көмектеседі.

Ұлыбритания

Англия мектептерінде тәртіп бұзған оқушыны белгілі бір уақытқа сыныптан шығару немесе арнайы бөлмеге жіберу тәсілі қолданылады. Бірақ бұл әдіс мектептің тәртіп ережесінде көрсетілуі керек.

Ұлыбританияның Білім министрлігі нұсқаулығында оқушыны сыныптан шығару басқа тәрбие тәсілдері нәтиже бермегенде ғана қолданылып, мүмкіндігінше қысқа мерзімге созылуы керегі айтылады. Баланың оқуын жалғастыруы мен сыныпқа қайта қосылуына жағдай жасалуы тиіс. Ата-анасына да сол күні хабар берілуі керек.

Тәжікстан

Тәжікстан 2024 жылғы 20 маусымда балаларды тәрбиелеу мен оқыту кезінде дене жазасының барлық түріне, соның ішінде үйде және білім беру мекемелерінде күш қолдануға тыйым салатын заң қабылдады.

Заңның 20-бабында педагогтерге балаға күш қолдануға, оның ішінде дене жазасын беруге тыйым салынған. Сондай-ақ баланың құқығын, бостандығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу міндеті бекітілген.

UNICEF-тің Тәжікстандағы балалардың жағдайы туралы 2025 жылғы есебінде 2023 жылы балалардың 56%-ы үй жағдайында психологиялық агрессияға немесе дене жазасына ұшырағаны көрсетілген. 2017 жылы бұл көрсеткіш 69% болған.

Ақгүл Айдарбекқызы
Сенбі, 07 Қараша, 2026 11:00