Қазақстанда қанша мұғалім жұмыс істейді, орташа жалақысы қанша
Қазақстан мектептерінде мұғалімдер саны рекордтық деңгейге жетті. Қазір елдегі жалпы білім беретін мектептерде 415 мыңнан аса ұстаз жұмыс істейді. Алайда мұғалімдердің жалақысы елдегі орташа көрсеткіштен төмен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, ұстаздардың басым бөлігі – әйелдер. Мектептерде 337,8 мың әйел мұғалім жұмыс істейді. Бұл жалпы педагогтер санының 81%-дан астамын құрайды.
“385 мың теңге”: Мұғалімдердің жалақысы елдегі орташа көрсеткіштен төмен
Мектептердегі педагогтердің ең үлкен бөлігін педагог-модераторлар құрайды – 126,7 мың адам.

Сонымен қатар:
- 99,5 мың педагог;
- 95,4 мың педагог-сарапшы;
- 82,6 мың педагог-зерттеуші бар.
Мектептерде 5,5 мың педагог-тағылымгер және 3 мыңға жуық педагог-шебер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, шамамен 2,8 мың мұғалім бұрынғы біліктілік жүйесіне жатады.

Мұғалімдер саны артқанымен, білім беру саласындағы жалақы елдегі орташа көрсеткіштен төмен болып отыр.
2026 жылдың екінші тоқсанында білім беру саласындағы орташа айлық жалақы 385,7 мың теңге болған. Бұл ел экономикасындағы орташа жалақыдан шамамен 20%-ға төмен.
Алайда бұл нақты мектеп мұғалімінің алатын айлығы емес. Педагогтің жалақысы оның еңбек өтіліне, біліктілік санатына, оқу жүктемесіне және қызметіне қарай өзгереді. Бұған қоса мұғалімдерге сынып жетекшілігі, біліктілік деңгейі, ерекше еңбек жағдайы және басқа да жұмыстар үшін қосымша ақы төленеді.
Қай өңірде ең көп мұғалімдер?
Педагогтер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңір мектептерінде 67,4 мың мұғалім бар.
Келесі орындарда:
- Алматы облысы — 34,9 мың;
- Алматы қаласы — 28,6 мың;
- Жамбыл облысы — 28,2 мың;
- Шымкент — 23,4 мың.
Астанада 21 мыңнан сәл астам мұғалім жұмыс істейді. Елорда педагогтер саны бойынша жетінші орында.
Ал мұғалім саны ең аз өңір – Ұлытау облысы. Мұнда 3,8 мың педагог еңбек етеді. Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 12 мыңнан сәл астам мұғалім бар.
Бүгінде Қазақстан мектептерінде 415 мыңнан астам ұстаз еңбек етіп жатыр. Бұл – елдегі білім беру жүйесінің ауқымын көрсететін маңызды көрсеткіш.