"iPhone 18 ұтып алдыңыз": Қазақстандықтарға алаяқтардың жаңа тәсілі ескертілді
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Қазақстанда алаяқтар iPhone 18 смартфонына деген қызығушылықты пайдаланып, жаңа қулыққа көшкенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының мәліметінше, алаяқтар қолданушыларға Apple компаниясының атынан жалған хабарлама жіберіп, iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс берілгенін хабарлайды.
Хабарламада тапсырыстан бас тарту үшін көрсетілген "қолдау қызметінің" нөміріне қоңырау шалу ұсынылады. Алайда телефонның ар жағында алаяқтар отырады. Олар азаматтардан банк және жеке деректерін алуға немесе белгілі бір әрекеттерді орындауға көндіруге тырысады.
Алаяқтықтың тағы бір түрінде iPhone 18-ді тиімді бағамен брондауға және жылдам жеткізуге уәде береді. Жарнамадағы сілтеме қолданушыны жалған сайтқа бағыттайды. Онда банк картасының нөмірі, CVV-код, құпиясөз және басқа да деректер сұралады.

Мамандардың айтуынша, алаяқтардың негізгі мақсаты – адамды асықтыру. Олар не "сіздің атыңызға тапсырыс рәсімделді" деп қорқытады, не арзан баға мен жылдам жеткізуді ұсынып, шешім қабылдауға уақыт қалдырмайды.
Құқық қорғау органдары азаматтарға:
- күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеуге;
- көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмауға;
- банк картасының CVV-коды, PIN-коды және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпауға;
- бейтаныс адамдардың өтінішімен қосымша орнатпауға;
- алдын ала төлем жасамас бұрын сатушы мен сайттың түпнұсқалығын тексеруге кеңес береді.
Егер карта деректері алаяқтарға беріліп қойса немесе шотыңыздан күмәнді ақша шешілсе, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, полицияға жүгіну қажет.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда iPhone-ға алдын ала тапсырыс беруге байланысты алаяқтықтың жаңа схемасы тарағаны ескертілген еді. Алаяқтар Apple компаниясының атын жамылып, азаматтарға жалған хабарламалар жіберіп, смартфонға алдын ала тапсырыс рәсімделгенін хабарлаған. Одан кейін тапсырысты тоқтату үшін көрсетілген нөмірге қоңырау шалуды сұраған. Мамандар мұндай қоңыраулар кезінде алаяқтар жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін немесе аккаунттарға кіруге мүмкіндік беретін кодтарды алуға тырысатынын ескерткен. Сондықтан күмәнді хабарламаларға жауап бермей, ақпаратты тек компаниялардың ресми сайттары мен қосымшалары арқылы тексеру ұсынылады.