Қазақстанда борышкерлердің шотында 50 мың теңге қалдыру ұсынылды
Қазақстанда қарызы бар азаматтардың банк шоттарын бұғаттау және олардан ақша өндіріп алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Ұлттық банк борышкерлердің шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең соманы сақтауды және қарызды тек бір банктегі шоттан бұғаттауды ұсынды. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Құрылтай депутаты Асқар Мұхаметовтің сауалына берген жауабында заңнамаға тиісті түзетулер енгізу ұсынылғанын мәлімдеді.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған. Ал үш айдан астам уақыт төленбеген несиелердің жалпы көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен.
Қазір қарыз қалай өндіріледі?
Қолданыстағы заңнамада банктегі қарызды өндіріп алудың екі негізгі жолы бар.
- Бірінші жағдайда банк төлем талабын қойып, клиенттің шотындағы ақшаның 50 пайызына дейін ұстап қала алады. Бұл ретте азаматтың шотында ай сайын кемінде екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат қалуға тиіс. 2026 жылы бұл сома 101 702 теңгені құрайды.
- Екінші жағдайда қарыз сот орындаушысының өкімі арқылы өндіріледі. Заң бойынша азаматтың жалақысы мен өзге де табысының 50 пайызынан астамын ұстауға болмайды. Сондай-ақ оның шотында кемінде бір ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат сақталуы керек. 2026 жылы бұл — 50 851 теңге.
Алайда бұл талаптың орындалуын қамтамасыз ету міндеті банктерге емес, сот орындаушыларына жүктелген. Сондықтан сот орындаушысының инкассолық өкімі түскен кезде банк құжатта көрсетілген соманы шоттағы барлық қаражат есебінен өндіріп алуы мүмкін. Тағы бір мәселе — сот орындаушыларының азаматтың бірнеше банктегі шотын бір уақытта бұғаттауы. Мұндай жағдайда бұғатталған қаражаттың жалпы көлемі нақты қарыз сомасынан бірнеше есе асып кетуі ықтимал.
Ұлттық банк қандай өзгеріс ұсынды?
Осы мәселелерді шешу үшін Ұлттық банк Әділет министрлігіне екі заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Олар — "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" және "Төлемдер мен төлем жүйелері туралы" заңдар.
- Ұсынылған өзгерістердің біріншісі бойынша, сот орындаушысының инкассолық өкімі орындалған кезде де азаматтың банк шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат сақталуы керек.
- Екінші ұсыныс банк шоттарын бұғаттау тәртібіне қатысты. Оған сәйкес, қарыз сомасын азаматтың тек бір банктегі шотында бұғаттауға мүмкіндік берілуі мүмкін. Ал басқа банктер сот орындаушысының бұғаттау туралы қаулыларын кері қайтаруға құқылы болады.
Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылып жатыр. Демек, өзгерістер әзірге ұсыныс деңгейінде, ал олардың күшіне енуі заңнамаға енгізілетін түзетулерге байланысты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қарызын өтей алмаған азаматтарға банкроттық рәсімін жеңілдететін өзгерістер енгізілгені туралы жазған едік.
Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдке шығуға әлі де мәжбүр екенін айтты: Оқу-ағарту министрлігі не дейді
