Қазақстанда кредиттік рейтинг туралы жаңа заң күшіне енді
Қазақстанда 21 қазаннан бастап "Кредиттік рейтингтік қызмет туралы" заң күшіне енеді. Жаңа құжат рейтингтік агенттіктердің жұмыс тәртібін белгілеп, олардың қызметіне қойылатын талаптарды күшейтеді. Бұл өзгерістер компаниялардың қаржылық тұрақтылығын бағалаудың ашықтығын арттыруға және инвесторлардың сенімін нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Кредиттік рейтинг компанияның немесе ұйымның қаржылық міндеттемелерін орындай алу қабілетін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай рейтинг инвесторларға облигацияларды сатып алу немесе басқа да қаржы құралдарына қаражат салу кезінде тәуекелді бағалауға көмектеседі.
Рейтингтік агенттіктерге қандай талаптар қойылады?
Заңға сәйкес, Қазақстанда кредиттік рейтингтік қызметті тек тиісті талаптарға сай келетін рейтингтік агенттіктер жүзеге асыра алады. Олардың қатарына қазақстандық, халықаралық және шетелдік агенттіктер жатады. Халықаралық және шетелдік агенттіктер Қазақстанда қызмет көрсету үшін уәкілетті органның тану рәсімінен өтуі керек.

Халықаралық рейтингтік агенттікті танудың негізгі талаптарының бірі — оның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше кемінде бес елдің қаржы реттеушілері тарапынан танылуы.
Қазақстандық рейтингтік агенттіктерге де бірқатар талап қойылады. Олар рейтинг беру әдіснамасын әзірлеп, ішкі бақылау жүйесін енгізуге және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар рейтингтердің дұрыстығына күмән келтіретін жағдайлардың алдын алуы керек.
Заңда мүдделер қақтығысын болдырмауға да ерекше назар аударылған. Агенттіктер рейтинг беру кезінде акционерлердің, қызметкерлердің немесе басқа да мүдделі тұлғалардың ықпалына жол бермеуі керек. Ал рейтингтік бағалау барысында алынған коммерциялық құпия мен өзге де қорғалатын ақпаратты жария етуге заңда көзделген жағдайлардан басқа кезде тыйым салынады.
Қандай рейтинг түрлері болады?
Жаңа заңда рейтингтің бірнеше түрі қарастырылған. Олардың қатарында:
- Кредиттік рейтинг — ұйымның қаржылық міндеттемелерін орындау қабілеті мен кредиттік тәуекелін бағалау;
- Корпоративтік басқару рейтингі — компанияны басқару сапасын бағалау;
- Исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкестік рейтингі — ұйымның исламдық қаржы стандарттарына сәйкестігін бағалау;
- Егемен кредиттік рейтинг — мемлекеттер мен халықаралық қаржы ұйымдарының кредиттік қабілетін бағалау;
- Тұрақты даму рейтингі — ұйымдардың экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерге ұшырау деңгейін бағалау.
Заң басқа да рейтинг түрлерін қолдануға мүмкіндік береді.
Қандай компаниялар рейтинг алуға міндетті болады?
Жалпы алғанда, рейтинг алу ерікті. Алайда заңда кейбір ұйымдар үшін міндетті талап қарастырылған.
Үкімет белгілейтін өлшемшарттарға сәйкес келетін мемлекет қатысатын заңды тұлғалар кредиттік рейтинг алуға міндетті болады. Бұл норма 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа заң рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеп, олардың жұмысына қойылатын талаптарды белгілейді. Бұл қаржы нарығындағы бағалаудың ашықтығын арттырып, инвесторлардың шешім қабылдауына қажетті ақпараттың сенімділігін күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі борышкерлердің бұғатталған шоттарында күнкөріс минимумына тең қаражатты, яғни шамамен 50 мың теңгені сақтап қалуды ұсынғаны туралы жазған едік.
Төрт баласымен Ұлыбританияда докторантурада оқып жүрген қазақ отбасы шетелдегі өмірі жайлы айтты