Қазақстанда ата-аналар Мұғалімдер күніне сыйлық алуға ақша жинап жатыр: Оқу-ағарту министрлігі не дейді

Мұғалімдер күні жақындаған сайын ата-аналар чаттары сыйлық пен гүлге ақша жинау жайы қызу талқыланатын пікірталас алаңына айналады. Бірі мұны ұстазға алғыс білдірудің қалыпты жолы десе, енді бірі мереке сайын ақша жинауды артық шығын деп санайды. Алайда Оқу-ағарту министрлігі Мұғалімдер күні ұстаздарға қандай сыйлық беруге болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, ата-аналардың бір бөлігі мұғалімге сыйлық алу үшін ақша жинауды қолдамайды. Олардың сөзінше, мұндай бастама ерікті болғанымен, чаттағы ортақ шешім кейде қысым сияқты сезіледі.
"Қит етсе мұғалімге сыйлық деп шығады. Қосылмаймын десең, өзіңді ыңғайсыз сезінесің. Біреудің жағдайы жетеді екен деп, басқаның да қалтасын қаққан дұрыс емес", – деп жазды ата-аналардың бірі.
Ал екінші тарап жылына бірнеше мерекеде шағын сыйлық беруді артық санамайды.
"Жылына екі-үш мереке ғана. Мұғалімдер күні мен 8 наурызда 500-1000 теңгеден жинаймыз. Қымбат сыйлық емес, жай ғана көңіл білдіру", – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір ата-ана мұны баланың тәрбиесімен байланыстырады.
"Мұғалімге бір кәмпит бергеннен балам беске оқып кетпейді. Мұны алғыс айтудың, қолы ашық болудың кішкентай тәрбиесі деп қабылдаймын", – дейді ол.
Министрлік мұғалімге сыйлық беру міндет емес екенін ескертті
Оқу-ағарту министрлігі де бұл мәселеде еріктілік қағидасын алға тартып отыр. Ведомствоның мәліметінше, мұғалімге гүл сыйлау жақсы дәстүр болғанымен, ол міндетке, жарысқа немесе ата-аналарға артық шығынға айналмауы керек.
"Ең бастысы – гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болып қалуы керек. Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұндай міндетті ата-аналарға жүктемеуі тиіс", – делінген министрлік хабарламасында.

Мұғалімдердің өздері қандай сыйлық күтетінін айтты
Ал мұғалімдердің өздері әлеуметтік желіде мерекеде қымбат сыйлықтан гөрі тыныштық, жылы сөз, қысқартылған сабақ күнін немесе жай ғана көңіл бөлуді күтетінін жазыпты.
"Мемлекеттен премия, оқушылардан “апай, мерекеңізбен, бүгін әдемі болып тұрсыз” деген комплимент, мектеп әкімшілігінен 30 минуттан төрт-ақ сабақ, сосын әріптестеріммен шай ішу", – деп жазады мұғалімдердің бірі.

Тағы бір ұстаз өзі үшін ең жақсы сыйлық – сол күні ешкім мазаламаса дейді.
"Сол күні тыныш қойса болды. “Баламды біреу ұрды”, “кофтасын жоғалтты” демей", – деп жазды ол.
Пікірлер арасында SPA-ға сертификат, ақша, атаулы блокнот, армандар картасын атағандар да бар. Алайда бірнеше мұғалімнің жауабы бір жерден шығыпты. олардың айтуынша, мерекеде ең керегі – тыныштық пен көңіл екен.
Оқу-ағарту министрлігі ұстаздарға алғыс айтудың балама жолдарын ұсынды
Министрлік ұстаздарға алғыс білдіруді міндетті түрде материалдық сыйлықпен байланыстырмауды да ұсынды. Осы мақсатта Мұғалімдер күні қарсаңында "Ұстазым, ардақты ұстазым!" республикалық акциясы басталатыны хабарланды. Ол 29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өтетін "Ұстаз – ұлт шамшырағы" іс-шаралары аясында ұйымдастырылады екен.
Акцияға оқушылармен бірге түлектер, ата-аналар және өз ұстазына алғыс айтқысы келген кез келген адам қатыса алады. Ол үшін ұстазы туралы фото, видео немесе естелігін әлеуметтік желіде #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялауға, хат не ашықхат жолдауға немесе алғысын жеке білдіруге болады.
Бүгінде Қазақстандағы 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Мұғалімдер күні елімізде 2023 жылдан бері ресми түрде 5 қазанда аталып өтеді.
Қазақстанда ата-аналар Мұғалімдер күніне сыйлық алуға ақша жинап жатыр: Оқу-ағарту министрлігі не дейді