Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар құрылыстан шыққан шаңға тұншығып отыр: Бұған кім жауап береді

 
Алматы шаң құрылыс
Фото: Желі кадрларынан

Алматының қақ ортасында тротуар тақталарын кескен құрылысшылар айналаны шаңға көміп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, шаңның қою болғаны сонша, көліктің ішінде отырып тыныс алудың өзі қиындаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода жұмысшының тротуар тақталарын су қолданбай кесіп жатқаны көрінеді. Қала тұрғындары мұның экологиялық талаптарға сәйкестігіне күмән келтіріп, мәселенің шешілуін талап етуде.

"Неге су пайдаланбайсыздар? Назарбаев — Абай көшелерінің қиылысында тақталарды кесу кезінде үлкен шаң көтеріліп жатыр. Көліктің ішінде отырып-ақ тыныс алу мүмкін емес, жаяу жүргіншілерді айтпай-ақ қояйық", “Абай — Қонаев көшелерінің қиылысы, қаланың орталығы. Таңнан кешке дейін айналаның бәрі шаң”, – деп жазды тұрғындар.

Желі қолданушылары мердігерлерді шаңды азайту үшін су пайдалануға шақырып, жұмысшылардың қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынын сынға алды. Кейбір тұрғындар тақта кесетін арнайы жабық орын ұйымдастыруды ұсынса, енді бірі мұндай көріністің қаланың бірнеше ауданында кездесетінін жазған.

Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы мәселені растады.

"Аталған фактілер бойынша мердігер ұйымға мұндай заңбұзушылықтарға жол беруге болмайтыны жөнінде бірнеше рет ескерту жасалды. Сонымен қатар экологиялық полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Оның ішінде айыппұлдар салынады. Құрылыс процесін ұйымдастыру, жұмыстарды орындау технологиясын сақтау, шаңды басу шараларын қамтамасыз ету және жұмысшылардың әрекеттерін бақылау мердігер ұйымның міндеттеріне жатады. Жол берілген заңбұзушылықтар үшін де сол ұйым жауап береді", — деп хабарлады басқарма.

Ведомство мердігерге бақылауды күшейтіп, брусчатканы кесу кезінде міндетті түрде су пайдалану және мұндай жағдайларға қайта жол бермеу тапсырылғанын жеткізді.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 09:43