Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда жүргізушіні пара үшін босатып жіберген полицейдің өзі қамауға алынды

полиция пара жүргізуші сот
Фото: Видеодан скрин

Павлодарда полиция қызметкері жүргізушіден пара алып, оны жауапкершіліктен босатқан. Салдарынан өзі заң алдында жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға биыл мамыр айында Павлодар – Омбы тасжолында болған. Инспектор жүргізушіні тұтас сызықты басып, қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны үшін тоқтатқан.

Алты айға көлік жүргізу құқығынан айырылмау үшін тәртіп бұзған азамат туысына қоңырау шалған. Оның полицеймен таныстығы болып, жүргізушіні жіберуін өтінген. Инспектор келісім бергенімен, бұл қызметі үшін ақша сұраған. Хаттама толтырмау үшін ол 30 мың теңге талап еткен.

Жүргізушінің қасында мұндай ақша болмағандықтан, кейін аударып беруге уәде еткен. Алайда инспектор ақшаны ала алмаған. Кейін ол 15 мың теңгеге келісіп, ақшаны танысы арқылы алған.

Біраз уақыттан кейін бұл жағдай құқық қорғау органдарына белгілі болып, инспекторға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Нәтижесінде сотқа полицияның бұрынғы қызметкері мен ақша жеткізуге көмектескен делдал келген.

Сот баспасөз қызметінің жетекшісі Агидель Ибраеваның мәліметінше, бұрынғы полицей қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Оған пара сомасының 50 еселенген мөлшерінде, яғни 750 мың теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Делдал да кінәлі деп танылып, оған пара сомасының 15 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалған. Айыппұл сомасы – 225 мың теңге. Ол да мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Алматыда полиция 52 жастағы полковнигі Жанна Жақыпбаева танысынан 200 мың теңге пара алғаны үшін қызметінен айырылған еді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 08:20