Алаяқтар жүк тасымалдаймын деп хабарласып 60 миллион теңгенің көлігін ұрлаған: Полиция жүргізушілерге ескерту жасады

Полиция логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен түрлі жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтықтың жиілеп кеткенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқтар жүк тасымалдаушыларды іздеуге арналған танымал сервистерді, мысалы, Della және Fa-Fa.kz платформаларын пайдаланады. Көбіне Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне көлік немесе жүк жеткізу туралы хабарландырулар жарияланады.
Мұндай хабарландыру шыққаннан кейін алаяқтар тапсырыс берушілер мен автокөлік тасылмалдайтын жүргізушілерге WhatsApp арқылы хабарласады. Олар тапсырыс берушіге өздерін тасымалдаушы немесе жүргізуші ретінде таныстырса, жүргізушілермен жүктің иесімін деп танысады.
Екі тараптың да сеніміне кірген соң, алаяқтар тасымалдау шарттарын келіседі. Кейін көлік Алматыдан шыққаннан кейін ұрланған автокөлік немесе жүк басқа көлікке жасырын тиеледі. Содан кейін алаяқтар оны өз қалауларынша сатып жібереді немесе пайдаланады.
7 маусым күні Алматы тұрғыны полицияға қымбат көлігінің ұрланғаны туралы шағым түсірді. Оның құны 60 миллион теңге тұратын автокөлігі ұрланған.
ОқыңызІшкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел іздестіру шараларының арқасында полицейлер ұрланған көлікті тауып, заңды иесіне қайтарды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен басқа да ықтимал сыбайластары анықталуда.
Осындай қылмыстардың алдын алу үшін ІІМ азаматтарға мынадай кеңестер береді:
- Жүргізушінің жеке куәлігі мен көлік құжаттарын мұқият тексеру;
- Тасымалдаушының телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыру;
- Жол бағыты мен жеткізілетін соңғы мекенжайды алдын ала жеке талқылау;
- Интернеттен тасымалдаушы мен жүргізуші туралы пікірлерді өз бетінше қарап шығу.
Министрлік өкілдері егер қандай да бір күмән туындаса, құжаттарда сәйкессіздіктер анықталса немесе басқа да күдікті жағдайлар байқалса, тасымалдаушының қызметінен бас тартып, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау немесе криминалдық полицияның жақын жердегі бөлімшесіне жүгінуге шақырды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, азаматтардың қырағылығы мен полицияға дер кезінде хабарласуы қылмыстың алдын алуға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға көмектеседі.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады